23.10.2022, 20:55
Оқылды: 124

2:2 төрешінің пайдасына

Бүгін ел чемпионатының кезекті 24-ші туры аясында "Ақжайық" өз алаңында петропавлдық "Қызылжар" командасын қабылдады. Екі ұжым да жоғары топта қалу мәселесін шешіп жатқандықтан, ойын өте қызықты әрі тартысты болды. Өліспей беріспеуге бел буған командалар ойынды ширақ бастады.

2rgTVeJhoHg

Алаң ортасында да, қосқаптал мен қақпашы аймағында да қызу "шайқас" жүргендей әсер қалдырды. Оң қапталда "Ақжайық" капитаны Бауыржан Омаров пен қызылжарлық Тимур Мулдинов жан алысып, жан беріссе, алаң ортасында оралдық команданың ойыншысы Рафаель Сабино мен қызылжарлық Мусса Коне текетіреске жиі түсті. Кей сәтте жауапты ойын қызуы​ футболшылар қанын қыздырып, тартыстар орын алды. Ондай сәттерде төреші ойынға араласып, эмоцияға ерік берген жігіттерді сабырға шақырды. Осындай сәтте жинақылық таныта білген оралдық ойыншылар Тома Табатадзенің көмегімен есеп ашты. Оған тез арада жауап қатқысы келген қонақтар шабуылға ден қойды. Оған дайын болған "Ақжайық" қарсы шабуылда тағы бір гол соғып, есепті 2:0 ете алды.​ Бұл жолы "Қызылжар" қақпасын Лука Имнадзе дәл көздеді.

2BApHQ1ijp4

Ойынның бірінші бөлігі түгесер шақта қонақтар сапындағы Эльгудже Лобжанидзе есеп айырмасын қысқартты. Десе де, Оралдың оғландары қарсылас қалай шабуылдаса да, төтеп беруге дайын екенін көрсете білді. Бірақ төрешінің қиғылық білдіруіне ешкім дайын болмады. Өйткені екінші таймдағы ойын төрешісінің кей шешімдері көпті таң қалдырды.

Алдымен "Ақжайықтың"​ екі ойыншысына сары қағаз көрсетті. Одан кейін бірнеше жағдайда оралдықтарға қарсы ысқырып, жанкүйер мен футболшылардың дегбірін қашырды төреші. Соған қарамастан "Ақжайық"​ шабуылдаумен болды. Гол соғатын бірнеше мүмкіндікті де мүлт жіберді.

Ойын соңында "Сен соқпасаң, саған соғады" деген футбол қағидасы орын алып, "Қызылжар" есепті теңестіріп, бір ұпай еншілеп кетті. Матч аяқталған кезде ойыншылар сөзге келіп, қос команда жаппай төбелесе жаздады. Ал жанкүйерлер матч төрешісін "жылы-жылы"​ сөзбен түйреп, оның кей шешімдері күмәнді болғанын айтып жатты. Осы сәтте қазір "Қызылжар" сапында жүрген Орал футболының түлегі Еркін Тапаловқа өкпесін білдірген жігіттер де табылды. Оларға Еркін "Әр команда өз мүмкіндігін пайдалана білу керек" деп жауап қатты. Расымен де,​ "Ақжайық" ойыншылары өздерінде болған мүмкіндікті пайдалана алғанда жағдай бұлай болмас еді.

Ойын соңындағы баспасөз мәслихатына "Қызылжар" командасының бас бапкері Әли Әлиев келе алмады. Оның орнына келген көмекшісі Юрий Чухлеба матч нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді. Ал төрешілік туралы сұраққа жауап беруден бас тартты. Одан соң тілшілер ортасына шыққан "Ақжайық" бас бапкері Олег Биженар төрешілердің жұмысын сынға алды.
- Бүгінгі төрешілік жанкүйерлер мен ойыншыларды мазақ ету болды. Дәл осындай төрешілік қазақ футболын үшбаққа шығармайды, - деді О.Биженар.

Түгелбай Бисен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале