17.10.2022, 9:30
Оқылды: 230

Түркі халықтарының түбі бір

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Қыпшақтанудың өзекті мәселелері» атты ғылыми семинар өтті.

0H1A8628

Аталған жиынға сонау Венгриядан келген этнография ғылымдарының докторы Агоч Грегор мен филология ғылымдарының докторы Давид Кара Сомфайқатысты. Сонымен қатар аталған университет оқытушылары – филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, филология ғылымдарының кандидаттары Айгүл Раманова мен Әскен Мұханбетқалиев және тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Жасқайрат Ерназаров тақырып төңірегінде ой бөлісті. «Түркітану және Алтайтану» ғылыми орталығының жетекшісі Мұрат Сабыр шетелдік ғалымдарды таныстырды.

– Құрметті қонақтар, қош келдіңіздер! Өздеріңізге белгілі, кезінде шығыстану ғылымынан бөлініп шыққан түркітану ғылымы ХVIII ғасырдан бастап жан-жақты зерттеліп, қалыптасты. Осы ғылымның басында ресей­лік шығыстанушы ғалым Василий Радловтың тұрғанын білеміз. Түркі халықтарының тарихын зерттеп, түркітанудың қалыптасуына ғалымның сіңірген еңбегі зор. Атап айтсам, түркі халықтарының ішінде қазақ әдебиетіндегі көркем шығармалардың түбіне үңіліп, сөздік қорларды жинастырған. Яғни түркітану ғылымын тұтас қарастырған болатын. Бұған дейін тұтас түркі халықтарының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен мәдениет-музыкасы жеке-жеке қарастырылып, түпкі негізінен ажырай бастаған. Бұл ғылымның басты мақсаты – түркі халықтарын тұтас қарастыру. Әр ұлттың белгілі бір кезеңдерде көрген тауқыметі тілдеріне де әсер етпей тұрмады. Кезінде мұндай мәселені көтеруге тыйым салынған еді. Алайда 1990 жылдан бастап біздің бірқатар ғалымымыз осы мәселені зерделеп, ойын ашық айта бастады. Сондықтан да түркітану, оның ішінде қыпшақтану ғылымы тілдік жағынан кеңінен қарастырылуда. Осы орайда биыл Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық университетте қазақ тілі мен әдебиеті, қыпшақтану мамандығының ашылғанын айта кету керек, – деді Мұрат Бөкенбайұлы.

Жиырма тілді меңгерген венгриялық ғалым Давид Кара Сомфай жиналған жұртпен қазақ тілінде еркін амандасып, өзін кеңінен таныстыруға көшті.

– Бала кезімізде қыпшақтың Қотан деген батырын көп еститінбіз. Біздің жақта ол кісінің ержүректігі ерекше дәріптеледі. Жалпы тарихқа көз жүгіртсек, қыпшақтарды ХІІІ ғасырда ата тұрағынан көшіп, мекен ауыстырған деседі. Не себепті қоныс аударғаны мені қызықтыратын. Кейін тарихи әңгімелер арқылы көп дерекпен таныстық. Қыпшақтардың өзі даланы мекендейтін және тоғайға, тауға тұрақтағандар болып бөлінеді. Бірде бір белгілі ғалыммен кездесіп қалып, қыпшақ тілінің қолданыс аясының неліктен тарылып қалғанын сұрадым. Сонда ол кісі маған ХІІІ ғасырда Венгрияға көшкен қыпшақтардың венгрлермен араласуының себебінен болғанын айтқан. Әрине, қисынға келетін жауап. Айта кетейін, қыпшақтардың тілінен тамыры бөлінбеген үш халық бар. Ол тізімге ноғайлар, қазақтар және қарақалпақтар жатады. Міне, осы халықтардың ықпал етуімен қыпшақ тілі жойылып кетуден аман қалды десем, артық айтқаным емес. Бұл тілдердің жақындығын өзім де сезіндім. Оған себеп – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Венгриямен студент алмасуға келісімін жасады. Осы бағдарлама аясында алғашқы студенттер 1993 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық университетке оқуға келдік. Қазақ тілін меңгеру маған аса бір қиындық  тудырмады, – дейді ол.

Тарихтың кейбір бізге беймәлім қырлары ашық айтылған жиында түркі халықтарының музыкасының бірдей нұсқалары бар екеніне де көз жеткіздік. Бұған түркі халықтарының музыкасын, салт-дәстүрін зерттеп жүрген Агоч Грегор тоқталып, бейнекөрсетілім арқылы біраз тың ақпаратты ортаға салды. Сонымен қатар қазақтың ұлттық аспабы – домбыраға, бір қарағанда қобызға да ұқсас «кобос» аталатын аспабымен қыпшақтың әнін шырқады. Одан кейін Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері қазақтың ән-термелерінің шығу тегін баяндап, ерекше етіп орындап берді.

Осы іс-шараға домбырасын арқалай келген Артур Нұрмұханбеттің балалық шағы Ресейдің Саратов қаласында өткен. Орал қаласында тұрақтап қалғанына бірнеше жыл өткен Артур да түркі тілдес халықтардың ішінде ноғай, қазақ, қыпшақ және қарақалпақ тілдерінің туыстас, ұқсас екенін айтты. Домбырасын шертіп қалды да, қыпшақтың «Қаңлы» деген әнін шырқап, тұла бойымызды шымырлатып жіберді. Жиын соңында профессор Мұрат Сабыр Венгриядан келген ғалымдарға алғыс айтып, кітаптарын  табыстады.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале