Ағымдағы жылы ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан № 833 қаулысымен «24 қазан - Кітапханашылар күні» болып бекітілді. Осы орайда кітапханалардың жұмысын жандандырып, сала мамандарының беделін арттыру мақсатында бекітілген бұл айтулы күн кітапханашылар үшін ерекше датаға айналды.
Фото: egemen.kz
Қасиетті қазынаны сақтап, жас ұрпақтың өскелең талабын қанағаттандыруда, рухани байлығын, жалпы ой-өрісін, жоғары эстетикалық талғамын дамытып, тәуелсіз ел жастарының мәдени-танымдық қабілетін қалыптастыратын орта – бұл кітапхана. Ұрпақтан-ұрпаққа көздің қарашығындай рухани азықты сақтап, том-том болған кітапты киелі орын – кітапхана қорына жинап отырған кітапханашылардың еңбегі зор. Ал кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазіргі кезде балалар кітапханасының өз тұрақты оқырмандары бар. Атап өтсек, Гүлнұр Ғайни, Дильназ Адиетова, Сұлтан Жақсығұлов секілді жас оқырмандарымыз кітапханамызға жиі келіп, өздеріне керекті әдебиеттерін алып тұрады. Аудандық орталықтандырылған кітапханаға Лұқпан Шүкеев, Жаңыл Мұханалиева және Анель Киреева сынды оқырманымыз келіп тың дүниелермен танысып тұрады. Қазіргі уақытта 1626 дана кітап қоры бар. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашылықтың көпшілік біле бермейтін, көзге елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы толық мағлұмат алу үшін жан-тәнімен беріліп қызмет жасайтын маман иелері бар. Светлана Киреева, Елена Мусина, Бибігүл Есбул, Болған Бисембаева, Жарқын Табенова және Миргүл Жұмашева сынды кітапханашылар халыққа мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Аудан орталығында еңселі ғимаратта орналасқан аудандық орталықтандырылған кітапхана әрбір адамның бойына рухани күш, ойына серпін, қабілетіне таным береді. Кітапхана табалдырығынан аттаған бойда басқаша әлемге енгендей сезімде болатыны да оның киелілігі мен құдіретінде. Әрбір ауылдық елді мекендерде сақталған мәдениет ошақтары - кітапханалар бүгін де ел игілігі үшін қызмет атқаруда.
Бақтыгүл Шотанова,
Тасқала аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің библиографы