Сонау өткен ғасырдың 60-жылдары осы мақаланың авторы қызмет бабында Еділбай қойын өсіруге маман ретінде өз үлесін қосуына тура келді. Талайды таңғалдырып, кезінде атағы да, өзі де Мәскеуге дейін барған қазақтың бұл қойының өзім естіген, білген, көрген жәйінен әңгіме қозғайын. Қазақстанда өсіріліп келген құйрықты қойлардың ішінде асыл тұқымды Еділбай қойы ең ірісі саналды. Оның ең басты бір артықшылығы – ауа райы қатал аудандарға бейімделіп, қыс бойы тебіндеп, жайылып шығатындығы.
Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген аталарымызға ұсақ малдың осы тұқымы қажет болды. Осы күнге дейін Еділбай қойын қашан және кім шығарғанын тап басып айту қиындау. Бұл туралы ел аузында бірнеше болжамдар бар. Соның бірі – Байбақты руының Еділбай тайпасының белді адамдарының бірі Есенаман деген Хиуа базарынан бір қошқарды сатып әкеліп, өз еліміздегі қақпақ құйрықты саулықтармен будандастырған деген дерек айтылады. Бірақ бұл болжамға сенуге болмайды. Өйткені Өзбекстаннан әкелінген қошқардың тұқымдары біздің қатал ауа райына бейімделуі екіталай, екіншіден, бұл болжам жөнінде ешқандай жазбаша мәлімет жоқ. Қазақстанның атақты ғалымы Владимир Александрович Бальмонт – еліміздегі биязы жүнді қойдың ауторы (атақты селекционер, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, 1971 жылы Алматы қаласында қайтыс болған). Сол ғалымнан жеткен дерек бойынша қазақтың құйрықты қойларын көп өсірген байлары XVIIІ, XIX ғасырлардан бастап жергілікті қылшық жүнді құйрықты қойларын селекция жасап сұрыптап, асыл тұқымды Еділбай қойын шығарған. Асыл тұқымды қара қойдың үш линиясы болған. Бірінші линиясында жүнінің түсі қара, қылшығы аздау. Екінші линиясының жүні ашық қоңыр, түйенің шудасы түстес, жүнінің қылшығы көп. Үшінші линиясының жүні ашық бозғылт, қылшығы аз. Еділбайдың шыққан жері Батыс Қазақстан облысы, Фурманов ауданы К. Маркс, ХХ партия сиезі ұжымшарларының орталығы болған Айғанша елді мекені. Заманында шаруасы жақсы осы елді мекендегі байлар аталмыш қойдың тұқымын сұрыптаумен шұғылданған. Ұжымдастыру жылдарында К. Маркс, ХХ партия сиезі ұжымшарларының орталығы болған елді мекен, 1963 жылдан бастап, «Ақкөл» қой кеңшарының иелігіне берілді. Аталмыш ұжымшарларды 1932-58 жылдары басқарған Ленин орденді Құрманғали Өтеғалиев ағай 1958-66 жылдары ХХ партия сиезі атындағы ұжымшары мен «Ақкөл» қой кеңшары №1 фермасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Мен 1961-66 жылдары осы аты аталған ұжымшарда бас зоотехник болдым. Ширек ғасырдан астам уақыт ұжымшар басқарып, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыруда біраз табысқа қол жеткізген көргені көп Құрманғали ақсақал айтқан мына бір әңгіме есімде. «ХХ ғасырдың 30-жылдарында Қазақ КСР Үкіметінің тапсырмасымен Алматы қаласындағы мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері В. Бальмонт Айғанша елді мекенінде қоныс тепкен К. Маркс ұжымшарына аяқтай келді. Еділбай қойының асыл тұқымды қасиеттерін зерттеді. Дәлірек айтсам, 1932 жылдың қаңтар айы еді. Ғалым В. Бальмонт менің үйімде он күндей жатып, аталмыш қойдың асыл тұқымды қасиеттерін мұқият зерделеді. Ғалымға барынша жағдай туғызып, қос ат жегілген шана және бөлімшенің зоотехнигін қасына қостық. Ұжымшардың бухгалтериясынан да, керекті мәліметтерін жазып алды. Біздің шаруашылықта зерттеу жұмыстарымен шұғылданып жатқан кезінде көршілес Жұлдыз, Правда газеті ұжымшарларына барып, олардан да қажетті мәліметтерін қойын дәптеріне түртіп алды. Арасында мені де әңгімеге тартып, қойға байланысты талай мәселеге қанықты. Шопандармен де кеңірек кеңесті. Осылайша ол біздің шаруашылықта он күн болып, талай мәселеге қанықты. Ғалым сапарына да, бізге де аса риза болып Алматысына аттанып кетті» деп еді ағамыз.
Сонымен ғалым Алматыға барған соң, Қазақ КСР Министрлер кеңесінен Еділбай қойының асыл тұқымды қасиетін тексеруді жалғастыру үшін Батыс Қазақстан облысының Фурманов ауданынан аудандық мемлекеттік мал тұқымын асылдандыру стансасын ашуды сұрап хат жазады. Ғалымның ұсынысын Қазақстан үкіметі қолдап, 1934 жылы Фурманов аудандық мемлекеттік мал тұқымын асылдандыру стансасы ашылыпты. Жаңадан ашылған стансаға директор болып Қабира Салыхова, оның орынбасарлығына Ибат Рахымбердин, бас маман болып Ғилман Баймұратов тағайындалған. 1942 жылы Қ. Салыхова партия жұмысына ауысуына байланысты станса директоры қызметіне И. Рахымбердин кірісті. Ауданға қарасты К. Маркс ұжымшарының орталығы Айғанша ауылының батыс жағында 8-9 шақырым жерде Еділбай соры бар. Осы сордың аты Қабира Салықованың ұсынысымен қойға беріліп, ол Еділбай қойы аталады. Ал стансаның міндеті – Еділбайдың асыл тұқымды қасиеттерін зерттеумен қатар, осы қойдың қошқарлары мен тұсақтарын Қазақстанның ауа райы қатал облыстарына тарату еді. Станса Еділбай қойының асыл тұқымды қасиеттерін зерттеумен бірге Фурманов ауданының Еділбай қойын өсіріп отырған барлық ұжымшарларында жылма-жыл сұрыптап-зерттеу жұмысымен шұғылданды. Қазақ қойының тұрқы ұзын, төсі кең, сирақтары ұзын, құйрығы үлкен, жүнінің түсі қара, төрт айлық қозысының салмағы 38-40 келіден кем болмайды. Басқа облыстардағы құйрықты қойлардың тұқымын жақсарту үшін Еділбайдың қошқарлары мен тұсақтарын таратып отыру ісі де, стансаның басты міндеті болды. Батыс Қазақстанда Еділбай қойының жақсы тұқымдары Фурманов ауданының Жұлдыз, Правда газеті, Жаңажол, Ворошилов, Калинин, К. Маркс ұжымшарларында өсірілді. 1935-50 жылдары бұл түлік Қарағанды, Жезқазған, Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстарының барлық аудандарына таратылды. 1948 жылы Жұлдыз ұжымшары асыл тұқымды қой малын өсірудегі жетістіктері үшін бірінші орын алды. Ұжымшар басқармасының төрағасы Хамза Әбдірахманов, қой фермасының меңгерушісі Нүпи Дүйсенғалиев, аға шопан Мәмбет Сержанов Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне шақырту алып, қатысып қайтты. Көрменің талабы бойынша үш қошқармен бес саулық қойды қозыларымен алып барды. Көрмеге барған әр қошқардың салмағы 170 келі салмақ тартып, талайды таңғалдырыпты. Осы табыстары үшін жоғарыда есімдері аталғандардың үшеуіне де, КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1948 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Соңынан Қазақ КСР Үкіметінің қаулысына сәйкес ауданымыздағы Еділбай қойын өсіріп келе жатқан 22 ұжымшар біріктіріліп, ірілендірілді. 1949-50 жылдары Жұлдыз, Жұмыскер, Бостандық, Қызылақырап, Жас ұжымшарлары біріктіріліп, В. Ленин атындағы ұжымшар болып қайта құрылды. Кейін Еділбай қойының қошқарларын басқа облыстарға тарату жұмыстары саябырсып, меринос қойлардың биязы жүніне сұраныстың артуына байланысты еділбайдің саулықтарын мериностің қошқарларымен будандастыру керек болды. Осы жұмысты бастау үшін 1949-50 жылдары Ресейден асыл тұқымды меринос қошқарларын әкеліп, Еділбай қойының саулықтарымен қолдан ұрықтандыру арқылы будандастыру жұмысы басталды. Бұл 1995-97 жылдары кеңшарлар таратылғанға дейін жүрді. Дегенмен, Еділбай қойы түгелдей будандастырылмай, Жалпақтал өңірінде 35-40 пайызға жуығы сақталып қалды.
Мен 1961-66 жылдары ХХ партия сиезі ұжымшары мен «Ақкөл» қой кеңшарының бас зоотехнигі болып жұмыс істеп жүрген кезде шаруашылықта Еділбайдың 20 мың саулығы болды. Ішінде асыл тұқымды саулықтармен қатар әртүрлі жастағы асыл тұқымды қошқарлар да кездесетін. Сол тұста зоотехник-селекционер болып бір кездері аудандық мал тұқымын асылдандыру стансасын басқарған Ибат Рахымбердин еңбек етті. Осы кезеңде аудандық мал тұқымын асылдандыру станcасының міндеті Ресейден әкелінген меринос қошқарлардың ұрығымен саулықтарды, Чапаев ауданындағы «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытынан әкелінген қазақтың ақ бас сиырының асыл тұқымды бұқаларының ұрығымен ірі қара табындарын қолдан ұрықтандыру ісін ұйымдастырып отыру болатын. 60-жылдардың басында ХХ партия сиезі ұжымшары, «Ақкөл» қой кеңшарының мамандары аудандық мал тұқымын асылдандыру стансасы мамандарымен бірлесіп, жақсы жұмыс істедік. Ол кезде біздің шаруашылықта асыл тұқымды Еділбай қойының 55 қошқары, ақ бас сиырдың 20 бұқасы бар еді. Біз қара қойдың асыл тұқымды бір жастағы қошқарларын сату жұмыстарын басқа облыстардың сұрауы бойынша тоқтатпай жалғастыра бердік. 1962-64 жылдары 4400 бір жастағы қошқарлар жан-жаққа сатылды. Соның ішінде Моңғол Республикасына 1200 қошқар, Атырау облысына 1000 тоқты қошқар, 2000 тұсақ саттық.
1966 жылы №2 Николай ауылы, №4 Серік, көршілес Жұлдыз кеңшарының №3 жас бөлімшелерінің есебінен жаңадан «Қараөзен» қой кеңшары құрылған кезде мен жаңа кеңшардың директоры қызметіне тағайындалдым. Сол тұста №1 фермада 20-25 мың Еділбай қойы болды. «Ақкөл» кеңшарында басталған ұйымдастыру жұмыстарын жаңа кеңшарда да жалғастыра бердік. «Қараөзен» кеңшарында бас зоотехник Махмуд Мағазов, зоотехник-селекционер болып Александр Муравьев еңбек етті.
1968 жылы Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кенжебек Меңдәлиев біздің шаруашылықтағы 20 мың Еділбай қойын «Мәстексай» кеңшарына бергізіп, орнына сол шаруашылықтан 20 мың меринос қойын алғызды. Одан бөлек Еділбайдың асыл тұқымды 300 қошқарын «Бірлік» кеңшарына бергізді. Сөйтіп, бұрынғы Фурманов ауданының қара қойлары ақ қойға айналды. Кейін кеңшарлар тарап, ауыл шаруашылығын ұйымдастыру жұмыстары басқа арнаға ауысқан шақта жойылып кетуге жақындаған қазақтың қара қойлары шаруа қожалықтарымен жеке тұрғындардың арқасында Жалпақтал өңіріне қайта оралып еді.
Айсағали Әбиев,
республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер,
Казталов ауданының құрметті азаматы,
Алматы қаласы