Жазушы Мәди Айымбетовтың «Бопай ханым» атты тарихи романын оқыдым. Кез келген шығарманы оқыған соң ойланасың. Бұл роман тек ойландырып қана қойған жоқ, қолыма қалам алғызды. Мен тарихшы емеспін. Қандай мамандық иесі болса да, тарихи сипаттағы шығармалар адамның таным көкжиегін кеңейте түседі. Бұрын Әбілқайыр хан туралы жақсы пікірде емес едім. Бұл кітаптың аңдатпасында жазылғандай, тарихи роман XVIII ғасырда өмір сүрген қазақтың бас ханы Әбілқайырдың жары Бопай Сүйіндікқызының өмірнамасына арналған. Мен романнан басты кейіпкер Бибәтима – Бәтима – Бопай ханымның Әбілқайыр ханның тағдырындағы орнын ғана емес, бұрмаланып келген шындықты көрдім. Бұл роман – жалғыз маған ғана емес, жастары жетпістен асқан Кеңес заманындағы бұрмаланған тарихты оқыған замандастарыма ақиқаттың кілтін ашқан құнды еңбек.

Тарихи шындықты арқау еткен романнан үзінді келтірсек, «Еділ қалмағы мен Жайықтың казак-орысы бар, орыс билігінің арандатуымен естек ағайындардың соңғы кездегі шабуылдауының үдеуі және шығыстан ойраттар жан-жағынан қыспаққа алып тұрған жағдайдан шығудың амалын іздеп, соңғы рет бұдан төрт жылдай бұрын Петербормен ынтымақтасу одағын жасаудың әрекеті сәтсіз аяқталғанынан бері хан ордасы бұдан былайғы жерде өз күшіне сүйеніп, тас түйін болуға бекінген еді» («Бопай ханым» тарихи романы, 42-б, Мәди Айымбетов, Астана қаласы, «Фолиант» баспасы, 2021).
Ресей мемлекеті номад ханмен әскери одақ жасаудан бас тартқан. Оларға бодандықты мойындайтын келісім керек еді. Бұл аса жауапты істі олар Санкт-Петербургтің арнайы мәліметтер өкілі сыртқы істер коллегиясының тілмәшы, дипломат, шоқынған азиат, өзінің қандастарының, номадтардың тілін, ділін жақсы білетін, аты-жөнін орысшалап алған Құтмұхамбет Тәуекел – Алексей Иванович Тевкелевке сеніп тапсырған болатын. Ол хан ордасының сеніміне кірудің неше түрлі айласын қарастырды. Осы ретте ол Әбілқайырға бір кездері ықыласы ауып, достық қатынасын үзбеген естек Алдарбайды пайдаланып, оған башқұрттар мен қазақтар арасындағы шиеленісті тоқтату үшін Ресей империясының патшайымы Анна Иоанновнаға хат жолдап жүгіну мәселесін орданың қаперіне салады. Хат жазылады, оны патшайымға тапсыруға Орал естегі Алдарбайға Әбілқайыр екі елшісін қосып жібереді. Бопай ханым бұл хатқа орыс патшайымы қол қойғанда хан ұлдарын аманатқа берудің қиын екенін сезініп, ана ретінде егіліп тұрса да, елдің тыныштығын жоғары қояды. Осы тұста Алтын орданың билеушісі Батуға Русь князі Ярославл бағынғаннан кейін, толық бойсұнудың белгісі ретінде ұлы Александрды аманатқа бергені ойыма түсті. Әбілқайыр хан қолын қойып, мөрін басқан қағазда қазақтардың башқұрттармен тату болуына орыс билігінің қолдау білдіруі керектігі ғана жазылған. Мұндай хаттың патшайымның мақұлдауына ие болмасын білген Тевкелев орысша мәтінінде хаттың соңғы түйінді сөйлемін былайша өзгертті: «...сол себепті біз, Әбілқайыр хан, Орта және Кіші жүздің қазағы, басымызды иіп, мархабат ете отырып, сіздің қызметшіңіз болып табыламыз және барша қараша халықпен бірге өзіңіздің қорғаншылығыңызды тілеп, сіздің бодандығыңыздағы Оралдың арғы бетінде тұратын башқұрт халқымен ынтымақты өмір сүруге тигізер көмегіңізді күтеміз. Сізге игілікті тілейміз және сіздің боданыңыз боламыз». Ал Тевкелевті бұл ісі үшін Санкт-Петербургте генерал шені күтіп тұрған еді.
1731 жылдың 19 ақпанында патшайым Анна Иоанновна Әбілқайыр ханның ордасын өз империясының құрамына қабылдау туралы грамотаға қол қойды.
Орынбор генерал-губернаторы Иван Неплюевтің Әбілқайыр хан болып тұрғанда қазақтарды түбегейлі мойынсұндыруды іске асыра алмайтындығына көзі әбден жетеді.
Неплюев хан тағына үміткер Барақ сұлтанды Әбілқайырға қарсы қойып, оған «Әбілқайыр бұдан әрі жер басып тірі жүрмеуі керек» деген жасырын бұйрық береді.
Барақтың сенімді серігі Сырымбет Әбілқайырды өлтіреді. «Елді ел қыламын, мойнын жатқа идірмей, қан төгіссіз сақтау үшін жаным садаға» деп басын бәйгеге тіккен, «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақырзаман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды» деп қолдан келгенінше арпалысып, небір дұшпанға дес бермеген ұлы тұлға Әбілқайыр өзгенің емес, өз іргесінен шыққан қаскөйдің қанды қолынан қапияда қаза табады. Оның мүрдесі Қабырға өзенінің Өлкейікке құяр тұсындағы қорымда жерленген.
Біз тапқанынан жоғалтқаны көп елміз ғой. Әдебиет – өмірдің айнасы. Мәди Айымбетовтың осы еңбегін оқып, тарихи тұлғаны басқа қырынан таныдым. «Қазақ елі неге 300 жыл бөтен елге бодан болды?» деген сұрақ мазалаған жандар болса, осы еңбекті оқысын. Роман авторы қазақтың бас ханы Әбілқайырды реабилитациялаған. Әбілқайыр сияқты тұлғаларды таныған ұрпақ кемелденіп өседі. Осы жерде Бопай ханымның немересі Тойқараға: «Орыстың пиғылына сеніп, тіршілігіңді түземеңдер» деген ақылы да, баласы Нұралыға айтқан «Іргедегі өз ағайыныңның да пиғылы түзу емес тәрізді» дегендері күні бүгінде өміршең.
Биыл Астана қаласының Есіл ауданындағы Е 578 көшесіне Бопай ханымның есімі берілді. Тарихи сананы жаңғырту үшін осындай қадамдарға баруға тиіспіз. Осылайша, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсете аламыз.
Біздің соңымыздан мықты толқын келеді. Қазір ақпарат өте көп. Жастарға солардың тек ақи-тақи ақиқаты мен құнарлысын ғана сұрыптап көрсетуіміз керек. Бүгінгі ұрпақ тарихи шындықтан сабақ алуы тиіс. Өкінішке орай, өткенін, кемеңгер тұлғаларды біле бермейтіндер әлі де аз емес. Мәди Айымбетов осы «Бопай ханым» еңбегінде бүкіл қазақ халқын тығырыққа тіреген бақталастық пен тақталастық, сатқындық екенін таза тарихи шындықпен көрсеткен.
Мұндай келеңсіздіктің қоғамымызда әлі ұшырасатыны жаныңды ауыртады. Ұрпағымыз саналы, арлы болсын! Ой тұңғиығына жетелейтін салмақты сөз айтатын жасқа келгендіктен, жастарға еліміздің терең тарихына ой жүгіртіп, отаншылдық рух беретін осы кітапты оқуды ұсынамын.
Сұлушаш Құлмалиева,
зейнеткер-ұстаз,
Астана қаласы