2.11.2022, 10:15
Оқылды: 50

Тағдырлар тоғысқан орталық

Адамзаттың жаратылысы бір Аллаға ғана аян. Тіршілікте жаратылысы тумысынан ерекше жандар бар. Хақтың қалауымен бірінің тірек-қимыл мүшесінде кемістік болса, енді бірі психологиялық тұрғыда тағдыр тауқыметін тартып жүр. Әлеуметтік тұрғыда ерекшеленетін мұндай жандардың кейбірі отбасының жанында болса, басым бөлігі арнаулы әлеуметтік орталықтардың қызметіне жүгінеді.

Қайырбай Ердосбайұлы

Казталов ауданы орталығы – Казталов ауылының шетінде жасыл қоршаулы жалғыз мекеме менмұндалап тұрады. Ол – Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Мекеменің қоршауына қадам басқан сәтіңізден-ақ күзетшінің бақылауында боласыз. Әрине, оқыс оқиғаның алдын алу мақсатымен қолға алынған шара ғой. Далада серуен құрып немесе дәлізде әрі-бері теңселіп жүрген жандарға көз салсаңыз, Роза Мұқанованың жарық аймен тілдескен кейіпкері Ләйлісі еске оралады. Бұл жандар да қабырғамен, табиғатпен тілдесетін секілді. Тағдырдың тәлкегіне түскен жандарды тоғыстырған әлеуметтік орталықта 55 адам қызмет алады. Олардың тұрмысын жақсарту, қолайлы орта қалыптастыру, қоғаммен байланысын арттыру үшін мекемеде 61 қызметкер еңбек етеді. Қайырымдылық айлығы аясында атаулы мекемеге аяңдап, басшысы Қайырбай Ердосбайұлымен тілдесудің сәті түсті.

IMG_8005

– «Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ 2016 жылы 13 қазанда Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің №310 қаулысымен құрылды. Сегіз бағыт бойынша мекеме психологі, дәрігерлер, еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушы, мәдени іс-шара ұйымдастырушы, кітапханашы, дефектолог, дене шынықтыру, музыка пәндері мұғалімдері қызмет алушылардың уақытын тиімді пайдалану, шығармашылық қабілетін дамыту мақсатымен жұмыстанып келеді. Қамқорланушыларымызға бес мезгіл тамақ беріліп, сапалы қызмет көрсетіледі. Қамқорланушылар аудан, облыс көлемінде түрлі мәдени-спорттық іс-шараға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтсақ, қамқорланушы Шынар Лаухиева мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы ХХІІІ шығармашылық фестивалінде «Көркемсөз» аталымында аудандық кезеңнен өтіп, облысқа жолдама алып, облыстық фестивальде жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар қамқорланушы Гүлбарам Ибрашева облыстық фестивальге белсене қатысқаны үшін марапатталды. Қамқорланушы Гүлмира Ажғалиева қайырымдылық айлығы шеңберінде облыстық шығармашылық фестивалінің аудандық іріктеу кезеңінде қолөнер бағытында «Үздік жасампаз» аталымына ие болса, Дариян арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өткен қолөнер байқауынан жүлделі ІІ орынға ие болды.

Лиза Қожанова қызмет алушыға дәріс беру үстінде

Бұдан бөлек қызмет алушыларымызды еңбекке баулып, білім нәрімен сусындатып жүрміз. Жыл сайын мекеме аумағында қызмет алушылар орналасқан бақшаға еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушы А.Тасболатовтың жетекшілігімен түрлі көкөніс дақылдары егіліп, жазда қияр, қызанақ, қауын, қарбыз, асқабақ, т.б. маусымдық өнімдерді жинап, еңбек терапиясы нұсқаушысы Г.Шалақашеваның жетекшілігімен қыстық тұздықтар жауып, түрлі салат дайындайды. Алдағы уақытта бау-бақша аумағын кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар биыл орталыққа қаржы бөлініп, мекемеге жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл – қызмет алушылардың қолайлы ортада өмір сүруі үшін атқарылып жатқан жұмыстар. Басты мақсатымыз – қызмет сапасын арттыру, – деді мекеме басшысы.

2

Екеуара әңгімеден соң мекеме директорының орынбасары Гүлзада Нұрпейісовамен бірге орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстық.Шағын экскурсия барысында қызмет алушылардың қолөнер туындыларын тамашаладық. Мұғалімдердің қамкөңіл жандардың білімге құштарлығын оятудағы, дәрігерлердің олардың денсаулығын арттыру бағытындағы жұмысына куә болдық. Мекемеде 55 қызмет алушы болса, 55 түрлі мінез-құлық бар. Оның бәріне бірдей көзқараспен емес, әркімнің өзіне сай орта қалыптастырып, диалог құру керек. Бұл ретте психолог пен дефектолог маманға жүк түсері сөзсіз. Қоғамнан ерекшеленген жандардың білім алуға деген көзқарасын білу үшін дефектолог Лиза Қожановамен әңгімелестік.

– Психикалық аурулардың ерекшелігінің бірі – оның медициналық (дәрігерлік) емес, әлеуметтік негізге сүйенетіні. Біз қызмет алушылардың қоғаммен байланыс орнатуы үшін арнайы бекітілген білім беру бағдарламасы негізінде жұмыстанамыз. Қазіргі таңда қоғамның бұл жандарға өзгеше көзқараспен қарайтыны, олармен әңгімелесуден қашатыны көңілге қаяу түсіреді. Өйткені қамқорланушылар өзінің ойын ашық білдіргенді, әңгімелескенді ұнатады. Дос тапқысы келеді. Өз бағытым бойынша сабақ уақытында олардың білім алуға құштарлығы, ұмтылысы жұмысымызға серпін береді. Білім беру барысында әрқайсысының ақпаратты қабылдау мүмкіндігіне сәйкес түрлі тәсіл қолданамыз, – деді ол сұхбат барысында.

Қамкөңіл жандардың жайлы ордасында олардың төл туындылары дәлізде, демалыс орындарында, сурет салу және тігін тігу бөлмелерінде менмұндалап тұр. Бастысы, еңбектің, талпыныстың, ұшқыр қиялдың иісі аңқып тұрған мекемеде қызмет алушылардың құлшынысы жоғары екенін аңғардық. Олардың еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес болғандықтан, бірен-саранын назарыңызға ұсынып отырмыз. Осы тұста қамқорланушылармен де сөйлесіп, күнделікті тіршілігі жөнінде өздерінен аз-кем хабар алдық.

– Бұл мекеме – біздің ортақ үйіміз. Мұнда бір үйдің баласындай бірлікте, татулық туын желбірете отырып ғұмыр кешіп жатырмыз. Біз үшін барлық жағдай жасалған. Ішер асымыз, киер киіміміз, жатын орын, бос уақытымызда айналысатын кәсібіміз бар. Мәселен, мен бос уақытымда қолөнер бұйымдарын тігумен айналысамын. Оларды тек көрнекілік үшін ғана жасап қоймадық, сатылымға да шығарып жатырмыз. Тапсырыс берушілер қатары да артып отыр. Бұл біз үшін алға қадам басуға серпін береді. Мекеме қызметкерлеріне алғысым шексіз, – деді Айгүл Оразбаева.

Мекеменің тынысын бір беттік мақалаға сыйғызу мүмкін емес, сірә!Әрқайсысымен тілдескенімізде барлығының да мекеме жұмысына көңілі толатынын білдік. Зейнетақысы, ішер асы уақтылы беріліп, киімдері тазаланып отырады. Сөздерінен де, жанарларынан да байқағанымыз осы. Әлбетте, олардың қоршаған ортаға бейімделіп, қолайлы өмір сүруіне жағдай туғызып отырған жүрегі мейірімге толы ұжымның еңбегін бағалау керек. Олар қандай марапатқа да лайық! Бірақ олар қызмет алушылардың қуанышын, жүзіндегі күлкісін үлкен марапат деп біледі. Қамқорланушыларды тек қайырымдылық айында ғана емес, әркез назарымызға алып, қоғамдық ортаға бейімдеуіміз қажет. Өйткені олар да – қоғамның бір бөлшегі, тағдырдың қатал сынына бой ұсынған жандар...

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале