17.10.2022, 10:00
Оқылды: 35

Жәрмеңкеден жәрдем мол

Сәрсенбі күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қала әкімдігімен бірлесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жалпы мұндай іс-шараның негізгі мақсаты – тұрақты, уақытша немесе қашықтан (удаленно) жұмыс іздеушілерге жәрдемдесу және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту бойынша кеңес беру. Осы іске жауапты құзырлы құрылымдардың мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша жыл басынан бері тіркеуге алынған 10 мыңдай жұмыс іздеушінің 3 мыңға жуығы еңбекке тартылған. Мұның сыртында 300 адам қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтіп, мамандық жаңартыпты. Қазіргі күні олардың 98%-ы соңғы алған кәсібінің нәсібін көруде екен.

1 (19)

– Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі – жұмыссыздықтың алдын алу, жұмыс беруші мен іздеуші арасында тікелей байланыс орнату һәм соған мүмкіндік туғызу. Осы мақсатта биыл өңірімізде  бос жұмыс орындары жәрмеңкесі отыз рет ұйымдастырылса, жыл соңына дейін тағы бесеуін өткізбек ниеттеміз. Ал бүгінгі іс-шараға 40 жұмыс беруші қатысып отыр. Бұл жолы байқағанымыз – көлік жүргізушілерге, дәнекерлеушілерге, слесарь-жөндеушілерге, электриктерге сұраныс басымдау. Әрі жұмыс іздеушілер қатарында Ресей азаматтары да бар. Еліміздің Еңбек кодексіне сай оларды қабылдау-қабылдамауды сұраныс  беруші тарап өзі шешеді, оған біз тікелей ықпал ете алмаймыз. Тек қайта даярлау курстарына өзге мемлекеттің адамдары жіберілмейді, яғни бұған заң тұрғысынан рұқсат етілмейді, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаев.

Сонымен, жәрмеңкеде әлгінде айтылған мамандықтарға қоса, жиһаз құрастырушысы, жүк тасушысы бар 500-ге тарта бос орын «өз адамын» күтті. Әрине, бір күнде осыншама жанның жолы болып, табыс көзін тауып жатса, қуаныш қой. Бірақ жағдай біз ойлағаннан мүлде басқашалау болып шықты. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, еңбекке ынтасы бардың біліктілігі сәйкеспейді немесе мамандығы келмейді, не қойылатын талап көңіліне жақпайды, ол жағы үйлесім тапса, жұмыс іздеушінің еңбекақыға көңілі толмайды. Осы ретте жұмыс берушілер 100 мың теңге шамасында еңбекақы ұсынғанын айта кетелік.

Қорытынды мәлімет бойынша екі жүздей адам жәрмеңкеде төбе көрсетті. Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының мәлімдеуінше, олардың бәрі бірдей екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер емес екен. Бірі кәсібі бола тұра, өзге салада бағын сынамаққа талпынса, келесісі ыңғайы келсе, қосымша жұмыс көзін іздейді. Үшіншісінің ойы – жалақысы көп жаққа ауысу. Дұрыс-ақ, ебін тауып, адал еңбекпен тұрмысын оңалтуға қам-қарекет жасағанды кім сөгеді?!

Біз тілдескен 29 жастағы Айжарқын Шоқалақова өз ойын былайша сабақтады:

– Менің негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Атырау қаласындағы педагогикалық колледжді бітіріп, сол жақта мамандығым бойынша бір жыл қызмет атқардым. Туған топыраққа оралғаннан кейін бірқыдыру уақыт балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып еңбекке араластым. 2019 жылы азаматым қайтып, бір қызыммен қалдым. Бүгін жолым болып, №5 емханаға хатшылық қызметке жолдама алып жатырмын. Бәрі өзіңе байланысты ғой, ертеңгі күнді тағы көрерміз. Жағдайымды түсінген жұмыспен қамту орталығының мамандарына көп-көп рақмет! – деді ол.

Жәрмеңке! Бағы шауып, мамандығы келіскен адам үшін зор мүмкіндік. Алда да осындай бес байқау барын жоғарыда айттық. Терлемесең, теңге жоқ, іздемесең, жұмыс тағы жоқ. Құлағыңыз түрік жүрсін, жерлестер!

Бауыржан Махутұлы,  

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале