4.11.2022, 10:30
Оқылды: 46

Ілгері істің басында мергендіктер

Бүгін қолыңды қусырып, аспанға қарап ойланып, қашан менде бәрі жақсы болады деп отыратын заман емес. Оны жан-жағыңа көз шалсаң, анық көресің. Өйткені  не істеймін десең де, қолыңды ешкім де, ештеңе де байлап отырған жоқ. Екі қолыңа бір күрек емес, бәленбай күрек табасың. Мемлекеттен қолдау қажет пе, грант та, несие де қарастырылған.Тек ұмытылу керек, ерінбей, еңбектену қажет. Негізі өмірдің қағидасы да осы емес пе?! Әсіресе мұратына тек талпынған жеткен қазіргідей заманда жастар жағы осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өздерінің сүйікті ісімен айналысып жатқанын байқап қуанасың. Мұндай жарқын істердің үлгісін тілшіміз өз сапарында Мерген ауылдық округінен көріп қайтты.

Мал-жаны түгел округ

Жайықтың тап іргесінде орналасқан округте 1361 тұрғыны бар. Әманда іргелі істің алдынан көрінетін бұл мекенде 81 шаруа қожалық, 4 ӘӨК, 10 жеке кәсіпкер және 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істеуде. Бұрыннан да мал шаруашылығы саласында көштің алдын бермейтін Мергенде биыл «Жолап» және «Шығанақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ашылған. Жеке тұрғындар малының бағымымен айналысатын кооперативтердің қадам алысы жаман емес. Қазір олар босалқы жер қорынан тиесілі телім алып, субсидия есебінен өздеріне шаруаға қажетті техника алуға қамдануда.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында Мерген ауылдық округінде қолға алынған жұмыстар қарымды. Мәселен, зейнеталды жастағы азаматтарды жұмыспен қамтитын «Күміс жас» жобасы арқылы 3 адам қызметке алынған. Сонымен қатар еңбек жолын енді бастаған қыз-жігіттерге арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 5 адам қатысып, қызметін бастап кетті. Әлеуметтік жұмыс орнына алынған 3 адам шаруа қожалықтарда еңбек етуде. Бұл бағыттың жеке кәсіпкерге берер пайдасы мол – себебі қызметкерге тиесілі жалақының 50 пайызы мемлекет есебінен төленеді.

Әрине, ауылдастарына тиімді, осы мекенге лайықты кәсіпті қолға аламын дегендерге ең тиімдісі – мемлекеттік грант. Жаңа бизнесті іске қосу және дамытуға бастапқы қайтарылмайтын капитал ретінде де таптырмайтын мүмкіндік десек, ешкім қарсы бола қоймас. Осы ретте оқырмандар үшін мемлекеттік грант туралы ақпаратты қайталап жаза кетсек: бизнесті дамыту үшін берілетін қайтарымсыз қаражат көлемі 400 АЕК-ке (1 225 200 теңге) дейін. Жоба аясында бір рет грант ұтқан адам екінші мәрте қайта өтініш бере алмайды. Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал Мергенде осы мүмкіндікті 3 жас мүлт жібермей, грант ұтып алып, өз жұмыстарын бастап кеткен.

Ауылда наубайхана ашылды

Осындай мемлекеттің берген жеңілдігін пайдаланып отырған жанның бірі – Алтын Қалимеден. Ауылдың қақ ортасындағы шағын ғана ғимараттан наубайхана ашып, жұмысын бастап кеткеніне көп бола қойған жоқ.

IMG_1717

Алтынның істе ширақтығы – бұрыннан да үйде қол қусырып қарап отырмай, түрлі тәттілерге тапсырыстар қабылдап жүр. Әрине, қолынан келетін жұмысты әркім де әрі қарай жетілдіргісі, өрістеткісі келеді, тек қаражат болса. Грант қаражатын иеленуге мүмкіндік бар екенін білген бойда, қажетті құжаттарды рәсімдеп, тиісті оқуын оқып, еш ойланбастан бизнес-жоспарын құрды. Осылайша жас келіншектің тілегені алдынан шығып, қазір халықты нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған оның қуанышында шек жоқ.

– Қолыма тиген қаражатқа Ақтөбеден нан өнімдерін пісіретін «Shunmai» атты пеш сатып алдым. Аппарат бір мезетте 15 келі ашытқы дайындап, содан 24 нан пісіреді. Бүгінде күніне 50 нандай өтеді. Келешекте тұтыну көлемі артса, наубайхананың өндіріс қуатын ұлғайту да жоспарымда. Тек нан емес, ауылдастардың сұранысына сай түрлі тәттілер де пісірмекпін, – дейді жас кәсіпкер.

Бұрын ауылда наубайхана болмаған. Адамдар нанды ауылдағы дүкендерден немесе аудан орталығынан сатып әкелетін көрінеді. Енді наубайхана ашылып, игі бастамаға ел болып қуанып жатқан жайлары бар. Ауыл тұрғындары үшін наубайхана ашылғаны тиімді. Себебі ыстық нан, сонымен қатар түрлі тәттілердің де пісірілетіні де тамаша емес пе?! Әрі жас кәсіпкер өзімен қатар тағы да екі ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.

Екі баланың анасы Алтынның қазір шаруасы шаш-етектен, бір жағынан отбасы қамы, екіншіден жұмысын енді бастаған наубайхананың жұмысын ширату қажет. Цехтың ішінде ып-ыңғайлы қимылдап, сан шаруаны бір мезетте атқарып жүрген оның осы іске қолының епсегі бар екені анық көрінеді. Алдағы уақытта қолға алған жұмысы ойдағыдай дамып кетсе, шағын асхана ашып, бизнесін кеңейту ойда екенін бөлісті.

Автоцехтан кісі арылмайды

Ерлан Жұмағұлов – отыздан енді асқан жігіт. Бұрыннан көліктің тілін меңгерген ол грант ұтып алу үшін бизнес-жоспар жасақтағанда, кәсібін осы бағытқа бейімдеген.

IMG_1723

Бұл саланы жетік меңгергені соншалық, арнайы комиссия алдында өз жоспарын қорғағанда, ешкімнің де осы жұмысты Ерланның дөңгелетіп әкететініне шүбәсі қалмаған. Расында да, грант қаражатына 11х4 метр көлемде арнайы автокөлік қарайтын гараж салып алған ол оның ішін жеңіл көлікті жөндеуге қажет құрал-жабдықтармен толтырып қойған. Ерлан тұрғындарға бұдан өзге қозғалтқыш, автокөлік бөлшектерінің ақауын жөндеп, байқастау және басқа да ірілі-ұсақты қызметтер көрсетеді. Айта кетерлігі, қызмет бағалары қаладағы бағамен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

– Көлік жөндетуге келгендер қосалқы бөлшектерін өздерімен бірге алып келеді. Болашақта осы гаражымның қасынан шағын дүкен ашып, тұтынушыларға көлікке нағыз қажетті бөлшектерді өзім ұсынбақ ойым бар. Мұндай сервисті ашу бұрыннан жоспарымда еді. Соның сәті енді келген секілді. Кез келген кәсіпкер өз жұмысын тұтынушылардың көңілінен шығуға бағыттау қажет. Менің де мақсатым осы – сапалы қызмет көрсету. Мергендегі көліктер өз алдына, сонымен қатар ауылымыздың тұсынан сынып қалған көліктер де біздің қызметімізге жүгінеді, – дейді жас кәсіпкер.

Шаруасына мұқият әрі өз ісінің шебері Ерлан үйінің жанынан шағын жер алып, соған көлік сырлайтын гараж салғысы келетінін айтты.

Ақбалада бақ жайқалсын

Ақжайық бұрын иісі аңқыған алмасымен көпке танымал болғаны үлкендердің есінде шығар әлі. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында жайқалып тұрған бақтар тозып, артынан алмалы мекен болғанымыз да ұмытыла бастады. Соңғы кезде кәсіпкерлер осы кәсіпті қайта жаңғыртуға ден салып келеді. Солардың қатарында Ақмарал Мирасова да бар. Ол – Мерген ауылдық округінің Ақ бала қыстағында тұратын көпбалалы ана. Грант ұтып алған Ақмарал республикаға белгілі бағбан Қайрат Кәрімовтен 15 алма, 5 алмұрт, 2 өрік, 60 таңқурай, 5 өріктің талын алып, сонымен қатар  3 бас ірі қара сатып алып, өз алдына кәсібін бастап жатыр.

Түгін тартсаң, майы шығар шұрайлы жерді мекен еткен Ақмарал осы күзде отырғызған көшеттерінің тамыр тартып, екі-үш жылдан соң жеміс бере бастайтынына сенімді.

Мерген ауылдық округ әкімі Жұмабек Ғалымжановтың айтуынша, округте грант ұтып, қаражаты түскенін күтіп отырған тағы екі жас бар. Олардың біреуі арнайы аппарат сатып алып, қай-қайсымыз да кәдемізге жарата алмай, күл басына лақтыра салатын жүнді түтуді қолға алып, шикізат ретінде пайдаға жарату. Ал екінші грант иегері  сүтті ешкі алып, оның өнімдерін саттыққа шығарғысы келеді.

Көріп отырғаныңыздай, мергендік азаматтардың, соның ішінде жастардың талпынысы толымды тірлігі көпке үлгі болғандай. Әрине, қай-қай істің басында талай қиындықтар болады, дегенмен соның бәріне төтеп беріп, өзіне де, ауылына да пайдасы тиер іске тәуекел еткен осындай кәсіп иелеріне қарап, риза болдық.

Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале