Сырым аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен, Сырым мектеп-лицейінің бастамасымен 5-8 сынып оқушылары арасында математика пәнінен «SYRYM LUCEUM CUP» аудандық олимпиадасы өтті.
Аудан орталығынан бөлек, әрбір ауылдық округтен білім додасында шыңдалмаққа 16 мектептен 100-ден астам оқушы қатысты.
Көздерінде оты, жүректерінде қобалжу бар есеп шығарудың жас та болса хас шеберлері олимпиадаға тіркеліп, қолдарына тестілеу сұрақтары мен жауаптарын белгілеуге арналған парақтар таратылды.
Аса қиынға соқпаса керек, біреулері алдындағы ақ параққа есептерді тізбектей жөнелді.
Жауап парағын тапсырып шыққан оқушылар түгелдей акт залда математика пәнінің мұғалімдерімен тестілеуде берілген есептерді талдаса, ұстаздар кейбір есептердің шығарылу жолын түсіндіріп берді.
Аудандық пән олипиадасынан оқушылар олжасыз кетпеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, 5-8 сынып оқушыларының ішінде жақсы нәтиже көрсеткен қатысушыларға алғыс хаттар табыс етілді. Одан бөлек, жеңімпаздарға арнайы ауыспалы кубок берілді.
Ауыспалы кубоктың иесі кімдер?
Келесі жылы математикадан аудандық пән олимпиадасы қай мектепте өтеді?
Толығырақ «Сырым елі» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы