19.10.2022, 14:46
Оқылды: 51

Мәуліт мерекесі тойланды

Мәуліт мерекесіне орай Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімі, «Кәусар» діни қоғамдық бірлестігі, аудандық мұсылмандар мешіті, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Жәнібек спорт клубы бірлесіп, «Жайлау» ат спорты кешенінде ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырды. Жүлделі додаға қатысушылар қол күресі, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ және эстафеталық жарыстардан сынға түсті.

IMG_0934

Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев қатысып, барша тұрғындарды айтулы мейраммен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Уәлиев те Мәуліт мерекесімен құттықтап, ақ батасын берді. Өз кезегінде аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат Абдуғалиев Құран оқып, Мәуліт мерекесін жоғары деңгейде атап өтуге шақырды.

Кешен алаңында киіз үй тігіліп, қазан-ошақ құрылды. Дастархан жайылып, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі туралы уағыз-насихат айтылды.

IMG_1004

Жарыс нәтижесінде, қол күресінен ІІІ орынды жақсыбайлық Еламан Жүсіпов, ІІ орынды жәнібектік Серік Самодиянов, жүлделі І орынды таулық Хамиев Нұрхат иеленді. Дәстүрлі садақ ату сайысынан Есенболат қажы Абдуғалиев ІІІ орын, жәнібектік Мирсайд Азимов ІІ орын, ұзынкөлдік Мержан Теміржанов І орынды қанжығасына байлады. Мешіт жамағаты арасында аударыспақтан ІІІ орынға жақсыбайлық Марлен Бисеков, ІІ орынға тайғаралық Дарын Мұсаев, І орынға жәнібектік Рүстем Қойбағаров ие болды. Сонымен қатар аударыспақтан 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жүлделі ІІІ орынды өнегелік Оралхан Ғаббасов, ІІ орынды ақобалық Бекарыс Бейбітұлы, жүлделі І орынды жәнібектік Бейбіт Аронов иеленді. Эстафеталық жарыстың нәтижесінде Жәнібек спорт клубы командасы І орын, Ұзынкөл жамағаты командасы ІІ орын, Жәнібек жамағаты командасы ІІІ орын алды. Барша жүлдегерлерге медаль мен диплом табысталып, ақшалай сыйлық берілді.

IMG_0998

Дода жаппай көкпармен жалғасын тауып, білекті де жүректі жігіттер сынға түсті. Салым сайын 2 мың, 5 мың, 10 мың теңгелік ақшалай сыйақы табысталып отырды. Өгіз өлді салымын Оралхан Ғаббасов тастады.

Көкпардан кейін аудандық мешіт жанындағы сауат ашу орталығында дастархан жайылып, мешіт жамағаты мен көкпаршы жастар серкенің қуырдағынан дәм татты.

Аудандық мешіттің бас имамы Есенболат қажы осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуге шақырды.

Бақытжан Серіков,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале