23.10.2022, 19:37
Оқылды: 77

Ынтымағы мығымның ырысы молаяды

Елімізде ұлтаралық сыйластық пен дінаралық түсіністікті нығайту жолында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мән-маңызы ерекше. Осы мекеменің ұйытқы болуымен БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы іргелі істерді атқарып келеді. Республика күні қарсаңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы Медхат Қамбетовпен сұхбаттасып, ассамблеяның атқарған жұмысы және жоба-жоспарына қанықтық. 

InShot_20221023_193638232

Медхат Мұсаұлы, бүгінгі таңда, қазіргі кезде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің алдында қандай міндет-мақсаттар тұр? 

– 2014 жылы республика бойынша «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылды. Облыс әкімі аппаратының жанынан ашылған мекеме 2020 жылы ішкі саясат басқармасының қарамағына берілді. Сол жылы ҚХА хатшылықтары таратылды. «Қоғамдық келісім» КММ – Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының атқарушы құрылымы. Мекеменің мақсат-міндеті – этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты сауатты да жүйелі жүзеге асыру, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қызметін жандандыру және осы бағытта  ұлтаралық достыққа дәнекер, береке-бірлік пен ырыс-ынтымаққа ұйытқы болар алуан іс-шараларды ұйымдастыру.

Көбі «Ассамблея» десе, Достық үйінде өзге ұлт өкілдерінің ән шырқап, би билеуіне жағдай жасайтын ұйым деп түсінеді. Алғашқы жылдары мәдени іс-шараларды ұйымдастырумен шектелгенімен, ассамблея кейінгі кезде сан-салалы бағытта жұмыс ауқымын кеңейтіп, қанат жайып келеді. Бүгіндері облыстық ассамблеяның жанында ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі және қоғамдық келісім кеңестері мен журналистер клубы жұмыс істейді. Бірнеше жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы ассамблеясының Жастар қанаты күні кеше «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысына ұласты. Одан бөлек, «Ассамблея жастары» деген республикалық қоғамдық бірлестіктің филиалы құрылды. Жуырда аналар кеңесінің кезекті отырысында бірқатар мәселе талқыланды. Осы басқосуда қоғам назарынан тыс қалып келе жатқан мәселенің бірі – Әкелер одағын құру ұсынылды. Әр өңірде мұндай ұйымдар болғанымен, Ақмола облысында ғана ресми түрде тіркелген екен. Алматы қаласында ақмолалық Әкелер одағының өкілдерімен кездесіп, тәжірибе алмастым. Енді көрген-білген және ойға түйгенімізді негізге ала отырып, осы бағытта жұмыстанамыз. 

Екі-үш жыл бұрын облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық кеңестер жаппай құрылды. Оған қоса, ассамблеяның жанынан қоғамдық келісім кеңестері ашылды. Осы ұйым-дар басқа кеңестерден несімен ерекшеленеді?

– Ассамблеяға қарасты ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі және қоғамдық келісім кеңестері аудан-ауылдарда да құрылды. Әрине, кей жайттар бойынша басқа азаматтық институттар құрылымын қайталау байқалады. Бірақ бізге қарасты кеңестердің құрамында этномәдени бірлестік өкілдері бар. Мемлекет құраушы қазақтармен біртұтас ұлт ретінде қоян-қолтық өмір сүріп жатқан этностарға қатысты мәселелерді де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Этносаралық татулық-түсіністік қоғамның тұрақтылығын қалыптастыратын негізгі фактор. Сол себепті қазақстандық қоғамда ұлтаралық сыйластық біржола салтанат құруы үшін осы мұрат жолында жүйелі де жігерлі жұмыс істеп, бәріміз көптеп-көлемдеп жаппай үлес қосуымыз шарт. Қазіргі кезде облыс бойынша 56 мәдени бірлестік бар, оның 16-сы Орал қаласы аумағында қызмет жүргізуде.

Ассамблеялықтардың мемлекеттік тіл - қазақ тіліне деген көзқарасы жаңаша сипат алатын кез келген секілді. Достық үйіндегі іс-шаралардың дені орысша өтеді. Еліміздегі этностар мемлекеттік тілді отандастарымыздың ұйытқысы деп танитын кезі келді емес пе?

– 2019 жылы қазақ тілін білетін өзге этнос өкілдерінің қатысуымен «Тіл-мұра» қозғалысын құрдық. Осы қозғалыстың жетекшісі – тіл жанашыры Наталья Александровна Алмағамбетова. «Тіл-мұра» белсенділері өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретеді, облыстық мәдениет басқармасы тілдерді дамыту бөлімінің мамандарымен бірлесіп, мекемелер мен сауда орындарында, қоғамдық жерде көрнекі ақпараттың қазақ тілінде сауатты жазылуына байланысты әдістемелік көмек көрсетеді. Былтыр халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы ашылды. Сол кезде мекемелер ішінен осы филиалға қарасты бастауыш ұйымдар құру ұсынылды. Біз ассамблея бойынша бастауыш ұйым ашу туралы бастаманы қолдадық. Биыл «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев қызмет ауыстыруына байланысты маған филиалды басқаруды ұсынды. Орыс тілінің маманы екенімді айтсам да, менің кандидатурамды жан-жақты зерделеп барып, қазіргі жағдайды қоса есепке алып, ірі қоғамдық ұйым бөлімінің тізгінін сеніп тапсыруды ұйғарғандарын жеткізді. Әлбетте, ассамблеяның құрылымдық бөлімдері де мемлекеттік тілді меңгеруге бет бұруда. Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату мақсатында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлеcтігінің облыстық филиалына жетекшілік етуге келістім. Қазіргі уақытта аудандарда «Қазақ тілі» қоғамының» бірлестіктері ресми түрде тіркелуде. Осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ облыстық ассамблея жастарының қазақ тіліне деген ынта-ықыласы артып келеді. Орыс сыныптарында оқығандары да қазақша емін-еркін сөйлеседі. Тек жастар емес, жалпы ассамблеялықтар тарапынан мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшыныс жоғары. Алдағы уақытта қоғамға тиімді жобаларды іске қосуды пысықтаудамыз.

Медхат Мұсаұлы, елімізде ұлтаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылық ұдайы насихатталып келеді. Қанша дегенмен, ішінара кейбір өңірде кенеттен тұтанған жанжал ошақтарынан этникалық кикілжің көріністерін аңғарып жатамыз. Құзырлы құрылымдар көбіне тұрмыстық-әлеуметтік жанжал деп баға беріп, араздасқан тараптарды бітістіруді көздейді. Ал түпкі себепті тарқатып айтпаған соң, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Осыған ұқсас аты шулы оқиғалар кезінде қазақы орта ҚХА өкілдерінің үнсіз қалатынына байланысты жиі сын айтады. 

– Этникалық қақтығыс элементтері бар кикілжің өршіген кезде ассамблея мүшелері мүлдем тысқары қалады деп түсіну ағаттық. Ассамблея өкілдері міндетті түрде бас қосып, «Бір елде тұрып жатқандықтан, бүтін болайық, бір болайық, бәріміз де тағдыр-талайы, мақсат-мүддесі ортақ қазақстандықтармыз» деп үн қосады. Ең бастысы, ала қойды бөле қырқуды қойып, алауыздықтың алдын алумен жұмыстанған жөн деп санаймын. Жақында Орал қаласындағы бір кафеде қазақ пен орыс жігітінің жүз шайысып қалғанын естідік. Ертесіне оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сол нысанға шұғыл бардық. Кафе қожайыны да орыс екен. Ол кеше учаскелік полиция инспекторы келіп, шағымды тіркеп алып кеткенін, тәртіп сақшылары одан әрі егжей-тегжейлі тексеріс жүргізбегенін айтты. Сол сәтте қалалық полиция басқармасына хабарласып, тергеушілерді шақыртып, жанжал себебін анықтап, нақты шара алуына ықпал еттік. Біз үшін қоғам бірлігіне сызат түсірмеу, этникалық қақтығыстарға жол бермеу өте  маңызды.

Өңірдегі этностардың тұрмыс деңгейін бағамдау үшін әлеуметтік зерттеулер жүргізіле ме?

– «Қоғамдық келісім» мекемесіне қарасты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізетін бөлім бар. Мемлекеттік сатып алу аясында қаражат бөлініп, конкурс жеңімпазы болған ұйым төрт тоқсан бойы әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырады. Яки үш айда бір мәрте зерттеу қорытындысымен таныстырады. Ғылыми-зерттеу жұмысының негізінде этностардың көбеюі, тұрғылықты мекенжайы, жұмыс орны, тұрмыс жағдайы, мемлекеттік саясатқа деген көзқарасы туралы құнды мәліметтерге қанық боламыз. Бұл бағыттағы барлық есеп-қисапты облыстық ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынас бөліміне жолдаймыз.

Облыстық ассамблея өкілдері қайырымдылық жобалары мен волонтерлік қозғалыстар бойынша ерекше белсенді. Ұйымшылдықпен  ұлағатты іс көрсеткен отандастарымызға  алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

– Иә, ассамблеялықтардың ақ жарқын пейілі мен алғаусыз көңілі, тарыққанға демеу, қамыққанға медеу бо-лу үшін ширақ қимылдап, шапшаң шешім қабылдайтындары сүйсінтеді. Корона-вирус індеті салдарынан жұмыс орындары қысқарып, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек күрт қымбаттап, көпшілік дағдарып жатқан кезде, этномәдени бірлестіктер әдеттегідей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, олардың қатарындағы белсенді батысқазақстандықтар ел-жұрттың  еңсесін көтеруге елеулі үлес қосты. Жыл сайын тұрақты ұйымдастырылатын «Қайырымдылық керуені» ауқымында тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық қорғаныс құралдары таратылды. Бұдан басқа да қайырымдылық акциялары өткізілді. Ассамблея атынан меценаттар мен демеушілер пандемия кезінде 300 миллион теңгенің көмегін көрсетті. Әрине, олар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Бекітілген кестеге сай жыл бойына қайырымдылық жобаларын тұрақты ұйымдастырудамыз.

Медхат Мұсаұлы, ассамблея ұйымы түрлі жобаларға бастамашы екеніне куәміз. Медиация саласын жандандыру мақсатында қандай жұмыс атқарылуда?

– 2016 жылы Достық үйінде медиация кабинеті ашылды. Содан кейін облыстық сот «Татуласу орталығын» ашуға ұсыныс жасады. Осы бастаманы бірауыздан қолдадық. 2019 жылы медиаторларға Орал қаласының Сарайшық көшесіндегі ғимараттан тегін кабинет берілді. Сотқа дейін дау-дамайды шешу оңай емес. Тұрмыстық кикілжіңдер әбден шиеленіскені сондай, отбасы мүшелері, ағайын-туыс бір-бірімен дүрдараз болып, ең соңында судьяға шағымданады. Сот төрелігінен бұрын дауласушы тараптар бітімгер алдынан өтеді. Олардың көңілін тауып, жарастырып жіберу, күрмеулі түйткілге кесім айту – кәсіби медиаторлардың ісі. Бітімгер бір-бірімен қырғи-қабақ болып жүргендерді иліктірсе, заң аясында рәсімделген келісім парағына дау нүктесі қойылады. Татуласу орталығында «Қоғамдық келісім» мекемесіне қарасты екі медиатор, заңгер мен психолог маман қызмет атқарады.

25 қазан – Республика күні ұлттық  мереке ретінде қайта жаңғырды. Осыған орай лебіз білдіре отырсаңыз. 

– Ассамблея өкілдері атаулы күнді риясыз көңілмен қарсы алуға даяр. Республика күніне арналған патриоттық челленджер бастау алды. Белсенді жастар сенбілік жұмыстарына қатысып, мерекеге орай ағаш отырғызды. 18 қазанда Рухани келісім күнін атап өттік. Елімізде этносаралық, дінаралық татулық тұжырымдамасы басты құндылықтың бірі саналады. Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға бір атаның баласындай ұйымшылдықпен атсалысайық! Елімізде ұлтаралық сыйластық пен дінаралық татулық-түсіністік мызғымастай салтанат құрып, Отанымыздың ашық аспанында Азаттық қыраны қалықтай берсін!

Нұртай Текебай

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале