19.10.2022, 11:46
Оқылды: 121

Әскерге барғандарға жеңілдік беріледі

Қазақстан әскері қатарында ел тыныштығы үшін қызмет ету – әрбір азаматтың парызы. Мерзімді негізде Қарулы күштер сапына тұрған азаматтар бір жыл бойы әскери өмірдің қыр-сырын үйренеді. Әскерге жастар жылына екі мәрте – көктемде және күзде шақыртылады. Дәл қазір бозбала-жігіттерді әскерге шақырудың күзгі шаралары атқарылуда. Осы орайда Теректі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Қадырбек Бегманов кезекті мерзімдік шақырту, әскерге алыну тәртібі жайында:

4

- Елімізде күзгі әскерге шақырту қыркүйек айында басталды. Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 4 наурызындағы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару, «Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» №827 Жарлығына сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, жиырма жеті жасқа толмаған және әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткермеген азаматтар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына және басқа да әскери құралымдарға азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілуде.

Биылғы күзде жоспар бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскери есебінде тұрған 50-ге жуық теректілік мерзімді әскери қызметке шақырылады. Қыркүйекте жоспарға сәйкес медициналық тексерісте жарамды болып танылған азаматтар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери командаларына аттанды. Қазір Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскеріне командалар жасақталса, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің және Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланының әскери бөлімдеріне жастар жинақталуда. Қазіргі жағдай бойынша әскери командалар жоспарға сәйкес толық жасақталуда, - деген мәлімет берді.

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде «Әскерге кеткен бала майып болып оралды», «сау кеткен баланы табытпен алып келіпті» деген хабарларды естіп, жанымыздың түршігетіні жасырын емес. Сондайда кейбір ата-ана «бермеймін әскерге» деп жатады. Оны естіген жас та қаймығып, әскерге барудан жалтарып немесе бас тартқаны болады. Осы жөнінде сөз қозғағанымызда «Біздің ауданда ондай жағдай болған емес. Мерзімді әскер қатарына шақырылған азаматтар Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруда. Жалпы, ер баланы әскерге ерте бастан дайындау керек деп ойлаймын. Бұл орайда мектептегі алғашқы әскери дайындық сабақтары, әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған шаралардың берері көп.  Әр жас жігіт Отан қорғаудың маңызын түсініп, әскерге баруға дайын болуы үшін ата-аналары рухани дайындауы керек. Сонымен қатар азамат әскерден әдейі жалтарса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын біліп жүрсін. Егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру пунктіне өз еркімен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады», - деді Қадырбек Төребекұлы.

Айтпақшы, әскерден жалтарғанға жаза болса, ендігі жерде әскерге барғандарға үлкен жеңілдіктер болады екен.

Мәселен:

  1. Мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматтарға ҰБТ-ны есепке алмай ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беру;
  2. Жауынгерлік, тәрбие және идеологиялық даярлықта жоғары көрсеткіш көрсеткен мерзімді әскери қызметшілерге ЖОО-ның гранты есебінен тегін жоғарғы білім алуға, сонымен қоса ҰБТ-ны есепке алмай Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсуге мүмкіндік беру;
  3. Мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматтарға ЖОО әскери кафедрасына гранттық негізде емтихансыз түсуге құқық беру;
  4. Мерзімді әскери қызмет өткерген әскери қызметшілердің балаларына емтихансыз әскери оқу орындарына түсуге және ЖОО-ның грантын алуда басымдық беру.

Бұл жеңілдіктерді 2023 жылдан бастап іске қосу жоспарланған.

Яғни, әскерге барған жас жігіт өз борышын атқарғаны үшін жеңілдік алады. Дәл қазір мерзімді әскерге шақыру жүріп жатыр.

«Әскерге шақыру бойынша, келісім шартпен қызмет ету жөнінде немесе басқа да сұрақтарыңыз болса, байланыс телефонымыз 21-3-41, 23-1-14. Толық ақпарат беруге әрқашан дайынбыз», - дейді Теректі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Қадырбек Бегманов.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале