Дүйсенбіде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті сынау орталығының базасындағы зертханалардың қызметкерлері баспасөз мәслихатын өткізді.
– Сынау орталығы Қазақстан Республикасының аккредиттеу жүйесінде аккредиттелген. Соған сәйкес орталықтың базасында химиялық талдау, зоотехникалық талдау, биотехнология және жұқпалы ауруларды диагностикалау зертханалары жұмыс істейді. Сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурстары және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы бағдарламалары бойынша ғылыми жобалар жүзеге асуда. Осы саланың білікті кадрларын дайындау үшін магистранттарға, докторанттарға ғылыми қолдау көрсетеді. Орталықта 12 қызметкер жұмыс істейді, – деді сынау орталығының директоры Индира Бейшова. Әр зертхананың меңгерушісі өздерінің жұмысымен таныстырды.
Биотехнология және жұқпалы ауруларды диагностикалау зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Александр Ковальчуктің айтуынша, аталмыш зертхана ірі қара мал мен балықтардың ДНК-құжатын дайындайды. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жануардың шығу тегін анықтайды, ауыл шаруашылығы жануарларының қанына морфологиялық талдау жасайды. Асыл тұқымды ірі қараның генотиптеу деректерін енгізу үшін ақпараттық талдамалық базаны (ИАС) қолданады. Сондай-ақ зертхана – кемінде 12 микросателлиттік локус бойынша ірі қара малдың генотиптерін STR әдісімен анықтайтын халықаралық жануарлар генетикасы қоғамының (International Society for Animal Genetics (ISAG) ID number is 5144509) институционалдық мүшесі. Мұндағы мамандар патогендігі II-IV топтағы микроағзалармен және гельминттермен жұмыс істейді.
Ал зоотехникалық талдау зертханасында малдың азығына талдау жасайды. Яғни жем-шөптің құнарлығы мен қорытылуы, сүт өнімдерінің сапалық және қауіпсіздік көрсеткіштері зерттеледі.
– Мал азығының тағамдық құндылығы мен оның қорытылуын зерттеу арқылы шикізаттың сапасын бағалаймыз. Бұл іс-шара рационды есептеу үшін де маңызды. Макро-микроэлементтерді талдау арқылы рациондағы минералдардың сапасын теңдестіреміз. Мал шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдарға зоотехника бойынша ғылыми бағыт-бағдар береміз, – деді аталмыш зертхананың меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Дархан Смағұлов. Химиялық талдау зертханасында су, ауа, топырақтың, ет, сүт өнімде-рінің, балық пен астықтың құрамына талдау жасалады. Өнеркәсіптердің атмосфераға бөлетін шығарындыларының құрамын зерттейді. Жақында топыраққа агрохимиялық талдау жүргізетін зертхана ашылған. Баспасөз мәслихатынан соң БАҚ өкілдері аталмыш нысандарды аралап, жұмысымен танысты.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz