8.11.2022, 10:45
Оқылды: 52

«Ұрпағың қарсы ал, Семей, Жаһаншаның!»

Жуырда Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары  педагогикалық колледжінің бір топ студенті Алаштың Күншығыстағы  тарихи шаһары  –  Семей қаласына барды. Семей мұғалімдер семинариясының түлегі, Қазақ КСР Ғылым Акамедиясының академигі, қоғам қайраткері, классик  жазушы М.Әуезовтың 125 жылдығына арналған «Әуезов әлемі» атты республикалық танымдық-шығармашылық фестиваль аясында еліміздің түкпір-түкпірінен жырқұмар жастар жиналды.

IMG-20221012-WA0143

Сүйікті оқу орнымыз – Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі дәстүрлі «Жаһанша жолымен» деп аталатын тарихи-танымдық экспедициясының бағытын Семей өңіріне бұрды. Бұған дейін экспедиция мүшелері бірнеше қала мен тарихи орындарға сапарлап еді. Биыл Семейдегі Алаш ұлыларының білім ордасы болған Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжі «Әуезов әлемі» атты республикалық байқау ұйымдастырды. «Жаһанша жолымен» атты экспедиция аясында төрт студент болып Семейге бет алдық. Оның ішінде оралдық екі студент «Әуезов әлемі» атты республикалық байқауға қатысты.

Батыс өңірінен шығыс өлкесіне дейін ұзақ жол жүріп өтіп, теміржол бекетіне аптығып, қобалжып түскен жастар көңілін Семей шаһарының әсем көркі мен ыстық ықыласы жадыратып жіберді. Шаршаңқы қалыптан сап тыйылып, қаланың көрікті жерлерін көруге асықтық. Бізден бір апта бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келген екен. Мемлекет басшысының алдында Әуезов атындағы оқу ордасы терең тарихы мен бүгінгі биігін паш еткен сынды, абыройы одан әрмен асқақтай түскендей сезілді. Алғаш барған жеріміз мемлекет басшысы ашқан «Шәкірт пен ұстаз» ескерткіші болды.

Мұхтар Әуезов пен шәкірті Қайым Мұхамедханов – ұстаз бен шәкірт бейне тылсым тілде сөйлеп тұрғандай. Екі бірдей алыпты, шынында, бөліп-жару айып. Әдебиет әлеміне, қалың бұқараға Абайдың танылуына сүбелі үлес қосқан тұлғаларды мәңгілік жадымызда сақтауға тиіспіз. Кейін қарама-қарсы тұста орналасқан Абай даңғылына бардық. Бұл жер Оралдағы Абай ескерткіші тұрған алаңды еске салады. Екі қаладағы ескерткіштерде айтарлықтай ұқсастық байқалады екен. Семей шаһарында Абайды кеңінен насихаттау бұрыннан қолға алынғаны белгілі әрі заңды. Себебі Абайды еске түсіретін ескерткіштерден бөлек, Абай театры мен Абай музейі бар. Абай музейінде қаламгер данагөйіміздің қолданған дүниелері мен киімдерінің түпнұсқасы қаз-қалпы сақталған екен. Музей ішіндегі безендірулер құдды бір ХIХ ғасырға саяхаттауға шақыратындай.

Қала ішінде тарихи кешендер жетерлік. Соның бірі – Бейбітшілік аралы. Бұрын бұл мекен Түйемойнақ аралы деп аталған. Кейін Тәуелсіздік алған шақта «Бейбітшілік аралы» деген атқа ие болған.

Бұл жерде Тұңғыш Президентіміздің Семей полигонын жабу туралы жарлығы мәрмәр таспен қаріптелген. Сондай-ақ «Өлімнен де күшті» мемориалы орналасқан. Дүмпу-дүмпу ядролық жарылыстың астында қалған ананың баласын қапсыра құшақтап қорыған көрінісі махаббаттың өлімнен де күшті екенін көрсетеді. Алаштанушы ғалым Дәметкен Досмұханқызының айтуынша, ескерткішті қақ жарған жарылыс екі бірдей тағдырды баяндайды. Ұшар биігінде орналасқан күн ендігі  ғұмырдың шуақты да шырайлы болатыны туралы сыр шертіп тұрғандай.

Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжге бардық. Есік алдынан Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, колледж директоры Шағангүл Жанаева қарсы алды. Колледждің сыртқы қабырғасында осы бір оқу орнынан түлеген Алаш арыстарының бұрышы бар. Онда Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтпаев, Нұрғали Құлжан, Хәлел Ғаббасов, Нәзипа Құлжанова секілді педагогтер мен қоғам қайраткерлерінің есімдері жазылған. Сөз арасында Шағангүл Жанаева колледж ауласына концерттік зал салу ұсынысы мемлекеттік жоспарға алынғанын, келесі жылдан бастап құрылысы басталатынын айтты. Құрметті қонақтарға арнап аула ішінде киіз үй де тігіліпті. Колледж аудиторияларына осы білім ошағында оқыған тұлғалардың аты-жөндері беріліпті. Колледж мақтаныштары және «Үздік Әуезовшы» төсбелгісінің иегерлеріне де дербес бұрыш тиген. Олардың ішінен тұстасымыз – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Ақжол Түменбайды байқадық.

Келесі күні көптен күткен «Әуезов әлемі» атты Мұхтар Әуезовтың шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған конкурс басталды. Еліміздегі 18 білім ордасынан 20 қатысушы бақ сынаған бұл байқауда павлодарлық Айтқожа Жанэль бас жүлдені жеңіп алды. Жаһанша колледжінің оқытушысы Бақытханым Кәрімова Әуезов шығармаларын насихаттау мақсатында бейнебаян түрінде ашық сабақ өткізіп, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Байқау соңы Абай театрында студенттердің қойылымдық кешіне ұласты.

Үшінші күні 600 шақырым жол жүрдік. Мақсат – Абай-Шәкәрім мемориалдық кешеніне бару. Семей маңында орналасқан Бөрілі ауылына, Мұхтар Әуезовтың музейіне ат басын бұрмай кету мүмкін емес. Мұхтардың тұрған үйі. Жар құшып, алғаш сәби сүйген шаңырақ. Қазіргі таңда музей ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, тарихи келбеті көз тартады. Жол үстінде «Қорғансыздың күні», «Еңлік-Кебек» шығармалары арқау болған мүсіндерге де  назар тоқтаттық. Айналада тау жыныстары мен ұсақ шөгінділер бар. Шығармаларда Кебекті ат құйрығына байлап, тау-тасқа сүйретіп, азаппен өлтірілгені жазылған.

Күшікбай батырдың тау шыңына шығып, соңғы демі үзіліп, мерт болған төбешікті көресіз. Бейітте белгі болып дулыға іспеттес сұр темір қалыпты. Ғазиза мен Жақыптың қайтыс болған жерлерін де көрдік. Оның жанында таудан аққан Күшікбай бұлағынан да су іштік.

Ендігі бағыт – Абайдың туған ауылы Жидебай. Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінде Абай ата және оның немере інісі Оспан, Шәкәрім мен оның баласы Ахат жерленген. Кешен жанында Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжанның да кесенесіне барып, зиярат еттік. Жидебайда Абай музейі бар. Абай өз өмірін өткізген үй музейге айналған. Киген киімдері мен тұтынған заттарынан бөлек, жасанды тісіне дейін сақталған екен.

Біз бір апталық сапарда өзіміздің оқыған әдеби туындыларда суреттелген жерлерді көріп, қазақ әдебиетіне өшпес мұра қалдырған тұлғалардың бейіттеріне зиярат етіп, музей-мұражайларға айналған баспаланарын тамашаладық. Өзімізге рухани байлық алып, шығармашылық әсерде болып қайттық. Барар жолда бір ерек шабыт кернеп, жүрекке тамшылаған ой өлең болып төгілді.

Уа, Семей!

Ұлыларға ана болған дүр мекен,

Даналарға даңқ сыйлаған нұр мекен.

Мына шаһар бақтың гүлін құшса да,

Кешкен ауыр күндерің де зілге тең.

 

Ұлағатпен еске аламыз өткенді,

Еске аламыз осында өткен көктемді.

Айтсам егер хәкім Абай, Мұхтар бар,

Қазағына қалдырған ғой көп белгі.

 

Жырым менің жаралған нақ алмастан,

Шертіп жатыр сыр қылып далам дастан.

Мен аунап өскен жерде дүбір салып,

Топырағын кезінде Қадыр басқан.

 

Көркіңе көзі жетсе зарығар кім,

Бағамдармын, ой түйіп, саралармын.

Бір көру, шынында да, арман екен,

Бейітін де тау тұлға бабалардың.

 

Ұмтылмастай бұл да бір болар сағым,

Қатайын өр еліме бабамша үн.

Ордасына Алаштың Алаш келді,

Ұрпағын қарсы ал, Семей, Жаһаншаның!

Асқар Сүлейменовтың мына сөзі Жидебайда алғаш болып есімізге түседі.

«Біз, ақындар, Алматыдан шыққанымызбен, Жидебайға табыну үшін барамыз.

Себебі Жидебай – ақындардың Меккесі». Шынымен де, Абай мен Шәкәрімді һәм Мұхтардай тұлғаларды түлеткен Семей өңірі – қасиетті өлке. Сондай қадір-қасиеті мол өлкеге барып келгенімізге, жол түскеніне әлі де сене алар емеспіз.

Нұрым Ғұмар,

Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің студенті,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале