10.11.2022, 11:31
Оқылды: 178

10 қараша – Дүниежүзілік сапа күні - «Мade in Kazakhstan» ұлттық бренді

Жыл сайын қараша айының екінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сапа күні аталып өтіледі. Алғаш рет бұл мереке Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен 1989 жылы әлем елдерінде тойлана бастады. Ал елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздары мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсын жыл сайын өткізу туралы» 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығы шыққан күннен бастап атаулы мейрамға айналды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткер кәсіпорындардың өнімі жоғары сұранысқа ие болып қана қоймай, бірнеше көрсеткіш бойынша үздік нәтиже көрсетуі керек. Нақтырақ айтсақ, мұндай көрсеткіштерге сапа деңгейі, тұтынушылардың пікірі, бизнестің даму үрдістері, инновациялар, даму стратегиялары, ресурсты үнемдеу, кадрлық саясат, қоғамды дамытуға арналған әлеуметтік бағдарламалар, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар және т.б. жатады.

1

Фото дереккөзі: lada.kz

«Алтын сапа» сыйлығы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын», сондай-ақ «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» мен «Ауыл шаруашылығы және/немесе азық-түлік тауарларын шығаратын үздік кәсіпорын» аталымдары бойынша табысталады. Компаниялардың өнімдері алдымен өңірлік деңгейде іріктеліп, озықтары «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесіне жолдама алады. Бұл іс-шаралардың басты міндеті – «Мade in Kazakhstan» брендіндегі өнімдерді таныту және отандық тауар өндірушілерді халықаралық стандарттарға жетелеу.

Осы орайда айта кетсек, былтыр Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алу үшін батысқазақстандық бес тауар өндіруші байқау-көрмеге қатысып, «Кублей» ЖШС мен «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС аталмыш сапа сыйлығына ие болды.

Соған орай мереке қарсаңында өз өңірімізде өндіріліп, кең байтақ еліміздің өзге облыстарына, қала берді, шетелге экспортталатын бірнеше тауарды көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Егер, сіздің ойыңызша, жалпақ жұртқа жар салып, жарнамалайтындай отандық өнім болса, бізге хабарласыңыз.

«Алтын сапаға» ие кәсіпорындар

«Кублей» бренді

4

«Кублей» ЖШС 1992 жылы қараша айында ет қалбырларын өндіретін кәсіпорын ретінде құрылған. Қазіргі таңда Талғат Берекешев басшылық ететін кәсіпорын ауысымына 150 мыңнан астам жоғары сапалы ет қалбырларын шығарады. Өнім түрлері 100-ден асады. Соның ішінде ет, өсімдік қалбырлары мен деликатестер, сондай-ақ теңіз және өзен балығынан жасалған өнім түрлері бар. Серіктестік 2012 жылдан бері көкөніс қалбырларын өндіруді жолға қойса, 2018 жылдан бері концентрленген сүтті өндіріп келеді.

СТ РК ИСО 9001-2001 және СТ РК 22000-2006 (HACCP) сапа менеджменті жүйесі енгізілген кәсіпорында 700-ге жуық жұмысшы еңбек етеді.

«Кублей» ЖШС ет өңдеу кешенінің жалпы қуаты жылына 20 мың тонна ет өндіруге есептелген.
Мал сою (ауысымына 250 бас ірі қара, 1 мыңдай қой союға болады) және ет өңдеу цехтары толықтай аутоматтандырылған, онда жоғары сапалы еуропалық жабдықтар орнатылған. «Кублей» компаниясының өнімдері Ресей, Иран, ҚХР, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Италия, Түркия секілді елдерге экспортталады. Кәсіпорын – «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарының бірнеше мәрте жүлдегері.

*   *   *

«БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС – ел бойынша аутоматтандырылған газ таратушы құрылғыны шығаратын жалғыз кәсіпорын. Серіктестік 2006 жылы құрылған. Содан бері кәсіпорын жоғары сапалы газ жабдықтарын өндіріп келеді.

8

Аутоматтандырылған газ таратушы станса табиғи, ілеспе мұнай газының жоғары қысымын төмендетуге және белгіленген деңгейде ұстап тұруға, газды қыздыру, тазарту шығынын өлшеуге, тұтынушыларға таратар алдында газ иісін өңдеуге (одиризация) арналған. «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Каз-ТрансГазАймақ» АҚ және мұнай-газ саласының басқа да ірі кәсіпорындары – «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-ның сенімді серіктестері.  Сондай-ақ компания ірі торапты газ кешендерін құрастырады. Серіктестік шығарған жабдықтар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Алматы облыстарында қолданылуда.

Мұнда 140-қа жуық адам еңбек етеді. Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпорында инженерлік-техникалық құрам үшін аттестатталған оқу сыныбы бар. Сол арқылы аутоматтандырылған газ таратушы стансада жұмыс істейтін операторларды дайындауда.

«БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС 2016 және 2018 жылдары «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсында «Өңірлік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша жеңімпаз болды. Ал былтыр мұнай-газ саласындағы елеулі жетістігі үшін отандық компанияға ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы берілді.

*   *   *

Сондай-ақ былтыр ҚР Президентінің «Алтын сапа» көрме-байқауында «Кемел іскерлік» аталымын оралдық «Орал сауда-өнеркәсіп компания» ЖШС иеленген еді.

5

Серіктестік Оралда 1981 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан пластмасса бұйымдары зауытының негізінде құрылған. Өндірістік кешен 12 цехтан тұрады және өнеркәсіп кәсіпорындарына тән толық инфрақұрылыммен жабдықталған.

Жалпы кәсіпорын сумен, газбен жабдықтау, телекоммуникация, технологиялық құбырлар жүйелері үшін диаметрі 20-дан 1600 мм-ге дейінгі полиэтилен құбырларын, көпқабатты құбырларды, металл жабынқышты, пішінделген қаңылтырды, жол белгілері мен қауіпсіздік техникасы бойынша белгілерді, пластмассадан халық тұтынатын тауарларды өндіреді. Компания жылына 37 200 тонна полиэтиленді қайта өңдей алады. Өндірілген өнімдер ел аумағында қолданылады және олардың 20%-ы Ресей Федерациясының нарығына жіберіледі.

Кәсіпорынның барлық экструзиялық желісі гравиметриялық өлшеу жүйелерімен жабдықталған.
Сондай-ақ мұнда аттестатталған сынақ зертханасы бар. Зертханада нормативтік құжаттарға сәйкес құбырлардың физикалық-химиялық көрсеткіштері айқындалады және олар қажетті сәйкестік сертификаттарына ие.

*   *   *

Орал трансформатор зауыты 2014 жылы Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған. Экспорт көлемі 95%-ды құрайды. Зауыт шығарған трансформаторлар мен панельдік жабдықтар ел аумағында ғана емес, Ресей Федерациясында, Грузияда, Әзербайжанда және Арменияда пайдаланылуда. Кәсіпорында үш ауысымда 300-ден астам адам жұмыс істейді. Зауытта еуропалық брендтердің соңғы буын жабдықтары орнатылған және мұнда жылына 12 мыңнан астам трансформатор дайындалады.

7

Зауыт 2019 жылы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Алтын сапа» Президент сыйлығымен марапатталды.

Отандық өнімдер

«Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ – өңірдегі ұн және макарон өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Комбинат жоғары сападағы өнімдерімен облыс тұрғындарын ғана емес, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда өңірлерін қамтып отыр. Бүгінде кәсіпорын аумағында үш макарон фабрикасы бар. Фабрикаларда итальяндық «ITALPAS» фирмасының жабдықтары орнатылған. Бұларда макаронның 20-дан астам түрі шығарылады. Оған қоса ұзын макаронның 6-7 түрі және асқа арналған жайма да бар. Комбинатта жалпы 600-дей азамат еңбек етуде.

6

«Белес-Агро» ЖШС – ұн мен макарон өнімдерін және сұйық май өндірумен, астықты сақтаумен айналысатын өңіріміздегі ірі компания. Серіктестік ұн тарту саласындағы әлемдік көшбасшы швейцариялық-германдық «Buhler» фирмасының заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Мұнда «Қазақстандық», «Классик», «Экстра», «Мерекелік» ұндары және макарон өнімдері дайындалады. «Белес-Агро» зауыты тәулігіне 370 тонна астық өңдейді және «Белес» сауда маркасымен флексті қаптарға 10, 25, 50 келі және 1, 2, 5 келілік қағаз пакеттерге жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұнды салып дайындайды. Тәулігіне 280 тонна ұн сатылымға шығарылады.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале