26.11.2022, 14:51
Оқылды: 67

«Облыстық сахнаға лайықты қойылым болды»

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Бәйтерек аудандық «Шың» жастар театры қойылым қоятынын естіп, 24 қарашада арнайы бардым. Қойылым ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қаламгер, драматруг Ақылбек Шаяхметтің «Ақ пен қара» пьесасы негізінде жасалған «Рух» атты эксперементалды трагедиясы екенін де айта кетейін.

ахмет1

Театрда кішкентай бүлдіршіннен бастап кимешек киген әжелерге дейін жүрді. Көппен бірге көрермен залына келіп жайғастым. Баяу, әсем күй «Көңіл толқыны» қосылып тұрды. Театр ережесімен таныстырылған соң, шымылдық ашылды. Қараңғы сахна ортасында бір өзіне ғана жарық түсіп, шағын тор ішінде шынжырланып қыз бала тұр. Сол сәтті мен өзіме «Ал, басталды, бар зейініңді салып көр» дедім де, бәрін ұмытып, қойлымға «сүңгіп» кеттім.

Ұлт ұстазының шырғалаңға толы өмірі, абақтыдағы кешкен азабы, шеккен мехнаты жан-жақты бейнеленген қойылым режиссері, Ахмет Байтұрсынов атындағы Құрмет медалінің иегері Әліби Жанәбілов. Пьесадағы көріністерде бір тұлға өмірі баяндалатындықтан ғана емес, ондағы терең ойды жеткізу мақсатында режиссер спектакльді "Рух" деп атап, оның тағдыры арқылы өзгелердің санасына әсер етуді көздегені байқалады.

ахмет

Спектакль барысында ұлт ұстазының өмірі бейнеленеді. Ұлт ұстазы мен жас Ахметтің рөлдерінде Кенесары Болғанбаев пен Еркебұлан Сатыбалды ойнаса, Мағжан Жұмабаев пен Міржақып Дулатұлын Құдайберген Хамитов пен Әлішер Тұрарбеков сомдады. Мейірбек Жанболатұлы - бас тергеуші, Валентин Сажин -тергеуші, Бекзат Басихан және Ұлықбек Қабдығал - сатқындар болды. Асылжан Тілекқабылов Сатылған образында ойнады. Ал Бәдрисафа рөлінде Айкөркем Қаулыбайқызы, Іңкәр - Айзада Қалымжан, қазақ қызы бейнесінде Мәдина Масалимова өнер көрсетті.

Өзімдей жас қыз-жігіттердің өнерін көріп таң-тамаша болдым. Спектакльдің алғашқы сахналарында басты рөлдегі Кенесары Болғанбаевтың әрбір тіл қатуы салмақты ойларға құрылып, сөйтіп ол өз кейіпкерінің ұлтжанды, мейірімді, сауатты адам екеніне сендіре алды. Ал, қойылым соңында режиссер мен бас кейіпкер рөлін сомдаған актердің қол алысып, төс қағыстыру да тебірентерлік сәт болды. Көзден еріксіз ыстық жас парлады...

Қойылымнан кейін Орал қаласындағы «Дәстүрге жол - қазақ аналары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, көп балалы ана Құрманай Сәлімова сахнаға көтерілді.

-«Шың» театрының бұл спектаклінен керемет әсер алдық. Бәйтеректік өнерлі жастардың әрқашан да жолы ашық болсын, қанаттары талмасын, шыңдала берсін, биіктен көріне беріңіздер,- деп ақ жаулықты ана батасын берді.

Мен үшін де ғажап спектакль болды. Шынымен жүрекке жетті, рух сыйлай алды. «Еліңнің алдында, жұртыңның алдында ту қылып көтерген тура идея жалғаса беру керек. Ол жалғаса берсе, адамның да өлмегені» деп спектакль барысында Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ел игілігі үшін, халықтың рухын ояту мақсатындағы бәйтеректік жастар театырының ізденісі жиналғандардың көңілінен шықты. Біз де өз тарамыздан «Шың» көрермен жүрегінен орын ала берсін деп тілейміз.

Төменге көрермен пікірін ұсынамыз.

Гүлбарша ҒАЙНОЛЛАҚЫЗЫ, Орал қаласының тұрғыны:

-Бұл спектакльді қойған режиссерға да, ойнаған әртістерге де өте ризамыз. Облыстық сахнаға қоюға лайықты тамаша қойылым болды. «Рух» деген атының өзі адамды рухтандырып жіберді. Ауылда осындай өнерлі жастарымыздың өсіп келе жатқандығы қуантады.

Нұрсәуле ӘЛПЕЙІСОВА,

М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың 3-курс студенті

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале