14.10.2022, 23:52
Оқылды: 72

Батырлар жүр арамызда

19 қазан – Құтқарушылар күні 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар органдарының құрылғанына 27 жыл толып отыр.

3FB36E2B-1139-4DB8-95E8-6C0382653B68

Осы уақыт ішінде елімізде мемлекетіміздің аумағындағы, сондай-ақ одан шеткері жатқан жерлердегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша тапсырмаларды жоғары деңгейде шешуге қабілетті, жедел әрекет ететін қуатты және шұғыл жүйесі қалыптасты.

Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің беделі жоғары. Олардың кәсібилігі, жұмысқа деген адалдық пен ерліктерінің арқасында мыңдаған адамның өмірі құтқарылды.

Қандай қайғылы, қасіретті оқиға болмасын, бар күш-жігерін салып құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген еліміздің құтқарушыларының еңбегі олар аман-есен құтқарған адамдардың алғыстарымен бағаланады.

24 сағат – қызметте

Құтқарушы қызметі – бүгінгі қоғамдағы ең құрметті мамандықтың бірі. Адам өмірін құтқару – өте жауапты миссия. Халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігі мен апаттық жағдайға жол бермеуді қадағалайтын төтенше жағдайлар қызметкерлерінің қызметі жауапкершілікті, ерлік пен батылдықты талап етеді.

9D2E24A9-4E57-49BB-BEBB-BE045EDD6A04

От пен су, зілзала мен дауыл тап бергенде қауіпті ошаққа бірінші болып аттанатын адам – құтқарушы. Далада адасқанға, тауда жоғалғанға да көмек беруге құтқарушылар аттанады. Зардап шеккен адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, тез арада қауіпсіз жерге жеткізудің тиімді жолын табудан бастап, апаттан абдырап, есі кеткен жанды сабырға шақырып, психологиялық көмек беруге дейін меңгерген құтқарушылар – әмбебап мамандар. Бұл салада тек үлкен жүректі, білімді де білікті, кез келген жағдайға әзір, тәжірибелі адамдар қызмет етеді.

Біздің Теректі ауданында арнайы құтқару қызметі жоқ. Өрт пен судан құтқару қызметін Теректі ауылындағы №25 өрт сөндіру бөлімі, Ақжайық ауылындағы 12 өрт сөндіру бөлімі атқарады. Сарыөмір ауылында, Шалқар көлінде құтқару бөлімшесі бар. Байқап отырсам, жыл басынан бері аудан бойынша 30 өрт оқиғасы тіркелген екен. Алты рет авариялық-құтқару жұмыстары жүрген. 105 гектар жер дала өртіне оранған. Құрғақ шөп өртенуі, қоқыс жануы ең жиі болатын оқыс оқиғалар. Ең өкініштісі,  4 рет адамның суға кетуі болыпты. Осы жағдайлардың бәрінде біздің құтқарушылар жүрді. Апатты жойғаннан, оның алдын алған дұрыс. Бұл орайда біз қамсыз емеспіз. Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері қауіпсіздікті бақылау, алдын алу шараларын тұрақты атқарады. Мәселен, өткен тоғыз ай ішінде өрт қауіпсіздігі саласында 105 тексеру жүргіздік. Нәтижесінде 58 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жылдың төрт мезіліне орай ауыл-аула аралап, тұрғындардың есіне қауіпсіздік шараларын салып отырамыз. Қазір жылыту кезеңі басталуы алдында тұрғын үйлердің пеш-қазандықтарын тексеріп, жылыту электр қондырғыларын қолданудағы қауіпсіздікті пысықтап жүрміз. Төтенше жағдайлар қызметкерлері, құтқарушылар үшін науқандық мерзім деген түсінік жоқ. Біз жыл он екі ай бойы, тәуліктегі 24 сағат бойы қызметтеміз. Осындай жүгі ауыр қызметте жүрген азаматтарды кәсіби мерекесімен құттықтап, мықты денсаулық, берекелі ғұмыр тілеймін. Атақ пен шенді емес, адам өмірі мен абыройды бірінші орынға қойған қызметтестерім, әр күніңіз дабылсыз, тыныштықта өтсін, - дейді Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі басшысы Жарас Көпжасаров.

«Ұлдарымның құтқарушы болғанын қалар едім»

4997C683-ADB3-42DF-9074-CEDF28F4C1CA

Ақжайық ауылының тумасы Әбіл Нахметов – жас та болса әбден ысылып қалған құтқарушы. Дабыл түскен кезде өрт орнына тез жету осы Әбілдің қолында. Ол – өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі.

Өзінің айтуынша, құтқарушы қызметіне келуіне бауыры Салауат Изделеев себепкер болған. Еркін күреспен айналысып, мінезін де, денесін де шынықтырған жігітке құтқарушы қызметін меңгеру қиын болмаған. Оның үстіне әскерде болып, арнайы дайындықтан өткені де үлкен көмек болды.

2013 жылдың қысында төтенше жағдайлар қызметіне орналасқан Әбіл Амангелдіұлының өрт сөндіруші болғанына он жылдың жүзі болып қалған.

Сөзге ұсталығы жоқ, істің адамы Әбілге «Он жылдың ішінде есіңізде қалған оқиғаны айтып беріңізші» деген базынама «Оқыс оқиғаның қай-қайсы да есте қалады. Әсіресе, дала өрттері кезінде арпалысамыз. Ал ерекше есімде қалғаны менің Орал қаласында жұмыс жасап жүрген кезімде болды. Түс уақытында бес қабатты үйдің төртінші қабатында өрт шығып жатыр деген соң шұғыл бардық. Барсам, өзім тұрып жатқан үй екен. Ал өртеніп жатқан пәтердің біреуі менікі. Өртке әлі үйренісе қоймаған кезім. Абдырап қалдым. Әйтеуір, сөндірдік қой» деп еске алды.

Ол шиындығы мол, қауіпті жұмыста небір гектарлаған жерді жалмаған өртті, адамның жиған-тергенін күл еткен алапат жалынды ауыздықтауға қатысып жүр. Өрт қауіптілігі жоғары жаз айларында кезекке қарамастан дала өртін сөндіруге кетіп, тәуліктеп жүретін кездер болып тұрады. Жан жары Ұлпан Қайратқызы ерінің күн-түн демей, бір сәтте жылы орнынан тұрғызып алып кететін қауіпті де жауапты қызметіне түсіністікпен қарайды.

Аға сержант, жүргізуші Әбіл Нахметов бүгінде туған ауылында, №12 өрт сөндіру бөлімінде өзіне үлгі болған ағасы, өрт сөндіруші, бөлімше командирі Салауат Исмағұлұлымен бірге қызмет жасайды. Бір әулеттен екі бірдей құтқарушы шығуы отбасы діңгегінің мықты екенін білдірсе керек-ті. Екі ұл өсіріп отырған Әбілдің өзі  «Ұлдарымның құтқарушы болғанын қалар едім» деп отыр. Ендеше, Ақжайықта құтқарушылар әулеті өркендесін.

Тілегеннің тілегі

Табиғаттың сыйы, Теректінің маржаны Шалқар көлі жағасында Сарыөмір деген ауыл бар. Сол ауылда құтқарушы жігіт Тілеген Оразов дүниеге келген.

Көзін ашқаннан су айдынын көріп өскен Тілегеннің құтқарушы болуы заңды да болар-ау.  Бұл қызметке ол 2015 жылы келген екен. Содан бері Шалқардың әр шаршы метр жерін жаттап алғандай.

– Айналамда бұрын-соңды құтқарушы болып қызмет еткен адам жоқ. Өзім «қайратым жетеді» деп құтқарушы болуға бел байладым. Қызметке кірместен бұрын дайындықтан өттім. Алдымен  қашықтыққа жүгіру, белтемірге тартылу сияқты дене дайындығын тексерді. Содан соң арнайы мамандандырылған құтқару жұмыстарын меңгердік. Соның ішінде судағы адамды құтқару, қайықпен жүзу, автокөлік апатына ұшырағандарға көмек көрсетуді үйрендім. Қаншалықты меңгергенімізге байланысты біліктілігімізді тексеріп, содан соң ғана құтқарушы қызметін атқаруға рұқсат берілді, - деп мамандығына қалай келгенін айтып берді ол.

Бір қарағанда тек жазда ғана ел жиналатын Шалқар көлінде оқыс оқиға болмайтындай көрінеді. Десек те, олай емес екен.

– Осыдан екі-үш жыл бұрын қараша айында әлі мұзы қатпай, қызыл су болып жатқан Шалқар көлінің үстіне қайықпен ауылдың екі жігіті шығып, соларды құтқарғанымыз бар. Қос құрдас – Бақытжан Нығметов пен Нұрлат Ислямов балық аулаймыз деп жағадан 200 метрдей алыстаған. Содан қайық қызылға тіреліп, құрсауда тұрып қалды. Жанұшырған екеу құтқарушыларға қоңырау шалды.№5 шұғыл құтқару жасағының сарбаздары – Темірбек Уахитов пен Диқан Құттыбаев оқыс оқиғаға душар болған балықшылардың қайығын тіркемелеп, жағаға жеткізді, - деп еске алған Тілеген Ермекұлы  қызметтес Диқан Құттыбаевтың екі жыл қатарынан «Қазқұтқару» кешені тактикалық оқу-жаттығуына барып, жүлдегер болғанын мақтанышпен айтты.

Бүгінде Шалқар көліндегі №5 шұғыл  құтқару бөлімшесінің басшысы қызметін атқарып жүрген Тілеген Оразов жазда Шалқарда жеткіншек бала суға кеткенде де құтқару жұмыстарына қатысыпты.

– Оқиғаның қаралы аяқталғаны өкінішті. Адамдардың өз өміріне, жақындарының өміріне салғырт қарайтыны салдарынан осындай қайғылы жағдай болады. Сондықтан әр адамды судағы, жолдағы, тұрмыстағы қауіпсіздік шараларын орындауға шақырамын, - деген ол әр төтенше жағдай жайлы аяқталып, оқыс оқиғалардың адам шығынынсыз болуын тілейді.

 Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале