Қазанның 14-і мен 16-сы аралығында Бөрлі ауданы Ақсай қаласында 2007-2008, 2009-2010, 2011 жылдары туған және одан кіші жасөспірім волейболшылар арасында күзгі облыс чемпионаты өтті. Волейбол ойынын одан әрі дамытып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, үздік спортшыларды анықтап, әр жастағы ұлттық құрама сапына енетін волейболшыларды іріктеу жарысы қазанның 25-і күні тойланатын Республика күні мерекесіне орайластырылды.
Байрақты бәсекеде Орал қаласы мен Бөрлі, Ақжайық, Бәйтерек, Казталов, Сырым, Тасқала және Шыңғырлау аудандарынан келген 130-дан астам спортшы бақ сынады. Екі күн бойы волейболсүйер ағайынға спорт мерекесін сыйлаған балғын әуедопшылар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, шеберлігі шыңдалып, әр ұпайға ұқыпты қарап, әр допқа соңына дейін таласатын 2007-2008 жылғы волейболшылардың ойыны қызық болды.
Жарыс қорытындысында 2011 және одан кіші балғын волейболшылар жарысында үшінші орын Бөрлі, екінші орын Ақжайық ауданының командасына бұйырса, облыс чемпионы атағын Оралдан келген команда қанжығалады. Ал 2009-2010 жылғы волейболшылар жарысына келсек, бұл сынның қола жүлдесін шыңғырлаулықтар, күміс жүлдесін бөрліліктер жеңіп алса, Орал командасы тағы да жеңімпаз атанды. Көпшіліктің қызығушылығын туғызып, әдемі ойын көрсеткен 2007-2008 жылғы волейболшылар додасы Орал қаласының бірінші командасының жеңісімен аяқталды. Екінші орын Бөрлі ауданына бұйырса, үшінші орынды Орал қаласының екінші командасы иеленді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыстық спорт басқармасының диплом және медальдарымен марапатталды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz