18.10.2022, 9:30
Оқылды: 77

Аутор мен кейіпкер оқырман ортасында

Тоған ауылы табиғаты тамаша жерде орналасқан. Айналасы атшапырым айдын су іргеде айнадай жалтырап жатыр. Әудем қашықтықтан қаздардың қаңқылдағаны, аққулардың сұңқылдағаны естіледі. «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» төңірек мәңгі толастамас тіршілік әнін шырқап тұрғандай әсер қалдырады. Иә, кезінде «Алғабас» кеңшары бір бөлімшесінің орталығы болған Тоған ауылында қазір бір топ еңбек ардагері ғұмыр кешіп жатыр. Сол аға буынның ұрпақтары өмір атты ұлы көштен қалмай, өз бақыттарының  іргетасын қалауда.

2020_07_08_341352

Тоған ауылында балабақша, бастауыш мектеп, кітапхана, медициналық пункт қалыпты жұмыс істейді. Әр үйде теледидар сайрап, көгілдір отынның алауы жайнап тұр.

«Үйіңнің алдында төбе болса, ерттеулі атпен тең, ауылыңда қария болса, жазылған хатпен тең» дегендей, Тоған ауылында есімі алыстарға белгілі еңбек ардагері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Нәсіпқали Қайырқомов отбасы. Ауылдағы аға буын өкілдері бұл кісіні көптен біледі. Аралас-құралас. Бұл адам туралы бала кезден бірге келе жатқан досы ақын Айтқали Нәріков екі кітап жазды.

Нәсіпқали атаның өмір және еңбек жолын кітаптан оқығаннан кейін, тоғандықтар көп жайттарға қанығып, қарияға деген құрметтері арта түсті. Жастар жағы кітапта баяндалған оқиғаларды ертегідей қабылдағаны да шындық. Содан, тоғандықтар кітап ауторы ақын Айтқали Нәріков және кітап кейіпкері Нәсіпқали Қайырқомовпен кездесу ұйымдастыруды әңгіме ете бастады. Біз, кітапханашылар ақын Айтқали Нәріковтың өзін де, шығармашылығын да жете білеміз. Ал Нәсіпқали Қайырқомовты жақсы мағынасында «кітап кеміріп, журнал жастанған» жан ретінде танып, мойындаған болатынбыз. Жасы сексенді орталаған ақсақал ауылдық, аудандық кітапханаларды айтпағанда, көптен бері облыстық кітапханалардың тұрақты оқырманы. Бір мысал, Қытай халық республикасындағы классик қазақ жазушысы Қажықұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романын бірталай қаржы жұмсап, пошта арқылы алдырып, түгел оқып шығып, үйіндегі қонақтарға мазмұнын әңгімелеп отырғанының куәсі болдық.

Белгіленген уақытта аутор мен кейіпкер Тоған ауылындағы кітапханаға келді. Тоған ауылының тұрғындары кітапхананың шағын бөлмесіне жиналды. «Көңіл жетсе, бәрі жетеді» дегендей, ешкім таршылықты сезінген жоқ. Бұл кездесуді ауылдық округ орталығы Алғабас ауылында да өткізуге болатын еді. Тоғандықтардың тілегін орындауға тура келді. Ауылдағы бір қолдың саусақтары санына жетпейтін зиялы қауым өкілдері мұқият даярланыпты. Алғабас ауылдық округіне қарасты кітапхана қызметкерлері де көмек қолын созып, кездесудің жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. Тегісжол ауылдық кітапханасының кітапханашысы Дәмелі Бисенғалиева ақын Айтқали Нәріковтың шығармашылығына шолу жасады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы мен жетпісінші жылдарының басында әдебиетке келген қаламгердің тұңғыш өлеңдер жинағы 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Содан бергі жылдар бедерінде оның жиырмаға жуық поэзия, проза, публицистикалық кітабы оқырманға жол тартты. 2021 жылы ақын Айтқали Нәріков халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.

Ұзақ жыл бойына журналистік қызметте болған ол, облыс көлемін шарлап, алуан адамдармен кездесіп, еркін сұхбаттасып, шығармаларына қажетті дәйек-деректерді жинастырды. Өлеңдермен қатар, бірнеше прозалық және очерктер кітабын шығарды. Айтқали Нәріковтың жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдолов туралы жазған «Барлаушы» повесін ақжайықтықтар жылы қабылдады.

Иә, ақын Айтқали Нәріков және еңбек ардагері Нәсіпқали Қайырқомовпен кездесу барысында жеткіншектер өлең оқып, ән шырқады. Қонақтармен қатар, балалардың ата-аналары ойлы, өнерлі, мәдениетті ұрпақ өсіп-жетіліп келе жатқанының куәсі болды. Тәжірибелі ұстаз Ұлбөпе Исимова тәрбиелеген бөбектер бастауыш мектепте үздік және жақсы бағалармен оқып жүр.

Жаңажол ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлбаршын Зейнетова, Тоған ауылдық кітапханасының кітапханашысы Харниса Батырғалиева Қазақстан Жазушылар одағының байырғы мүшесі, белгілі ақын Айтқали Нәріковтың еңбек ардагері Нәсіпқали Қайырқомовтың өмір жолын арқау еткен «Үлкен үйдің иесі» және «Дала дарабозы» деректі проза кітаптары туралы ой өрбітті.

Кітаптың ауторы мен кейіпкері кезінде Тасқала ауданының Оян ауылындағы орталау мектепте бір жылдай бір сыныпта оқыды. Нәсіпқали Қайырқомұлы еңбекке ерте араласты. Ұжымшар, кеңшарда қатардағы қара жұмысшы болып еңбек жолын бастап, қой да бақты, сиыр да бақты. Ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы, яғни екі бірдей техникумды бітіріп, ірі қара мал бордақыланатын кешенді басқарды. Бірталай уақыт стратегиялық маңызы зор су қоймасының тетігін ұстады. Бертініректе заман талабына орай «Нұртілек» шаруа қожалығын құрып, төрт түлікті өсіруді қолға алды.

Аутор мен кейіпкер алпыс бес жыл бойына ірге ажыратпай, достық қатынаста келе жатқандықтан, екі кітап та шынайы шыққан. Деректі прозада көркем прозадай ойдан шығарылған оқиғаларды қоса алмайсың. Дәлдік керек. Сонымен қатар оқырманды жалықтырмай, жетелеп отыратын шымыр сюжет қажет. Мол тәжірибелі қаламгер діттеген жерінен шыға білген. Оқырманның көз алдынан кейіпкердің балалық шағы, жалындаған жастық кезеңі, ел ағасы болған тұсы, егделікке бет бұрғандағы өмір белестері тізбектеліп өткендей болады. Аутор тура мағынасында әлі аттан түспеген, тынымсыз жұмыс істеп жүрген қарияның бейнесін есте ұзақ сақталатындай етіп сомдай білген.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еңбекті алдыға шығарып, елдің дамуына еселеп үлес қосуға шақырғаны баршаға аян. Иә, еңбек қана адамды, барша адамзатты алға жетелесе керек.

Қаламгер және еңбек өтілі жетпіс жылдан асып бара жатқан ауыл ақсақалымен кездесуден жас та, жасамыс та үлкен ғибрат алды деп ойлаймыз. Кездесу қорытындысында Алғабас ауылдық округінің әкімі Темірболат Есенғалиев мұндай мазмұнды шараларды алдағы уақытта да өткізе беруге болатынын айтып, ақын Айтқали Нәріков пен еңбек ардагері Нәсіпқали Қайырқомовқа жиналғандар атынан алғыс айтты.

Шынар Болатова,

Алғабас ауылдық кітапханасы комьюнити-орталығының кітапханашысы,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале