5.12.2022, 13:01
Оқылды: 46

Қазақстан халқының 15% кедей санатында

Қазақстанда кедейлікті өлшеудің көпөлшемді моделін енгізіп, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

изображение_2022-12-05_123707

Ашық көздерден алынған фото

«Біз әлі де кедейлікті жеңе алмай келеміз. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан азаматтарының 15% кедей санатында. Оған қоса, ресми статистика халықтың 5,1%-ы күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүретінін көрсетеді», - деді Жәмилә Нұрманбетова Әлеуметтік кодекс жобасы туралы Үкімет сағатында.

Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасын ұсынып, өз жағдайын «қиын» деп санайтын отбасылар үлесі шамамен 15% құрайтынын көрсеткен.

«Мұндай қарама-қайшы деректер мемлекет қолдауын қажет ететіндердің нақты санын анықтауға мүмкіндік бермейді. Кедейлік шегіндегі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Өкінішке орай, Әлеуметтік кодекс жобасында көрсетілген ұсыныс аса өзгере қоймаған. Соңғы жылдары көптеген елдер кедейлік деңгейін анықтауда кедейлікті өлшеудің көпөлшемді модельдерін қолдануға тырысуда, яғни, азаматтардың денсаулық сақтау, білім беру қызметтеріне қолжетімділігі, жеке тұрғын үйі және тұрақты табысы қаралады. Сондықтан министрлікке кедейлікті өлшеудің көпөлшемді моделін ескеріп, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіруді жалғастыру қажет деп санаймыз», - деді Ж. Нұрманбетова.

Спикер ең бастысы – әрбір мұқтаж отбасы тиісті мемлекеттік органдардың назарында болуы екенін айтты.

«Ол үшін әр отбасымен жеке жұмыс істеу қажет. Бұл цифрлық карта деректері бойынша 1,2 млн отбасы», - деді Мәжіліс депутаты.

Бұған дейін депутат Әлеуметтік кодексте ескірген және негізсіз әлеуметтік параметрлер қолданылатынын, министрлікке ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жетілдіру қажеттігін айтқан еді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале