15.12.2022, 9:45
Оқылды: 92

Отыз бес жылда – 35 кітап

Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен «1927 жылы туғандар» атты тағылымды кеш өтті. Өлкетанушы, бірнеше кітаптың авторы Жайсаң Ақбай аталмыш іс-шараға арнайы қатысты.

f4fbccc1-4ef7-4d6a-b3c2-e535bb1ced28

Кездесу кешінің басында колледждің студенттері Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Жайсаң Ақбай, Серік Қирабаев, Мәтжан Тілеужанов сынды тұлғалардың еңбектері жайында тың деректерді ортаға салды. Одан соң Жайсаң Досболатұлымен сырлы сұхбатқа ойысып, жастар жағы өлкетанушы ғалымға сұрақтарын қойды. Ардагер ұстаз студенттерге өмір жолында кезіккен қиын кезеңдер мен қызықты шақтарын әңгімеледі. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу жолында ғалымдардың атқарған  еңбектерін  еске  алды.

Айта кетейік, қазақтың қайраткері Жаһанша Досмұхамедов туған топырақта, Сырым ауданында тарихшы Жайсаң Ақбай дүниеге келген. Ол Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын, Жаһаншаның еңбегін елге таныту мақсатында талай ғылыми ізденістерге барған. Сондай-ақ Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев сынды ғалымдармен кездесті.

Өлкетанушының зейнетке шыққанына биыл 35 жыл толса да, зерттеу жұмысын тоқтатпаған.

77e9b0f2-8424-4d8c-9c3d-6bfd98fd3e3c

Қайта осы уақыт ішінде 35 кітап жазып, шығармашылық қуатының сарқылмағанын дәлелдеп келеді. «Ұзақ жасаудың сыры – үздіксіз ізденіс пен өлшеусіз еңбек» деп салмақты ой айтқан ардагердің әр сөзін студенттер ұйып тыңдады. Себебі олардың жүріп өткен жолы – жастарға өнеге. Кеш соңында қадірлі қонақ өзінің «Жанша» кітабының екі данасын колледж ұжымына сыйға тартып, жиналған жас буынға жүрекжарды тілегін айтып, ақ батасын  берді.

Нұрым Ғұмар 

студент,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале