31.10.2022, 10:46
Оқылды: 125

352 теңгеге қандай ыстық тағам алуға болады?

«Мектеп жасындағы балаларымыз дұрыс тамақтанып жүр ме?» деген сұрақ ұл-қызының денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын барлық ата-ананы алаңдатады. Мектеп – бала ағзасына физикалық, психологиялық және интеллектуалдық жағынан үлкен жүк. Ал бұл тұста оқушы бұрынғыдан да көп күш-қуат (энергия) жұмсайтындықтан оның дұрыс тамақтануы аса маңызды.  Өсіп келе жатқан жас ағзаның күнделікті сапалы тамақтануы бүгін ғана емес, болашақта ересек болған кездегі денсаулығының кепілі екені шүбәсіз.  Жасыратыны жоқ, көп жағдайда асқазан-ішек жолдарының ауруы балалық шақта дұрыс тамақтанбау салдарынан болады. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі күнде созылмалы гастритпен ауыратын балалар да аз емес. 

5

Мектеп асханаларында қандай тамақ сатылады?

Мектептердің басым бөлігінде сабақ таңғы сағат 08.00-де басталады. Ата-аналармен сөйлескенімізде, көпшілігі ұлқызының таңғы ұйқыны қимай, әзер тұрып, тұра сала жуынып, киініп, сабаққа асығып, тамақ ішпей кететіндерін айтты. Бастауыш сынып оқушылары үлкен қоңырау кезінде мектептен тегін ыстық тамақ ішеді. 5-сыныптан жоғары оқитын балалар мектеп буфетінен бәліш, тоқаш, сусындар сатып алып, ауқаттана алады. Қаламыздағы бала саны көп, үлкен мектептерде талай бала кезекке тұрғанымен, бәлішке жете алмай, ашқұрсақ күйі шегі шұрылдап, үйіне қайтады. Оның үстіне қазіргі мектеп бағдарламасы тым ауыр.  Ашқұрсақ, әлжуаз бала оны қалай игермек? Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалуда? Жалпы «Мектеп оқушысының ас мәзірі қандай болу керек?» деген сұрақпен бірнеше мектептің асханасына бас сұқтық. №40 орта мектептің асханасында біз асхананы жалға алған «Отау Алан» ЖШС-ның өкілі Самал Мырзабекқызымен тілдестік.

– Ас мәзірі күндегісін күнде жаңартылып тұрады.

Тамақтарды келісімшартқа отырған фирма арқылы алдыртамыз. Олар бізге қажетті тамақ өнімдерін үш күн сайын әкеліп тұрады. Күніне 300-ге жуық баланы тамақтандырамыз. Одан бөлек жоғары сыныптың оқушылары буфеттен бәліш, бөлке, тоқаш сатып ала алады. Олардың бағасы қымбат емес. Біздің мектептің балалары пешке пісірілген қамырға оралған шұжықты (сосиски в тесте) көп алатынын байқаймыз. Бағасы – 180 теңге. Күніне 60-70 қамырға оралған шұжық, он данадан картоп, ет пен капуста қосылған бәліш алдырамыз. Олардың бәрі сол күні тез өтіп кетеді. Буфетте тек рұқсат етілген тамақтар сатылады, – деді Самал Мырзабекқызы.

Келесі біз табалдырығын аттаған №47 орта мектеп 1200 балаға арналған. Бірақ қазір бұл білім ошағында 2718 оқушы білім алуда. Он бір 5-сынып бар. Бір мезгілде 5-сыныптардың өзінен 250 бала асханаға барады. «Отау Алан» ЖШС-ның аспаздары бәліш-самсаларды үш жерден сатқанның өзінде балалар тамақ ішіп үлгермейді екен. Сондықтан мектеп әкімшілігі асхананы жалға алған кәсіпкерлерге картамен немесе терминалмен төлеу қажеттігін алға тартып келеді.  Мектеп буфетінде пешке пісірілген түрлі бәліштер, сусындар сатылуда. Біз барғанда мектеп асханасынан бастауыш сыныптың оқушылары тамақ ішіп жатты. Олардың үстеліне сорпа мен сүзбе (творог) қойылған. Кей балалардың сүзбені қозғамаған күйі кері қайтарып жатқанын байқадық. Мектептің әлеуметтік педагогі Әділбек Хамитұлының айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік қолдауды қажет ететін 73 бала және 1-4-сыныпта оқитын 1200-дей бала тамақ ішіп жүр. Ал аспаздар балаларға арнап күніне 300 бәліш пісіретінін айтты.

Интернаттың балалары қалай тамақтанады?

Облыстық дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 мамандандырылған мектеп-интернат кешенінде 676 оқушы бар. Оның ішінде 253 бала интернатта жатып оқиды. Мектептің бас аспазы Светлана Мұқатова балаларға дайындалатын тағам дәрумендерге бай болуына ерекше назар аударатынын тілге тиек етті.

6

– Күніне 250-ден астам балаға бес мезгіл тамақ дайындаймыз. Таңғы асқа сүт өнімдерінен дайындалған сүзбе, ботқа, жарма береміз. Түскі ырыздық ыстық тамақ болуы керек. Оған сорпа, негізгі тағам және көкөніс салаты кіреді. Бесін ас – жеңіл тағамдар. Бұл бір стақан сүт, айран немесе йогурт, печенье, сүзбе тағы басқа тағамдар.  Кешкі асқа ет қосылған ыстық тағам дайындаймыз. Ас мәзірі алдын ала екі аптаға жасалады. Он төрт күн бойы он төрт түрлі тамақ береміз. Ауылдың балалары болғаннан кейін ұннан жасалған тамақты жақсы көреді. Бірақ біз күніне әр балаға 600 грамм көкөніс жас ағзаға қажеттігін ескеріп, тамаққа қосып береміз. Ұйықтар алдында да балалар же­ңіл бесін ас ішеді. Оқушының тамақтану рационында көкөністер мен жемістер, сүт өнімдері, ет, өсімдік майы, жарма, көмірсулар міндетті түрде болуы керек, – деп атап өтті бас аспаз Светлана Мұқатова.

Мектеп директоры Аякөз Хамзина балаларға тағам дайындағанда жергілікті өнімдерге басымдық беретінін айтты.

7

– Бала денсаулығы оның күнделікті сапалы тамақтануына байланысты. Сондықтан біз бұған бей-жай қарай алмаймыз. Мектебімізде балаларға дайындалған тамақтан күнделікті дәм татып, сапасын тексеріп отыратын бракераждық комиссия құрылған. Оған қоса арнайы мониторинг тобы ай сайын тамақтың сапасын тексеріп, қадағалап тұрады. Мектеп асханасынан интернатта жатып оқитын балаларымыз тамақ ішеді. Түрлі тағамдар сақтайтын бөлек-бөлек қоймамыз бар. Әр тамақ арнайы тоңазытқышта сақталады. Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай. Бүгінгі таңда интернат балаларының тамақтануы 80 пайызы мемлекет есебінен, 20 пайызы ата-ана есебінен төленеді.  Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекет есебінен 100 пайыз тегін тамақтанады. Бір балаға ата-ана күніне 460 теңге төлейді. Үйден келетін қаланың балаларын асханамен қамтамасыз ете алмаймыз. Оған орын жоқ. Сондықтан оларға буфеттік режімде ауқаттануға мүмкіндік жасап отырмыз. Пешке пісірілген бәліштердің бағасы 200-250 теңге аралығында.  Буфеттік режім де қатаң қадағаланып отырады.  Ол жерде самаурын қайнап тұрады. Қысқа толқынды пеш қойдық. Қала балалары өздерімен тамақтарын контейнерге салып әкеліп, ысытып алып, шай ішеді. Қолымыздан келгенінше осылай жағдай жасап қойдық. Балаларымыз да осы жағдайға біртіндеп бейімделіп келеді, – дейді Аякөз Орынбайқызы бізбен әңгімесінде.

Ыстық тамақтың бағасы қанша тұрады?

Осы сұрақты облыстық қоғамдық тамақтандыру кәсіпорны бірлестіктерінің төрайымы Ляна Тұрсыноваға қойдық.

8

– Мектеп оқушыларын тамақтандыру нарығында кәсіпкерлердің барлығы дерлік қосымша құн салығын төлемейді. Сондықтан қосымша құн салығынсыз 1-4-сынып оқушылары үшін бір балаға берілетін бір реттік ыстық тамаққа – 352 теңге, кірісі аз отбасының балаларына 397 теңге бөлінген. Қазіргі азық-түлік бағасының қымбаттығын ескерсек, бұл тым аз, – деп ой бөлісті Ляна Алексеевна.

Қаламыздағы мектеп асханаларының барлығы дерлік кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген. Қалада мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтитын он кәсіпкер бар. Ас мәзірін облыстық білім басқармасы мен қалалық білім беру бөлімі реттейді. Мектеп асханаларында бірыңғай ас мәзірі, бірыңғай баға бекітілген. Табыс-кірісі аз, көпбалалы отбасының балаларын тегін ыстық тамақпен қамту республика бойынша барлық мектепте ұйымдастырылады. Ал 1-4-ші бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту еліміз бойынша тоғыз өңірде Астана, Шымкент, Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар, БҚО, Ақмола, Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылады.

– Біздің ең басты мәселеміз – бюджеттен ыстық тамаққа бөлінетін қаражаттың аздығы. Осыдан тура бір жыл бұрын бір балаға 352 теңге қалыпты болған шығар. Бірақ қазір баға 2-3 есе өсіп кетті ғой. Біз балаларға 250 грамм сүзбе беруіміз керек екен. Дәл сол мөлшердегі сүзбе дүкенде 380 теңге тұрады. Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес балаларды қоректік заттардың тепе-теңдігі сақталатындай етіп, сапалы тамақтандыруымыз керек. Біз Ұлттық экономика министрінің 320-бұйрығын басшылыққа аламыз. Осы нормативтік құжатқа бағынамыз. Бұл құжатта ыстық тамақтың құны 601 теңге, табысы аз және көпбалалы отбасының бір баласына 672 теңге болу керек деп келісілген. Бізге ыстық тамаққа бюджеттен қаражат екі есе аз бөлінеді. Еліміз бойынша бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтып отырған тоғыз облыстың ішінде ең төмен баға біздің өңірге тиесілі. Оның үстіне мамыр айынан бері кәсіпкерлерге қаражат берілген жоқ. Біз қыркүйек, қазан айы бойы балаларды өз қаражатымызбен тамақтандырып келеміз. Тығырыққа тірелген бірнеше кәсіпкер банктен несие алған. Сондағы мақсат – балаларды ыстық тамақсыз қалдырмау. Кәсіпкердің де шығыны жетерлік. Ол күнделікті азық-түлік шикізатын сатып алып, жұмысшылардың жалақысын, коммуналдық қызметтерді төлеуі керек. Осы мәселе жақында өңір кәсіпкерлерінің отырысында прокуратура, облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі өкілдерінің қатысуымен талқыланды. Түсінгеніміз – қордаланған қарыз әзірге жабылмайтын сияқты. Ыстық тамақтың бағасын көтеруге мүмкіндік жоқ. Дені сау ұрпақ – ұлтымыздың болашағы. Олардан ақша аяуға болмайды, - деп өз ойын түйіндеді Ляна Алексеевна.

Мектеп асханалары соңғы рет қашан тексерілді?

Біз «Мектеп асханалары талапқа сай ма?», «Облыстағы мектеп асханалары соңғы рет қашан тексерілді?», «Тексеру нәтижесінде талапқа сай емес мектеп асханалары анықталды ма?» «Асханалардың тамақты сақтау, дайындау талаптары санитарлық нормаға қаншалықты сай келеді?» деген сұрақтарды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдадық.

Аталмыш департаменттің бөлім басшысы Жұлдыз Қуанышқалиеваның айтуынша, «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық маңызы бар объектілердің тізбесін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы бұйрығына сәйкес, білім беру ұйымдарының жанындағы ас блоктары эпидемиялық маңыздылығы жоғары нысандарға жатады. Эпидемиялық   маңыздылығы жоғары   мектеп   жанындағы ас блоктарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық   қорытынды   болуы   міндетті. «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшем шарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 27 маусымдағы №463 бірлескен бұйрығына және ерекше тәртіп бойынша тексерулер кестесіне сәйкес жоспарланып, жарты жылда 1 рет тексеріледі. Сонымен бірге 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және микрокәсіпкерлік нысандары Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 «Қазақстан Республикасында тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығына сәйкес, тексеруден, профилактикалық бақылау мен қадағалаудан босатылды. 2022 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша, облыс аумағында 348 мектеп жанындағы асханалардың ерекше тәртіп бойынша тексеруге 65-і жоспарланып, 61 нысан тексерілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша 40 әкімшілік хаттама толтырылып, кемшіліктерді жою туралы 32 ұйғарым ұсынылды.  Жалпы мектеп асханаларында медициналық тексерістен өту туралы медициналық кітапшалардың болмауы, тамақ өнімдері мен шайындылардың зертханалық зерттеулерінің сәйкессіздігі, тағам картотекасы мен технологиялық карталарының болмауы, ыдыс жуу ережелерінің бұзылуы, нақты тамақтану рационының бекітілген перспективалық мәзірге сәйкес келмеуі сияқты кемшіліктер жиі кез­десетін олқылықтар қатарына жатады. Мектеп асханасында перспективалық маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) екі апталық ұтымды, үйлестірілген мәзір жасалады. Мәзірді әзірлеу кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің мектепте болу ұзақтығы, жас санаты ескеріліп, витаминдік-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімдері таңдалады.

Тәрбиелеу және білім беру нысандарында білім алушылар мен тәрбиеленушілерді тамақтандыру нормалары («брутто» массасында) «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысымен регламенттелген. Мектеп жанындағы асханалар мен буфеттерінде тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдау санитариялық қағидаларға сәйкес жүргізіледі. Тез бұзылатын тамақ өнімдері мен жартылай фабрикаттарды бракераж журналына енгізе отырып, олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар бар болған жағдайда жүзеге асырылады. Тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар қоғамдық тамақтану ұйымында сақталады.

Өңір бойынша қанша бала тегін тамақтанады?

Облыстық білім басқармасы баспасөз хатшысының берген мәліметіне сүйенсек, өңіріміздің 1-4-сынып оқушылары және жекелеген санаттағы оқушылар 100% тегін ыстық тамақпен қамтылған. 2022 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста интернаты жоқ 362 мектептің ішінен 328 мектепте ыстық тамақтану ұйымдастырылуда. Тегін ыстық тамақпен 53 790 оқушы қамтылуда.  23 мектепте буфеттік тамақтану ұйымдастырылған.

2020-2021 жылдары облыстық білім басқармасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында қала мектептерінің асханаларын сенімгерлік басқару арқылы ағымдағы жөндеуден өткізіп, құрал-жабдықтарын ауыстыру бойынша ҚР қолданыстағы заңдары аясында жеке әріптестікті айқындаған. Сондай-ақ МЖӘ келісімшартына сәйкес жеке әріптес мектептерге аутоматтандыру құрылғысын орнату көзделген. Қазіргі таңда қаланың 44 мектеп асханасында электрондық төлем жүйесі орнатылған.

Қалалық білім беру бөлімі баспасөз хатшысының айтуынша, облыстық білім басқармасының №688 бұйрығына сәйкес 1-4-сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету құны 1 оқушыға 380 теңге болып бекітілген. 2022 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшартына сәйкес жыл сайын 4% инфляция есебінен 395 теңгеге өсті. Қазіргі уақытта Орал қаласының білім беру бөліміне қарасты орта білім беру мектептеріндегі 1-4-сынып оқушыларынан 25 551 бала және әлеуметтік  жағдайы  осал отбасыларындағы оқушылар, яғни 1315 бала бір мезгілдік тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.

Түйін

Мектептерді аралап жүріп қуанғанымыз, біз барған білім ошағындағы мектеп асханасының сөрелерінен чипсы, карамель, попкорн, сағыз, газды шырындарды көрген жоқпыз. Бәрінде де талапқа сай су, шай және пешке пісірілген бәліштер ғана сатылып жатыр екен.  Тек балалардың сүзбенің дәмін де көрмей, ысыра салғанына көңіліміз қынжылды. Қалай болғанда да, балаларға сапалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуі қажет. «Ол үшін үйде ата-ана түрлі ботқа, жарма, сүзбе-ірімшік, кептірілген жеміс-жидектер, буға пісірілген көкөністер мен ет тағамдарын жиі дайындап, баланы үйреткені жөн» дейді мамандар. Соңғы кезде ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп жүр. Ол министрліктің аппарат жиналысында еліміздің мектеп асханаларында сатылатын жарты литр судың 350 теңге тұратынын тілге тиек етіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған асханалардың жұмысын жетілдіруде жүйелі жұмыс болуы керек деген еді. ҚР Оқу-ағарту министрінің назарында тұрған мәселе біздің өңірде де өз шешімін тауып, балаларды ыстық тамақпен қамту бағасы көтерілер деген сенімдеміз. Шынымен де, қазіргідей қымбатшылық заманда 352 теңгеге қандай ыстық тағам алуға болады?..

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале