«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген екен дана халқымыз. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Қайырымдылықты қаржылай ғана емес, сөзбен де, іспен де жасауға болады. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?!
Шынында, күнделікті өмірде адам кімнің кім екенін ескере де бермейді. Қарбаласқан тіршілік қамымен жүргенде оны ойлап ескеруге де, елеуге де уақыт болмайды.
Күнделікті жұмыс пен үйдің ортасында 6-нөмірлі Ақсай-Қызылтал бағытындағы УАЗ көлігімен (маршрутымен) жүремін. Бір күні аялдамада бір топ балалардың бірінен соң бірі келген маршрутка көліктерін өткізіп тұрғанын көрдім. Қызық болып балалардан неге келіп тұрған көлікке отырмайтындарын сұрадым. Сонда балалар бір жүргізуші атаны күтіп тұрғандарын айтты. Себеп? Атаның балалардан жолақысын алмайтынын айтты. Қызығып, менде балалармен бірге атаны күттім. Кішкене уақыттан кейін ата да келді. Кейбір оқушы балалар жолақысын беріп еді, ата алмады. Балалардан жолақысын неге алмайтыны қызық көрініп, әңгімеге тарттым.
Атаның аты-жөні - Жасталап Жұмағалиев. Қазірде зейнеткер, алайда денсаулық барда неге жұмыс істемеске дейтін жандардың қатарында. Осы №6 маршрутта жүргеніне 10 жылдай уақыт болыпты.
- Мектепте 8 жылдай дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болдым. Ойын баласы алысады, ойнайды, ақшаларын жоғалтып жүргендерді де көрдім. Жолақыға бергенше, сол тиындарын жинап, қарыны ашса жейтін бірдеңе алар, не болмаса тиындарын қосып, керек затын алар. Негізі, көршілес Сырым ауданының Тасқұдық елді мекеніненмін. Ауылдағы мектепте бала саны азайғасын мектеп те жабылды. Жұмыс іздеп 1987 жылы Ақсайға отбасыммен көшіп келдім. Бастапқыда механик болып істедім. Кейін көлік жүргізуші болып жұмысқа кірдім. Содан бері осы жұмыстамын. Ақсай мен Қызылталдың арасында ғана емес, Ақсу ауылына да барамын. 3-4 жыл бұрын зейнетке шыққан кезімде Ақсу ауылының халқы құрметтеп, алғыстарын білдірді. Бірақ та жұмыстан қалмаңыз деп айтты - дейді Жасталап ата.
Жасталап ата таңертеңгі 06.00 шамасында шығып жұмысқа баратын халықты тек қалаға емес, жұмыс орнына дейін апарады екен. 8 наурыз мейрамында әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, тегін жеткізіп тастайтыны тағы бар. Одан қалса Айт кезінде де халықты тегін тасиды. Атамыздың мұнысы үлкен қайырымдылық іс деп ойладым. Адамдар өзінің күнделікті табысын ғана ойлайтын заманда, мұндай адамгершілік екінің бірінің қолынан келмесе керек. Атаның бұл қайырымдылығы көпке үлгі болуы тиіс.
Сіздер бұл кісіні тегін адам таситын кім екен деп ойлайтын шығарсыздар. Бұл кісінің де бала-шағасы бар, отбасылы адам. Бүгінде қызын ұясына қондырып, екі ұлын аяқтарынан тұрғызып, немере-жиен сүйіп отырған қарапайым жан. Ақшасы артық болғаннан емес, қолдан келгенше жақсылық жасау әр пенденің борышы деп білетін абзал қария. Бұл жерде «Қарттарым, аман-сау жүрші» дегеннен артық не дейміз.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz