ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов таяу уақытта бензин бағасының көтерілу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұған дейін айтқанымдай, біз Жаңа жылға дейін бензин бағасын көтергелі отырғанымыз жоқ. Жалпы, келесі жылға да әзірше қорымыз бар. Дегенмен, әрине бәрін жағдайға байланысты қарастыратын боламыз», - деді Болат Ақшолақов Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Таяуда министр «Қазақстанның жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 бензині неге арзандамайды?» деген сұраққа жауап берген болатын.
«Керісінше, біз АИ-92 маркалы бензин бағасының тұрақтылығын ұстап тұрмыз. Қазіргі міндет – сол бағаны сақтап қалу. АИ-92 бағасы 182 теңгеден бастап, кейбір өңірлер 187 теңгеге белгілеуге мәжбүр болды. Себебін түсіндірейін. Мысалы, ШҚО, бұл өңір мұнай өңдеу зауыттарынан шалғай орналасқан. Яғни бензинді жеткізу тек автовоздармен жүзеге асырылады. Теміржол қатынасы жоқ. Сондықтан жекелеген өңірлерде АИ-92 бензині бағасын 187 теңгеге дейін көтеруге келістік», - деген еді Болат Ақшолақов.