Таяуда Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаеваның «Капустин Яр» әскери полигоны: Қазақ депортациясы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
«Ғалымдар кітапханада» жобасы аясында іс-шараны М.Өтемісов атындағы БҚУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабек Жақсығалиев жүргізді.
Оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың лентасын тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Тасмағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Сдыков, БҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Габбас және Орал қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы БҚО филиалының төрағасы М.Әнесов кесіп, кітап туралы жылы лебіздерін білдірді. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Әбжанов пен тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің профессоры М.Каримов тікелей эфир арқылы кітаптың құндылығын атап өтті.
«Капустин Яр» әскери полигоны: Қазақ депортациясы» кітабында бейбіт күнде атамекені әскери сынақ алаңына айналып, елінен еріксіз қуылған халықтың қайғы-қасіреті жазылған. Монографияның ауторы Бақтылы Сансызбайқызы кітаптың шығуына атсалысқан, қолдау көрсеткен жандарға ризашылығын білдіріп, кітапханаға жаңа кітаптарын сыйлады.
Гүлжамал Жолдығали,