17.11.2022, 10:46
Оқылды: 99

Бөліп төлеу қаншалықты тиімді?

Тұрғындар тұрмыстық техникалар мен жиһаздарды сатып алу үшін несие рәсімдейді немесе бөліп төлеуді таңдайды. Осы бөліп төлеу жөнінде көпшіліктің пікірі екіге жарылады. Бірі қолма-қол ақшасы жоқтарға пайдалы десе, екіншісі «Бұл не деген батпан құйрық?» деп оған күмәнмен қарайды.  

img_6704_4_1 (1)

Фото дереккөзі: sulpak.kz

Әсіресе «Kaspi Жұма» атты екі жылға бөліп төлеу акциясы жиі ұйымдастырылады. «0-0-12» науқаны кезінде ірі сауда орталықтарында кісі қарасы көп болады. Осыдан-ақ тұрғындардың бұл науқанның пайдасын көріп қалғысы келетіні байқалады. Біз Алматы қаласындағы UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықтан бөліп төлеудің пайдасы мен зияны жөнінде сұрадық.

IMG-20221116-WA0115

– Бөліп төлеу инструменті, негізінде, халық үшін ыңғайлы, пайдалы. Мысалы, қымбат затты бірден сатып алу қиын. Себебі отбасы біраз шығынға батады. Ал бөліп төлегенде заттың құнының үстіне пайыз қосылмайды. Сондықтан тауар құнын ұзақ мерзімге бөліп төлеу тиімді әрі отбасылық бюджетке көп ауыртпалық түспейді. Бірақ бөліп төлеуге соншалықты құмартуға да болмайды. Өкінішке қарай, біздің елде үйге керек заттың барлығын бөліп төлеу арқылы алатындар бар. Соның салдарынан оның мөлшері бірнеше несиеден асып кетуі мүмкін. Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, да-мыған мемлекеттердің барлығында халық несиеге тауар алады. Бірақ оларда несие пайызы өте төмен. Отбасылық бюджеттің 12-20 пайызы ғана несиеге жұмсалады. Ал Қазақстанда несиені де алады, бөліп төлеуді де пайдалана береді. Содан отбасы табысының 20-30 пайызы былай тұрсын, 50 пайызынан астамы несие төлеміне жұмсалады. Тіпті «шағын мемлекет» психологиялық тұрғыдан күйзеле бастайды. Әрине, «несие алмау керек» немесе «бөліп төлеу қызметін пайдаланбаған жөн» деген қағида жоқ. Тек олар үшін төленетін төлем табыстың 30 пайызынан аспауы керек. Осы жағдайды барынша есте ұстаған жөн, – деді экономист. Маманның айтуынша, банктер бөліп төлеуден аса шығынға ұшырамайды. Тұтынушылары көп өте ірі банктер кез келген сауда орындарымен келісімге келе алады. Банктер сауда орындарына тауарды өзінің маркетплейсіне, яғни электронды дүкеніне шығарып, бөліп төлеу арқылы сатуға ұсыныс жасайды. Бірақ сол үшін кәсіпкерден табысының белгілі пайызын сұрайды. Осылайша, банктер дүкен иелерімен алдын ала келісімге келеді.

– Екінші түйткіл – базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты. Бұл – ҚР Ұлттық Банктің қойып отырған негізгі пайызы. Кез келген банкке теңге керек болса, Ұлттық Банктен немесе өзге банктен ақша алады. Былтыр осы пайыздық мөлшерлеме ең төменгі 9 пайызбен берілді. Қазір ол 16 пайызға дейін көтерілді. Банктер тұтынушылық несие рәсімдеген кезде аталған пайызды 3 есе етіп есептейді. Сондықтан бүгінде тұтынушылық несиелердің пайыздары 45-50 пайызға дейін жетті. Бұл – өте қиын жағдай. Мұндай несиені алудың қажеті жоқ. Базалық пайыздық мөлшер­леме неғұрлым өскен сайын бөліп төлеу инструменті тоқтап қалады. Себебі бұл кезде банктерге бөліп төлеуге беру тиімсіз. 2015 жылы теңге еркін айналымға көшкен кезде базалық пайызды 17 пайызға көтерді. Сол кезде көптеген екінші деңгейлі банк бөліп төлеу инструментін тоқтатып, 23 пайызбен несие бере бастады. Базалық пайыздық мөлшерлеме өссе, осындай жағдай қайталануы мүмкін. Мұндай жағдай не үшін жасалады? Себебі қазіргі кезде инфляция жоғары. Тауарлардың бағасы қымбаттады. Ал бөліп төлеу инструменті сияқты тәсілдер тоқтайтын болса, азаматтар көп зат алмайды. Тауар сатып алуға деген сұраныс азаяды. Сұраныс азаятын болса, тауарлардың бағасы да төмендейді. Ұлттық Банк инфляцияны төмендету үшін осындай қадамға барып отыр, – деді экономист. Сондықтан бөліп төлеудің ең маңыздысы – артық пайыз тө­лемейтіндігі. Бірақ бөліп тө­леген кезде де, несие алғанда да отбасылық бюджетке салмақ түсірмеу керек.

Қаржылық сауаттылыққа үйрететін https://fingramota.kz сайтының жазуынша, бөліп төлеудің артықшылықтары бар. Ол қолда қажетті сома болмаса да, қымбат тауар сатып алуға мүмкіндік береді; сатып алған тауарды «осы жерде және қазір» пайдалануға болады; кредиттік пайыздар бол­майды; жеңіл рәсімделеді. Бөліп төлеудің кемшіліктері де жоқ емес: бөліп төлеу қысқа мерзімге, бірнеше айға беріледі; ай сайынғы жарна сомасының мөлшері үлкен болғандықтан, барлық адамға рәсімделе бермейді; кейбір кезде бастапқы жарна енгізу қажет; дүкендер өтпей, жатып қалған тауарларынан құтылу үшін бөліп төлеуді ұсынуы мүмкін және  «бөліп төлеу оңай» деген түйсік негізсіз шығындануға, қажетсіз сауда жасауға әкеледі. Адамдар бөліп төлеу мен тұтынушылық кредиттер арқылы әлдеқайда көп сауда жасайды. Сатушылардың пайдасы артады, көп тауар сатылады. Осы ретте  Ұлттық Банктің биылғы екінші тоқсандағы қаржы нарығына жасаған шолуы (https://nationalbank.kz/kz/page/obzor-finansovogo-rynka) көзге түсті. Онда «Жеңілдікті автокредиттеуді іске қосу және ірі банктердің «0-0-12» акциялары тұтынушылық қарыздардың өсуіне жаңа серпін берді» делінген.

Енді бөліп төлеу жөніндегі екі түрлі пікірге құлақ түрелік. Оралдық  Мейрамгүл Каракулова бөліп төлеуге түбегейлі қарсы. Себебі бөліп төлеу адамдарды тауарды есепсіз сатып ала беруге үйретеді дейді. «Тұтынушы қаржысын оңды-солды жұмсауға бейім бо-лады. Бөліп төлеудің «торына» түседі. Қарызы көбейіп, ақша жинау мүмкіндігінен айырылады. Айталық, жақында «Kaspi Жұма» акциясы өтті. Адамдар тиімді жеңілдік шартымен және пайызсыз тауар сатып алуға жүгірді. Бірақ қаржыгерлер банктердің кез келген жағдайда ұтылмайтынын, яғни пайызды өздеріне қайтарып алатынын бұрыннан айтып келеді. Мұны оңай есептеп шығаруға да болады. Мәселен, ай сайынғы төлемді несиені немесе бөліп төлеу рәсімделген айлардың санына көбейту керек. Сонда «пайызсыз» сатып алған тауар құнының артқанын көреміз. Сондықтан затты ай сайынғы жалақыдан ақша жинап, қолма-қол ақшаға сатып алған жөн. Осылайша, қолда бар қаржыны орынды жұмсасақ, қарызды ойлаудың да қажеті болмайды», –  деді Мейрамгүл.

– Пайызсыз бөліп төлеу – тұтынушы үшін тиімді. Әсіресе 24 айға еш пайызсыз бөліп төлеу қалтаға «салмақ салмайтыны» түсінікті. Бірақ бұл науқандар тұтынушының жағдайы үшін ұйымдастырылмайды. «0-0-24» деген науқандар неге жыл соңында өтеді? Себебі өндіруші де, сатушы делдалдар да тауардың келесі жылға сөреде қалмағанын құп көреді. Жаңа тауар шыққанда ескі модель құнын жоғалтады, адамдар әрқашан жаңасын алғанды дұрыс көреді. Науқан кезінде онлайн дүкендерде тауардың аздап қымбаттағанын байқаймыз. Бағаны көтеретін банк емес, сатушылар. Банк пайызсыз бөліп төлеуді ұсынғанда өте көп тауар өтіп кетеді, сатушылар осыны пайдаланып бағаны көтеру арқылы көбірек пайда тауып қалғысы келеді. Тауар сәл қымбаттаса да, әдеттегі пайызбен несиеге алғаннан гөрі пайызсыз төлеу арқылы бәрібір арзанға шығады. Тек мұндай науқандар аяқталған соң, тауар бағасы орнына келмейді. Біртіндеп қымбатшылыққа әкелуде. Пайызсыз бөліп төлеу тиімді, алайда мұны әдетке айналдырып алмасақ болғаны, – деді журналист Нұрлыбек Нұрланұлы.

Қалай десек те, пайызсыз төлем көзге «ыстық» көрінеді. Бірақ «көрпеге қарап көсілу» де қажет екенін ұмытпаған  жөн  секілді.

Ясипа Рабаева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале