20.10.2022, 18:38
Оқылды: 42

Музейдегі тағылымды шара

 Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен Республика күніне арналған «Менің Қазақстаным» атты дөңгелек үстел өткізілді.

IMG-20221020-WA0079

Іс-шара басталмастан бұрын аталған музейдің экскурсоводы Аяла Ғалиева Оралдағы жоғары әскери-техникалық мектеп курсанттарын Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өмірбаянымен, отбасымен, кешегі сұрапыл соғыста көрсеткен ерен ерлігімен таныстырды.
– Бүгін біздің музейде Республика күніне байланысты арнайы іс-шара өткізілуде. Оған облысқа белгілі тарихшылар мен өлкетанушылар қатысып, жастарға әскери-патриоттық, елжандылық тәрбие беру хақында еліміздің өткені мен бүгіні туралы баяндайды, - деді Аяла Талғатқызы.

     Дөңгелек үстел барысында М.Өтемісов атындағы БҚУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова 1990 жылы 25 қазан мемлекеттің тәуелсіздігін баянды еткен ең алғашқы құжатқа қол қойылған күн екендігін, құжаттың әрбір бөлімі мен сөйлемі қызу талқыға түсіп, өз алдына мемлекет бола аламыз ба деген мәселе хақында айтыс-тартыс күшейгеніндігіне тоқталды. –Осылайша, 1990 жылдың 25 қазан күні егемендікті аңсаған ел алғашқы мұратына қол жеткізді. Бұл уақыттың ішінде өте көп ауқымды шаралар істелді. Арада бір жыл өткенде 1991 жылы 17 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. 1992 жылдың басында «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасы мен дамуының стратегиясы» атты Мемлекет басшысының орташа мерзімдегі тұңғыш жоспары жүзеге асырылды. 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, сол жылғы 7 мамырда ҚР ішкі істер және қорғаныс министрліктері құрылды, ҚР мемлекеттік рәміздері бекітілді, - деді Альфия Сабырғалиқызы.

InShot_20221020_183704222

     Жиында өлкетанушы, тарих магистрі Айболат Құрымбаев қазақ тарихы әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі, қазақ халқы Еуразия құрлығында, тарихтың жалпы заңдылықтары негізінде дамып отырғандығын мәлім етті.
–Патшалық Ресей кезіндегі, кеңес дәуірінде де тұтас халықты қазақ жеріне айдау нәтижесінде қазақ халқы өз елінде азшылыққа айналды. Оның тілі, діні, тарихы ұрпаққа керек болмай қалды. Қазақ халқы өз тарихын білмейтін халге жетті. Елдің егемендік алуы, аталған маңызды факторларды тоқтатты, саяси тосқауыл қоюдың батыл қадамын жасады. Тәуелсіздік алған сәтте халықтың рухы жоғары болу керек. Халық өзінің әлемдік өркениеттегі орнын білуі керек, сыны бұзылған халық санасына жаңа сипат беру керек,-деген ол қазақ халқын әлемге таныту жолдарын айқын мысалдар келтіре баяндады.

     Іс-шара соңында М.Мәметова мемориалдық музей үйінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов жастарға тәлім-тәрбие берерлік, тағылым аларлық мазмұнды әңгімелері үшін дөңгелек үстелге қатысқан меймандарға алғыс айтып, ескерткіш сыйлық тарту етті.

    Нұрым Нұрманов,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале