21.12.2022, 15:45
Оқылды: 68

Елімізде өндірілетін балық жемінің сапасы төмен – кәсіпкер

Елімізде өндірілетін балық жемінің сапасы төмен. Бұл туралы Маңғыстау облысында ірі балық шаруашылығы басшыларының тәжірибе алмасуы бойынша өткен бірінші өңіраралық кеңесте кәсіпкер Тұрсынгүл Жақыпова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

изображение_2022-12-21_154217

Жиынға Экология министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің акваөсіруді дамыту басқармасының басшысы Мирас Ғаббасов, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстарының кәсіпкерлері, аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Шараға қатысушылар балық шаруашылығының экономикадағы маңызды салалардың бірі болып табылатынын, экономикалық өсім мен халықты жұмыспен қамтудың негізі екенін атап өтті. Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығын одан әрі дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Десе де, бұл процеске кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселелер бар.

Өңір кәсіпкерлері балық сақтайтын арнайы мұздатқыш қоймалардың жоқтығын, сондай-ақ білікті мамандардың тапшылығын атап өтті.

«Кадр жетіспеушілігінен бөлек, елімізде өндірілетін балық жемінің жағдайын да талқылауымыз керек. Өкінішке орай, сапасы төмен болғандықтан, біз жем-шөпті шетелден сатып алуға мәжбүрміз, бұл түпкілікті өнімнің өзіндік құнына әсер етеді», - дейді кәсіпкер Тұрсынгүл Жақыпова.

Енді Маңғыстауда балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы әзірленбек. Бағдарлама елімізде балық өндіру мен тұтынуды арттыруға тиіс.

«Балық шаруашылығын жүргізу үшін келесімшартты жасау мерзімі 49 жылға өзгертілді, осылайша бизнеске ұзақ мерзімді жоспарларды іске асыруға мүмкіндік жасалмақ. Осыған дейін келісімшарттар мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейінгі аралықта болған»,– деді Экология министрлігі балық шаруашылығы комитетінің акваөсіруді дамыту басқармасының басшысы Мирас Ғаббасов.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өңіраралық тәжірибе алмасуда әр өңірдің ерекшелігін ескеру керектігін атап өтті. Талқылау барысында сарапшылар бүкіл ел бойынша балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін ортақ шешімге келе алуы керек.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қарашада Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесуінде өңірдегі балық шаруашылығының әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Өткен жылдың сәуір айында үкімет балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдап, облыста 2030 жылға дейін өсірілетін балық көлемін 100 мың тоннаға арттыру жоспарлануда. Қажетті құзыреттері, білімі, балық аулау, өсіру және қайта өңдеу бойынша тәжірибесі бар шаруашылық жүргізу субъектілермен байланыс және тәжірибе алмасу балық өнеркәсібінің дамуына оң әсер етуі тиіс. Кездесудің нәтижесі болуы да керек», – деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, Маңғыстауда 2030 жылға дейін балық өсіру көлемін ұлғайту үшін 218 миллиард теңгенің сегіз жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

 

Фото: pixabay.com

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале