Негізгі әңгімеміздің басты кейіпкері болып отырған Дина Қажығалиеваның кітапхана саласындағы еңбек өтілі 34 жыл дегенге біреу сенер, бәлкім бірі сенбес.
Бірақ, Динаның еңбек кітапшасындағы дерек осылай сөйлейді.
Бір қызығы мамандықты өзгертпестен кітапханашылық салада, тапжылмастан мінсіз қызмет етуде.
Дина Ғарифоллақызының өмір-дерегіне сәл көз жүгіртейікші.
Сырым ауданына қарасты Алғабас ауылының тумасы Дина Қажығалиева 1985 жылы Алғабас орта мектебін (бүгінгі М.Қаналиев атындағы) бітірген соң Орал педагогикалық институтына құжат тапсырғанмен конкурстан өте алмады.
Ауылға оралып, бір жылдай еңбек етті.
Мектеп қабырғасында білім алған кезеңдерде әдеби кітаптарды оқуға зеректігі, білімге құштарлығымен көзге түскен Динаның белгілі маман иесі атануға деген талпынысы арта түспесе, бәсеңдемеді.
Тіпті, шашы желкілдей шауып жүретін кішкене ғана қыз Динаның сол кездердің өзінде С.Мұқановтың «Ботагөзін», Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдатын», М.Құмарованың «Қазбауыр бұлттарын» бүге-шегесіне дейін оқып тастағандығына біреу сенер, бәлкім бірі сенбейді де.
Бірақ, шындық, қанға біткен табиғи құбылыс, қабілет солай дейді.
Ал, сол жылдары Алғабас ауылдық мәдениет үйіндегі кітапханада қызмет атқарған, бүгінде еңбек ардагері Жаңыл Оразғалиеваны ұстаз тұтып, болашағына батыл қадам басқан Дина жүрек қалауындағы мамандық таңдаудан шүкір, қателеспеді.
Яғни, 1986-1988 жылдары Орал мәдени ағарту училищесіндегі кітапхана бөлімінде оқып, кітапханашы мамандығын алған Д.Қажығалиеваның осы саладағы қызметтік баспалдағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде басталды.
Динаның кітапхана саласындағы өрлеу жолдарына тоқталсақ аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі, библиограф, аудандық кітапханада кітапханашы, ал бүгінде оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі тізгінін қолына ұстаған.
Ол осы салада үзіліссіз қызмет жасай жүре М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханатану және библиография мамандығын сырттай оқып, жоғары білімді маман иесі атанды.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» - деген еді ұлы жаазушы Ғабит Мүсірепов.
Міне, Ғабит айтқан рухани өсиет кітапты бүгінгі оқырманның ой азығына айналдыруда кітапханашы тарапынан атқарылып жатқан сансыз шараны жіктеп айтуға болады.
Ал, басты кейіпкеріміз Дина Ғарифоллақызының айтуынша аудандық кітапхананың кітап қоры 51 700 дана болса, соңғы 9 айлықта қосымша 115 дана жаңа әдебиеттермен толықты.
Өнегелі құндылықтың маңызын арттырып, оқырмандарға кеңінен насихаттау мақсатында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында кітапханаға Әжғұловтар отбасы 30-ға жуық әдеби кітаптарды, Роза Төлеуғалиқызы 40-қа жуық кітаптарды жеке кітапхана қорынан сыйға тартты.
Немесе, ақын, жазушылар Мұнайдар Балмолданың «Дала көкжалы», Нұрлан Сәдірдің «Мұратбек», Қадыр Мырза-Әлінің «Алтын сәуле», Бауыржан Ғұбайдулиннің «Биленбеген вальс», Сәбит Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» сықылды толыққан шығармаларды қалың оқырман арасында насихаттап, таныстыруда Динаның өзіндік тер төккендігін де сөз ретіне қарай айта кеткен жөн.
Дина Ғарифоллақызы – тек кітапханашылық салада қызмет етумен шектелмек емес, ұстаздарынан алған дәрістерін, тәжірбиелерін өмір ағымында қолдануда.
Ол өзінің соңынан ерген шәкірттері, әріптестері Ақмарал, Гүлім, Айданадан зор үміт күтеді.
М.Есламғалиұлы атындағы аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Д.Қажығалиева саладағы жемісті қызметінде Қадыр Мырза Әлі мұрасын насихаттау, есімін ұлықтау ісіне қосқан үлесі үшін «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорынан арнайы төсбелгі, «Қазақстандық кітапханалық одақ» заңды тұлғалар бірлестігінен «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен, диплом, алғысхаттар, грамоталармен марапатталды.
Ол – отбасында да бақытын тапқан жан.
Отағасы Ергенмен қызғалдақтай құлпырған Әсемгүл, Айжанға жоғары білім иелері атануларына қалыпты жағдай жасаса, ұлдары Ержан Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 11 сыныбында дәріс алуда.
- Кітапхана сірескен кітаптар мекені ғана емес, жақсы ой, жақсы да саналы адамдар тоғысатын, тұрпаты бөлек қасиетті орынға айналуы керек.
Мақсат – ұлттық тәрбиені бойына сіңірген, білімді ұрпақ қалыптастыру.
Қазір қызмет үрдісі жаңару дәуірінде, электрондық нұсқада, әлеуметтік желіні қолдану аясында өрбуде. Саясат, қоғам, оқырмандар пікірімен санасу бағытында басты жұмыстар қолға алынған.
Бастысы талғамы жоғары оқырманның талап-тілегін орындау бағытында жұмыстану негізгі міндетіміз, - дейді Дина Ғарифоллақызы.
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz