21.11.2022, 10:45
Оқылды: 30

«Жауапкершілік жетістікке жетелейді»

Орал шаһарындағы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Менің жолым» жобасының кезекті кездесуі өтті. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараның басты қонағы – қаламыздағы «Fiesta», «Banana», «UR7» дүкендер желісі мен «URALSK RUNNERS» клубының негізін қалаушы Асхат Рамазанов болды.  

6223ae77-6a87-4559-99e4-9828a5fd6262

Аталмыш ресурстық орталықтың басшысы Аслан Тапишев бұл жобаның қоғамға, сондай-ақ студент-жастарға тигізер пайдасы зор екенін айтты.

– Жобаның басты мақсаты – өңірімізге белгілі, қандай да бір салада жетістікке жеткен азаматтарды жастарға үлгі етіп, кеңесін тыңдау және көтерілген ұсыныстарды қолға алу. Қазіргі таңда бозбала-бойжеткендеріміздің өміріне әлеуметтік желінің белгілі бір деңгейде кері ықпал етіп жатқаны бәрімізге мәлім. Содан да болар, кей жастар армандаудан әрі аса алмай жатады. Адами құндылықтарды насихаттайтын және рухани жігер беретін адамдардың тасада қалып қойып жүргенін байқаймыз. Осы орайда оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеу біздің негізгі міндетіміз деп есептеймін. Олар әр саладағы тәжірибелі мамандарға қарап бой түзеп, қазірден бастап арман-мақсаттарын айқындап алсын деген оймен осы жобаны қолға алдық. Алдағы уақытта өңірімізге танымал өнер жұлдыздары мен басқа да сала мамандарын шақыру жоспарда бар, – деді Аслан Нұрланұлы.

Іс-шараға студенттер қатысып, жас кәсіпкерге түрлі сұрақтарын қойды. Кәсіпкер, ең алдымен, көпшілікке өзін кеңінен таныстырды.

– Кез келген баланың бойында ерекше қабілет болады. Бұл жерде оның қабілетін көрсетуіне жағдай жасап, әрі қарай қолдау білдіру ата-анаға тікелей қатысты деп ойлаймын. Көбі іштегі дарынын, талантын тұншықтырып алып жатады. Балалық шағымыз сәл қиын кезеңге тап келіп, азық-түліктің қадірін біліп, киімді күтіп киюге үйретті. Шыным­ды айтсам, сол уақытта, яғни есім кіріп, айналама қарай бастағаннан алып-сатуға қабілетті болдым. Негізгі мамандығым эколог болса да, кәсіпке ебімнің бар екенін дер кезінде байқап, нақты таңдау жасадым. Студент кезімде күзетші болып жұмыс істедім. Ол кезде айлық еңбекақым 30-35 мың теңге болатын. Содан не керек, қолда бар ақшамды үнемдеп, жинадым. Кейін достарыммен бірге көлік сатумен айналыстық. Ал 2013 жылы 700 мың қаражатпен «Fiesta» киім дүкенін ашып, үздіксіз жұмыс істедік, – деп ақтарыла кетті Асхат Рамазанов. Сондай-ақ кеш қонағы табандылық пен жауапкершілік кез келген жасты есейтіп, жетістіктер мен жеңістерге жетелейтінін айтты.

Оның Александр есімді досымен бірігіп ашқан дүкенінің алғашқы табысы 450 мың теңге болған. Сол айда түскен қаражаттың 400 мың теңгесін қайта кәсіпке салған. Жауапкершіліктері мен тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде үш айдан кейін бір ғана дүкеннің ай сайынғы кірісін 1 200 000 теңгеге жеткізген. Кәсіпкердің айтуынша, кейін басқа дүкендерін ашқан уақытта да тапқан табысының 30 пайызын өз қажеттілігіне жұмсап, 70 пайызын кәсіпке құйып отырған. Осы әдісті әлі күнге дейін қолданып келеді. Қандай істің болмасын артында үлкен жауапкершілік тұратынын сезінген ол кәсіппен айналысуға құштар жастарға «Сондай дағды қалыптастыру керек» деп кеңес берді.

– Ең бастысы, мақсатты айқындап алу қажет. Сонымен қатар тынбай еңбек етуді әдетке айналдырған дұрыс. Бағытыңды анықтау үшін жан-жақты білім алу маңызды. Күн сайын таңғы 6-да тұрып, 2-3 сағатымды ізденіске, өзімді дамытуға арнаймын. Түрлі бағыттағы кітаптар оқимын. Адамның тек кәсіппен айналысамын деп ізденуі шарт емес. Мәселен, психологиялық кітаптарды көбірек оқыған жөн. Кейде бір ғана сұрақтың жауабын білу үшін көп дүниеден хабарың болуы керек. Қазір ақпараттың тасқын судай тасып тұрған кезі. Сондықтан қандай мәлімет болмасын дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп, саралап алу да артық етпейді. Яғни уақытты текке сарп етпеген абзал. Терең ойланып, жылдам шешім қабылдау да өз кезегінде кіріскен ісіңнің нәтижесін көрсетіп, сені биікке өрлетеді, – дейді ол.

bbe4ec54-e927-41bd-96a8-79b7109ddcda

Кәсіпкер кездесу кешіне келген студенттерге дәл қазіргі сәтте көкейдегі сұрақтарды жасырып қалмай, барынша жауабын алуға ұмтылу керектігін жеткізді. Содан кейін жалынды жастар бірімен бірі жарысып, сауалдарын қоя бастады. Кеш қонағы сұрақтардың ешқайсысын жауапсыз қалдырмады. Іс-шараның соңын «Бәріміз үшін өмірде ең қымбаты – адам боп қалу» деген ойымен түйіндеді.

– Біз көп нәрсенің тым ерте болғанын қалаймыз. Бір жетістіктің артында қанша уақыт, қажыр-қайрат пен еңбек жатқанын түсіне бермейміз. Кәсіппен не үшін айналысамыз? Әрине, ақшаның көп болғанын қалаймыз. Сенсеңіздер, ақша – бақытты болуға белгілі бір деңгейде ғана әсер ете алатын құрал. Әсер ете алмауы да әбден мүмкін. Тіпті өзіміз білетін қадірлі жандар мен бағалы ұғымдардан алыстайтын жағдайлар да болады. Бәрінің кәсіпкер болып кетуі міндет емес. Әркім өз саласында жемісті еңбек етіп, қоғамға, мемлекетке пайдасын тигізе алса, бақыт деген сол болар еді. Сонымен қатар жанұяға жылу төгіп, ата-ананың қадірін түсіну де бақыт, – деді Асхат Мұратұлы.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале