18.11.2022, 10:00
Оқылды: 160

«ROBO CUP - 2022» футболшы роботтар айқасы

 Сырым аудандық мектеп-лицейінде аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен, информатика пәнінің мұғалімі Жандос Мендешұлының бастамасымен «ROBO CUP -2022» басқарылатын роботтардың шағын футбол турнирі өтті.
image-18-11-22-01-56-9
Салтанатты ашылу жиынында Сырым мектеп-лицейінің директоры Самал Батырова құттықтау сөз сөйлеп, алғашқы роботтар жарысы аудан тарихында қаларын айтты.
Иә, расымен бұрын соңды ауданымызда құлтемірлер қақпашы атанып, шаршы алаңда шаңсыз сынға түсіп көрмегені рас.
Ол аз десеңіз, әдеттегі футбол турниріндегідей аяққа күш салып, жарақат алмай-ақ, қолдағы смартфон көмегімен ойнауға болатынына көз жеткіздік.
image-18-11-22-01-56-8
Аудандағы аталмыш турнирге 9 білім беру ұйымынан, 10 команда қатысты.
Жас өнертапқыштарға балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының «робот» үйірмесінің жетекшісі Асылбек Сержан, лицей директорының әдістемелік бағыт орынбасары Гүлнұр Кенесарина әділ бағасын берді.
Шаршы алаңның шетіндегі ойыншылар смартфон көмегімен «аяқдопшыларын» басқарғаны болмаса, өздері ойнағаннан кем түспеді.
Ойын қыза түскені сонша, түскі үзіліске шығатын да уақыт тапшы болды.
image-18-11-22-01-56-1
Нәтижесінде, III орынды алғабастық М.Қаналиев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің «БРАУЗЕР» командасы қанағат тұтса, ІІ орынға Бұлдырты орта мектебінің «ROBOTIK» командасы табан тіреді.
Лайықты жүлде, І орын алаңда қарсылас шақ келтірмеген Сырым мектеп-лицейінің «KING 1» иеленді.
Бір ерекшелігі, аталған роботтардың шағын футбол турниріне ауданның білім саласында еңбек етіп жүрген Жанна Жайманова, Жанат Брекеев, Сағынбай Бөпениязов секілді педагогтер демеушілік жасады.
Қатысушы командаларға аудандық білім беру бөлімінің атынан алғыс хаттар, жеңімпаздарға диплом мен демеушілер атынан қаржылай сыйлықтар берілді.
Алдағы уақытта робототехниканың өрісі кеңейіп, тек қана футбол емес, өзге де ойын түрлерінен «робот-чемпиондар» шығарына сеніміміз мол.
Сабақтан бос уақытта балалар телефонға телміріп, уақытты текке өлтірмей, жаңа «ойыншылар» ойлап тапса нұр үстіне нұр болар еді.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
 zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале