18.11.2022, 12:15
Оқылды: 75

«Алдағы 1,5 жыл қиын болады»: Отбасы банк басшысы тұрғын үй нарығына болжам жасады

«Отбасы банкте» тек мемлекеттің ақшасы бар деген – миф.

6376f7f049f4d256509757

Қазақстанда қазіргі күні 4 млн жас бар, алдағы 7-8 жылда тұрғын үй нарығында сұраныс арта түседі. «Отбасы банк»» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың пікірінше, отандық нарыққа жеке инвесторлар келіп, жекеменшік тұрғын үй құрылыс жинақ банкін ашу қажет. Бұл туралы ол Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында айтты.

– Ләззат Еркенқызы, биыл «Отбасы банктің» ипотека мөлшерлемесін көтерді. Күні кеше Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14%-дан 16%-ға көтерді. Екі күн бұрын Қаржыгерлер конгресінде Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлемені тағы да көтеруге дайын екенін айтты. «Отбасы банк» ипотека мөлшерлемесін көтеруі мүмкін бе?

– Иә, базалық мөлшерлеме 14% болғанда біз ипотека мөлшерлемесін көтердік. Жаңа баспанаға бастапқы жарна баспананың 50% салғанда 7% болды. Ол мөлшерлеме қалды. Тек қайталама нарықтан сатып алғанда бағалау көрсеткішін (әрі қарай – БК) санап, көрсеткіш 5-ке толмаса, салған жарнаға да, банктің берген сомасына да 11% санаймыз. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерсе де, біз ипотека мөлшерлемесін көтермейміз.

– Үкімет жақында жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын хабарлады. Сарапшылар «жеңілдетілген тұрғын үй бағасын көтерілуіне әкеледі» деген пікірде. Шынымен де солай ма?

– Қазір елдің бәрі «Отбасы банкте» тек мемлекеттің ақшасы бар деп ойлайды. Ол миф, ертегі дер едім. Себебі біздегі депозиттік портфель 2 трлн теңге, бұл – салымшылардың қаржысы. Қарыздардың 80%-ын біз аралық қарыз ретінде береміз. Яғни адам баспана алу үшін 50% өз ақшасын әкеледі. Берілген несиелердің тек 20%-ын «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Әскери баспана», «Ұмай» сияқты түрлі бағдарламалар құрайды, біз ол үшін қаржыны тартамыз. Егер ақшаны бюджеттен алсақ, «Шаңырақ» бағдарламасындағыдай тек 1% ғана қосамыз. 4% облигация шығарып, 5% несиелендіреміз. «Бақытты отбасы» бағдарламасы үшін бюджеттен 0,15% алып, 2% береміз. Сондықтан бізде толықтай мемлекеттің ақшасы бар деп айтқан шын мәнінде қате аналитика.

Меніңше, «Отбасы банктің» тұрғын үй құрылыс жүйесінің артықшылығы ол жабықтық, біз тұрғын үйден басқаға ақшаны жұмсамаймыз. Шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендірмейміз, корпоративтік клиенттерге қызмет етпейміз. Тек қана салымшыларға тұрғын үй қарыздарын ғана беріледі. Сәйкесінше, ол жабық болуы керек, басқа банктерге тұрғын үй құрылыс жинағымен айласудың қажет жоқ. Алайда нарықтың болашағы бар, қазір жастар көп, рәсми мәлімет елде 4 млн жас барын көрсетіп отыр. Соңғы 10 жылда туу көрсеткіші жоғары болды, алдағы 7-8 жылда сұраныс артады. Сондықтан жеке инвесторлар жекеменшік тұрғын үй құрылыс жинағы банкін ашса жақсы болады деп ойлаймын. Мәселен, біз депозит бойынша жылына 2% төлейміз, есесіне тұрғын үй қарыздарын 5%-бен бере аламыз. Жекеменшік банк базалық мөлшерлемеге қарамастан, депозитке жылына 5%-бен алып, 8%-бен беру мәселесін қарастыруы мүмкін. Жалпы түрлі құралдар жетеді. Алдағы 5 жылда түрлі жаңашылдықтарды көреміз деп ойлаймын. Тек алдағы 1,5 жыл өте қиын болады. Егер базалық мөлшерлеме көтерілетін болса, коммерциялық банктердегі ипотека қымбаттап, «Отбасы банкке» деген халықтың сұранысы арта түседі. Мысалы, қазан айында рекордық көрсеткіш болды – 112 млрд теңгеге несие берілді. 2023 жылы жинақтауға акцент жасауды жоспарлап отырмыз, БК-ін тиімді пайдаланып, салымшылар жинақтатып, кез келген қарызға минималды көрсеткіш қоюымыз мүмкін.

– «Отбасы банк» салымшылардың ақшасын жинап, үш жыл бойы БК көтерілгенше айналымға жібереді. Дәл сондай модельмен елімізде тұрғын үй кооперативтері жұмыс істеп жатыр. Сіздердің олардан айырмашылықтарыңыз неде?

– Бірнеше айырмашылығы бар. Біріншіден, біздің банкте лицензия бар. Ал кооперативтің ішінде қанша қаржы барын ешкім білмейді. Бұл жеке капитал деп аталады. Бүгінгі күні біздің банктің жеке капиталы 420 млрд теңге, яғни Отбасы банк – өте жоғары капиталды банк. Егер 2 трлн теңгені бізге салымшылар әкелсе, банктің өз капиталы 20% жоғары. Сәйкесінше, кооперативтердің кемшілігі олардың жұмысын реттейтін заң жоқ.

Екіншіден, оларда қаржылық тұрақтылық моделі де жоқ. Себебі бұл кооперативтердің негізін қалаушылардың үлесі минималды болғаны сонша, кейін ол түрлі қаржылық пирамидалардың құрылуына әкеліп соғады. Азаматтардың ақшалары жиналып, оны ұйымдастырған біреудің жеке мақсатына жұмсалады. Менің ойымша, негізгі айырмашылық осында.

Сонымен қатар екінші деңгейлі банк ретінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің барлық талаптарын орындап, пруденциалдық нормативтерді сақтап, оған қоса Қазақстанның депозиттеріне кепілдік беру қорына жыл сайын төлем төлейміз. Сондықтан біздің депозиттеріміз мемлекеттік институтпен кепілдендірілген.

– Көп жағдайда банктер өз есептерінде қандай сомаға қанша несие бергенін айтады. Алайда сол ипотека алып жатқандардың ішінде уақытылы төлей алмай отырғандар туралы ақпарат бар ма?

– Ондай көрсеткіш барлық банкте бар. Оны 90 күннен асқан проблемалық қарыз деп атайды. Әлемдік статистика бойынша қарыз алушы үш ай қатарынан төлей алмаса, проблемалық қарыз болып танылады. Бізде ол 0,7%. Ал әлемде ипотека бойынша шамамен 1% болып саналады. Екінші деңгейлі банктер ипотека бойынша проблемалық қарыздарын көрсетпейді, олар тек банктің барлық қарызы бойынша орта көрсеткішін айтады. Қазір ол Қазақстан бойынша 3%-дан 10%-ға дейін құрайды.

– Қаңтардан кейін Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның жобасы әзірленді. Қаржы министрлігі әзірлеген заңның қазіргі редакциясына сіздің алып қосар пікіріңіз бар ма?

– Ол заң жобасында жалғыз баспанасына байланысты проблема бар. Біз ипотека бойынша қарызды басым кезекке қою туралы ұсыныс айттық. Банкроттық процедурадан өткісі келетін адам кепілдегі баспанасын сатқан соң, алдымен банкпен есеп айырысып, артылған соманы алып қалатындай болу керек. Әзірге мұның бәрі талқыланып жатыр. Алайда бұл заң қазақстандықтардың ақшасы мен қаржы ресурстарына қолжетімділігін айтарлықтай күшейтеді. Жаппай банкрорттық басталғанда екінші деңгейлі банктер өзінің несие саясатын күшейтеді, мысалы электронды жолмен жылдам қарыз алудың өзі қиындай түсуі мүмкін.

– Басқа мемлекеттік бағдарламаларда мысалы «7-20-25» алайық, ипотека рәсімдеу кезінде комиссия жоқ. «Отбасы банктің» комиссиясы жоғары деген пікір бар. Мұнымен келісесіз бе?

– Жоқ, екінші деңгейлі банктердің ішінде ең төмен комиссия – біздің банкте. Коммерциялық ипотека бойынша саралап көрдік. Мемлекеттік бағдарламалар үшін бізде жеңілдік бар, ол шамамен 50%-ды құрайды. Мұны соншалықты үлкен проблема деп есептемеймін. Себебі ол сома ешқашан 150 мың теңгеден асқан емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале