Кәсіпкерлік әлемін алып ғимаратқа теңесек, онда Мереке Меңжановтың кіріп көрмеген бөлмесі жоқ деуге болады. Солай! Әуелден жазба-сызба, сурет-шимайға үйір Мереке ең әуелі ауданда құлпытас дайындау цехын ашты. Қазір цех өнімдерін түгел облыс тұтынады. «Сырым» қонақ үйі – кәсіпкердің бизнестегі биік баспалдағы. Табыс табу өз алдына, мотельдің қызметін жолаушыларға қолайлы ұйымдастыру арқылы Самара-Шымкент тас жолының бойындағы сервистің дамуына бір кісідей үлес қосты. Жымпитыдағы С.Датұлы атындағы мәдени-демалыс саябағынан балмұздақ, сусын сататын дүңгіршек ашып, сусыны өтуі үшін, алдымен құрт сатып жүрген Мерекенің «ерекше әдісіне» еріксіз бас шайқағанбыз.
2019 жылы коронавирус пандемиясы басталып, қоғамдық мекемелер жұмысы тоқтады. Мерекеге орайлы сәт туып, аудан орталығынан өзінің туған ауылы – Көгеріске қоныс аударды. Тек ол емес, басқа жігіттер де сол жылдары қаладағы үйін, жұмысын тастап, ауылға оралып жатқан. Себеп – пандемия емес, туған жерге деген махаббат. Балаларын ауыл мектебінің партасына отырғызып, соның арқасында Көгеріс негізгі мектебінде оқушы саны тұрақталды. Білім ошағынының түтіні түзу шыққанын көріп көз қуанды, көңіл жайланды.
Еңбекқор жігіт ол кезде қонақүйді қоражайға ауыстырып, атакәсіп – мал шаруашылығына түбегейлі бет бұрып жатты. Мал бордақылаудың бірнеше маусымын сәтті аяқтаған Мереке биыл құс шаруашылығын қолға алды. Іздегенге – сұраған дегендей, барыс жылының көктемінде қар суы мол болып, Көгерістің іргесіндегі айдын айлапат суға толды.
– Ауылда тұрамын. Уақытым бар. Қоражай дайын. Көлге су келді. Неге қаз асырамасқа?! -деген ой келді тәуекелшіл жігіттің басына.
Италияндық линда тұқымды қаздың 500 балапаны Көгеріске арнайы тапсырыспен Ресей Федерациясы, Башқұртстаннан әкелінді. Бір балапанның құны - 2000 теңге. Алғашқы 20 күн бойы балапандар құрама жеммен қоректендірілді. Кейін мәзір табиғи азыққа, жарылған арпаға ауыстырылды.
– Қаз балапандарын көкке жайғанда, жалпы табиғи азықтандыруға көшкенде сақ болу керек. Мәзірді шұғыл өзгерту – құс басының шығынына әкеледі. Балапандарға күннің ыстығы зиян екен. Ай жарымнан балақаздарды айдынға түсірдік. Шөпке жайылып ет жинаса, қосымша жем беру арқылы семіртуге болады. Ал, суға шомылған сайын қаз ширап, тұрқы өседі. Екі айдан кейін алғашқы тәжірибені бастадық. 60 қазды бөліп алып, семіртуге қойдық. 3 айлық қаздың тірі салмағы 3-3,5 келіні құрайды,- дейді Мереке.
Қазіргі уақытта Көгерістегі «Көкөріс» шаруа қожалығының қасапханасы күндіз-түні тынымсыз жұмыс режиміне көшкен. Мамығын сыпыратын арнайы аппарат сатып алынған кейін сойылатын құс саны да артты. Арнайы орама мен тауарлық белгісі бар қаз еті әлеуметтік желі арқылы саттыққа шығарылуы мұң екен, тұрғындар таласа сатып алды. Тағы бір жақсы жаңалық, Мерекенің қаздарына Орал қаласындағы сауда орталықтары қызығушылық білдіріпті. Қазіргі Көгерістің көліне шомылып, көк шөбіне жайылған қаз еттері қаладағы супермаркеттердің сөресінде тұр. Мереке болса, ірі орталықтардың сұранысына қалай үлгеремін деп әлек.
– Менің бір орында тұрғым, бір дәлізбен жүре бергім келмейді. Жаңа идеяларды жүзеге асырып, өзімді әр салада сынаған ұнайды. Әрине, кіріскен шаруамның бәрі оқсап кетті деуге әсте болмайды. Үйлеспеген, қолымнан келмеген кәсіптер де бар. Табыс алмаған бизнестен тәжірибе, сабақ алдым. Құс шаруашылығына қазақтардан гөрі, өзге ұлт өкілдері көп ыңғай танытады. Құс етін өндіру қазақтардың да қолынан келетіндігін, міндетті түрде фабрика не ферма иесі болмай - ақ, ауладағы қораны бизнес нысанына айналдыруға болатынын дәлелдегім келді. Сауда сөрелеріне жергілікті өнімдер керек - дейді кәсіпкер.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz