27.10.2022, 9:01
Оқылды: 44

Саяси сауаттылыққа сын

Жаңа әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында халықтың әл-қуатын арттыру, саяси және экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік тұрғыдан дамуды қамтамасыз етуде Мемлекет басшысына халықтың сенімі қажет. Ол туралы көп пікірлер айтылып, болжамдар жасалуда. Алып-қашпа әңгіме көп, себебі аумалы-төкпелі уақытта тәуелсіз Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты, әлеуметтік-экономикалық дамуы, саяси ұстанымы –  әлемнің басты назарында.       

IMG-20221027-WA0009

Бүгінгі таңда айнала отқа оранып жатқанда саясиэкономикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ұлттық қауіпсіздікті күшейту, көпұлтты еліміздегі тұрақтылық пен тұтастықты қамтамасыз ету қажеттілігі туындауда. Бұл жолда біз қателеспеуге тиіспіз!  Халықтың билікке деген сенімін жоғалтқан елдердің қандай күйге түскендігін өмір көрсетіп отыр.

«Елді жақсы басқарса, елді елден оздырар, елді жаман басқарса, торғайдай тоздырар» деген сөз бар, елдің болашағы, халықтың тағдыры Президент сайлауымен тығыз байланысты. Осы орайда отандастарым дұрыс таңдау жасайды деп сенемін.

Өткен сайлаудағылардай сайлау қарсаңында оянып, отаншыл бола қалатын, елдің қамын жеп, басын «тау мен тасқа» ұратын, кейін келесі  сайлауға дейін сағымға айналатын партиялар мен кездейсоқ «көсемдердің», меніңше, уақыты өтті. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, ақ пен қараны ажырататын деңгейге жетті. Себебі жалаң ұранмен ұзаққа бармаймыз әрі өткені күдік-күмәнді кісілер заманның талабына жауап бермейді. Біз үшін ақыл-парасат иесі, елжандылық рухы жоғары, адалдық пен ақиқатты өмірлік мұрат тұтқан, ең бастысы, халықтың сенімі мен мемлекеттің мүддесін биік қоятын  азаматтың болуы шарт.

Президент Қ.К.Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында «Жаңа Қазақстанды» құрудың стратегиясын белгіледі, қазақстандық қоғамды демократиялық тұрғыдан жаңғыртуға тың серпін берді. Әрине, бұл оңай нәрсе емес, сөйте тұра алға ұмтылыс бар.

Жалпыхалықтық референдумда Конституцияға енгізілген  оң өзгерістер  нәтижесінде сең қозғалды. Басқасын айтпағанда, ел тарихында ұлы бастама Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы есепшотына аударылатындығы көпшіліктің көкейіндегі көптен бергі сұрақтың нүктесін қойды. Қоғамдағы проблемалар ашық айтылуда, қордаланған мәселелерді шешу – отандық экономиканың қуаттылығымен тығыз байланысты. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының жұртшылығымен таяудағы кездесуінде елдегі «олигархиялық капитализм дәуірінің» аяқталғаны туралы мәлімдеме жасады. «Мемлекет біздің елімізде жұмыс істейтін барлық ірі өндіруші компаниялардың қызметін өте мұқият бақылап отыр. Біз капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол бермейміз.

Біз олардың әр түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруын қадағалаймыз. Қазақстандағы олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып, ел азаматтары алдындағы әлеуметтік жауапкершілік кезеңі басталады. Біздің азаматтарымызға ел экономикасында алдыңғы қатарда тұрған тиімді және әлеуметтік жауапты бизнес қажет», – деді  Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Абай Құнанбайұлы «Биік шыңға ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» дегендей, ұзын арқан кең тұсаудың заманы өтті.

Ең басты мақсат – қысқа уақытта басталған реформаларды соңына дейін жеткізу, яғни  оның орындалуын қамтамасыз ету. Тәуелсіздік пен болашақтың тағдырын айқындайтын сындарлы кезеңде мемлекеттің тұтастығын тек сараланған әділ шешімдер мен батыл іс-қимылдар айқындайтынын ұмытпайық! Сол себепті алдағы айда баламалық негізде өтетін Қазақстан Республикасының Президентін сайлау науқанына барша батысқазақстандықты зор жауапкершілікпен қарап, белсенді қатысып, еліміздің жарқын болашағы үшін қоғамдық-саяси тұрғыдан сауатты таңдау жасауға  шақырамын!

Әліби Баяхов,

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйелер университетінің ректоры, профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале