24.11.2022, 10:16
Оқылды: 64

Жұртқа жаққан жан еді...

...Ұлы Отан соғысы жылдары, Сталинград түбінде сұрапыл шайқас жүріп жатқан кез. 1943 жылы 4 қаңтарда Орал қаласында облыстық жер бөлімінің басшысы Медхат Батырұлы Дәулетжановтың шаңырағында қыз бала өмір есігін ашты. Үлкендер жағы нәрестеге Сәния деген есім қойды.

IMG-20221124-WA0014

Сәнияның балғын балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр жылдарда бұрынғы Орал облысының Камен ауданына қарасты Екінші Шежін ауылында өтті. Ол сол жерде мектеп табалдырығын аттады. Зейінді де зерек оқушы сабағын өте жақсы оқыды. Өзінің құрбы-құрдастары секілді пионер, комсомол қатарына өтті. Осылайша белсенді өмірлік ұстанымы қалыптасты. Сәния мектепті Тайпақ ауданында бітіріп, 1959 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1965 жылы сәтті аяқтайды. Диплом алған жас маман Шыңғырлау аудандық ауруханасына дәрігер-терапевт ретінде жолдамамен барады. 1966 жылы тұрмысқа шығып, 1967 жылы жас отбасы тұңғыш сәби сүйді.

Сәния Медхатқызы алғашында дәрігер-терапевт, кейін бас дәрігердің орынбасары болып қызмет етті. Бұл оның зор құлшыныспен еңбек еткен  жылдары еді. Дәрігер ретінде ол Гиппократ антына адал болып, барлық білім-білігін, күш-жігерін аямады. Үлкен болсын, кіші болсын, алдына келген сырқатқа жанашырлығы ерекше еді. Сәния Медхатқызы кең пейілі-мен, кәсіби шеберлігімен үлкен-кішінің ықылас-ілтипатына бөленді. Үкімет те оның еңбе-гін лайықты бағалады. С. Дәулетжанова 1971 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнің депутаты болып сайланды. Халықтың өзіне деген сенімі оған жауапкершілік жүгін арттыра түсті. Екі баланың анасы болса да, осы бір жауапты қызметті абыроймен атқарды. Ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлес қосты. Әр сессия сайын сайлаушылардың аманатына адалдық танытты. Қазақ КСР-ның Денсаулық сақтау, Білім беру  министрлерімен кездесіп, аудан-ауылдардың ең маңызды мәселелерін шешті. Сәния Медхатқызының ерік-жігерінің арқасында аудандық аурухананың жаңа ғимараты, 1120 орындық Шілік орта мектебі мен Белогор орта мектебі тез салынды. Ол қай жерде қызмет істесе де, нәтижеге қол жеткізетін. Сәния Медхатқызы жергілікті жұрттың талап-тілегіне сергек қарайтындығымен және белсенді өмірлік ұстанымымен ерекшеленді. Ауданда аяулы жанды жастар да, қариялар да өте жақсы таныды. Себебі ол әрдайым халықтың ортасында жүрді. Жағдайы ауыр науқастарды жатқа біліп, олардың жігерін жанып, көпшілігін ажалдан арашалап алды. Сәния Медхатқызы халыққа сіңірген еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының және халық депутаттары облыстық кеңесінің құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жұбайы Молдабек Мектепұлы екеуі ұлы Әлібек пен қызы Эльмираны тәрбиелеп өсіріп, жоғары және арнаулы орта білім алуға жағдай жасады. 2012 жылы 15 қарашада аяқ астынан келген ажал тамаша жанды алып тынды. Бұл халық үшін өте ауыр қаза болды. Сәния Медхатқызының жарқын бейнесі  әрдайым жерлестерінің жадында. Шыңғырлау аудандық мәслихатының 2019 жылғы 19 қазандағы шешімімен ауданның әлеуметтік саласының дамуына қосқан айтулы үлесі және тұрғындардың денсаулығын нығайту мақсатындағы жанкешті еңбегі үшін дәрігер Сәния Дәулетжановаға Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы атағы берілді.

Иә, Сәния Медхатқызы дәрігер ретінде де, депутат ре-тінде де көпке ұнаған, жұртқа жаққан жан еді...

 

 Толыбай Қалмен,

денсаулық сақтау саласының ардагері, 

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале