21.11.2022, 11:30
Оқылды: 97

Мұнай жылытатын пеш іске қосылды

Ақжайық ауданы Ілбішін ауылының жанындағы «Сахарный» мұнай жылыту стансасында (Орал – Атырау тасжолы бойында) PPN-10 пеші іске қосылды. Мұнайды жылытуға арналған бұл пешті «ҚазТрансОйл» АҚ тапсырысы бойынша «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ дайындаған. ТМД-да баламасы жоқ жобаны дайындауда заманауи конструкторлық шешімдер қолданылған. Жобаның құны – 868 млн теңге. Жабдықтың іске қосылуына арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Ғали Есқалиев, «Қаз-ТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Сәбит Арынов және «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның бас директоры Азамат Битурин мен компания қызметкерлері қатысты.

9

PPN-10 пешінің бұрынғы G9PO2V пешінен артықшылығы жаңа жабдықта қыздырылған мұнайды бақылауға мүмкіндік бар. Яғни өнімді жылытудың барлық технологиялық үрдісі автоматтандырылған. Қауіпсіздік деңгейі де жоғары. Жабдықты құрастыруға пайдаланылған бөлшектердің 80%-ы – отандық өнім. Пештің қалпына келтіру (рекуперация) жүйесін қолдану арқылы отын газының шығынын азайтуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар жабдықтың құрылысында зауытта өндірілген дайын блоктар қолданылды. Бұл өз кезегінде пешті жөндегенде уақыт үнемдеу үшін тиімді. Егер пеште өрт тұтанса, аутоматтандырылған азотты өрт сөндіру жүйесі іске қосылады. Ол пештің ішкі ке-ңістігіндегі отты сөндіреді.

Жиында өңір басшысы зауыт ұжымына тек облыстың ғана емес, еліміздің машина жасау саласын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс айтты.

– Бүгінде Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы – еліміздегі мұнай-газ секторы саласында жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлеп, өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Мұндай инновациялық жабдықты өндіру өңірімізде жоғары білікті техникалық кадрлардың жеткілікті екенін көрсетеді. БҚМК бұрынғы «Металлист» қару-жарақ зауытының мәртебесін сақтай отырып, өндірістік қуатын арттыру арқылы азаматтық өнімдердің жаңа түрлерін шығаруда. Бүгін мен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жергілікті компанияға сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Мұндай нәтижелі ынтымақтастықтың болашағы зор, алдағы уақытта да тапсырыстардың одан әрі арта түсуіне тілектеспін, – деді Ғали Есқалиев.

«ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Сәбит Арынов аталмыш фирманың бірқатар жетістігіне тоқталды.

– Ширек ғасырда компания талай қиындықты еңсеріп, көптеген стратегиялық маңызды жобаларды іске асырды. Отандық мұнай өңдеу зауыттарына мұнай тасымалдау көлемін ұлғайтты, жүк ағындарын басқаруды цифрландыру бойынша жұмыс жүргізді. Осындай жетістіктерге «ҚазТрансОйл» АҚ жұмысшылардың жанкешті еңбегі арқасында жетіп отыр, – деді С.Арынов.

8

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ бас директоры Азамат Битурин жоба сәтті жүзеге асатынын айтты.

– PPN-10 пеші – мұнайды жылытып, тасымалдауға мүмкіндік беруге арналған күрделі технологиялық жабдық. Мұндағы барлық технологиялық үрдіс аутоматтандырылған. Соған байланысты қауіпсіздік деңгейі де жоғары дәрежеде. Газ шығынын азайтуға да мүмкіндік бар, – деді зауыт директоры.

Айта кетсек, мұндай пештердің кешені, шамамен, мұ-най құбырының желісі бойынша әрбір 100 шақырым сайын орнатылады.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале