Уақыт жылдамдап кетті ме, әлде аз уақытта көп нәрсені қамтимыз деп адамдар қажып кетті ме, әйтеуір, «бір қолын екі ете алмай жүрген» бір адам ғой осы күні. Мүмкін, тіпті техника, интернетке сүйеніп, шабан қимылдайтын болып қалған да шығармыз...
Жыл аяғына таяу, оқу жылының бірінші жартыжылдығының қорытындылануы қарсаңында аталған екі аудан мұғалімдерімен жанды кездесудің сәті түскеніне қуандым. Казталов ауданындағы Алма Оразбаева атындағы орта мектепте, Бірік, Бостандық ауылдарындағы, Жалпақтал ауылындағы Кенжақаңның (К.Меңдәлиев) мектептерінде болып, жылы-жылы сұхбаттар құрдық. «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады...» (Мағжан) дегендей, педагогиканың бүгінгі жүгін иығына артқан жас мұғалімдердің жүздеріне барлай қараймын (олар да мені барлап отырған шығар).
Әңгімеміз жарасты. Ортақ тақырып. Ортақ мүдде.
Бізді, аға буынды, оқытқан, білгенін үйретіп, әдемі жазуға, тиянақтылық пен тәртіпке, төзімге үйреткен бұрынғы мұғалімдерімізді әңгімеледім мен. Атың өшкір соғыстың өрті мен дертін бастан кешіп, өмірдің қымбат екенін жан-тәндерімен сезініп келген жауынгер ұстаздардан дәріс алдық. Аштық, жалаңаштық дегенді оқулықтан оқып емес, өмірде көріп шыққан, әке-шешеден айырылып, балалар үйінде өскен мұғалімдер буыны сабақ берді бізге. Өмірсүйгіштік, еңбекке құлшыныс, азға қанағат, жоққа төзім сияқты қасиеттерін көріп өстік олардың. Мүмкін, бойына сіңірген де шығар бала жанымыз. Одан кейін қандай мамыражай кез болды десек те, ұстаз жүгі жеңіл болды деп айта алармыз ба? Қазақ мектептері жабылып, орыс мектептері ашылып жатқан заманда қазақ тілді мұғалімдер қандай халде болды екен дегенді ойлайтын шаққа енді ғана жеттік...
Одан кейін орыс мектептеріне қазақ тілі пәні енгізілген кездегі қиындықтар қандай еді! Ол майданның қақ ортасында жүрген адам ретінде айтар естелік көп, тек мақала көлемі көтермейді.
Қалада, орысқолдау аудандарда қазақ мектептерін ашу кезіндегі ұстаздардың кеш-кен бейнеті өз алдына бір жыр. Ал Тәуелсіздіктің алғашқы соқпақтары басталып, ел басына жаппай жұмыссыздық, әлеуметтік қиыншылық түскен кезде бір-бір ауылға бірден-бір тірек болған мектептер еді ғой. Ол кезеңнің мұғалімдері де Тәуелсіздіктің ерлері. Әйелдер балаларына нан табу үшін ала дорбаны арқалап, Алматы, Тәшкеннен зат тасуға шықты өмірі көрмеген пойыздарға отырып. Өмірі жасамаған саудаға кірісті «челночниктер» атанып. Бірдеңе сату десе, «әйел» болып қалатындай, саудагерлікті ар көретін ер адамдар үйде отырды. Әйелсіз үй оңа ма?
Жұмыссыздықтан торықты азаматтар. Зерікті. Неше түрлі жағдайлар болып жатты. Соның бәріне араласты мұғалім. Қараусыз қалған балаларға бас-көз болды. Тек қана білім емес, жылулық пен мейірім берді. Сенім екті саналарына. Қай-қай мектеп те қайырымдылық мекені болды. Қамқорлық ұясы, қиналғанның панасы болды. Одан ес жиып, материалдық жағдай шешілді ме дегенде, оқуға түсу шарттары өзгеріп, ҰБТ шықты алдарынан. Тең емес күреске балаларды дайындау сынды биік мақсат тұрды енді алдарында. Тағы да мұғалімдерге түсті күш. Бұл сынға да төзді. Шыңдалды. Жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, аршындап алға басты.
Енді, міне, жаңа кезең.
Жаһандану сынды үлкен қатердің алғашқы белгілері әжептәуір біліне бастаған бүгінгі заманның мұғалімге, ұлт мұғаліміне қойып отырған талабы зор, міндеті қатаң. Ең әуелі, күн сайын интернет кеңістігінен лақылдай төгілген алуан түрлі ақпараттан, жаңалықтардан бас көтере, монитордан көз ала алмай қалғанымыз рас па? Рас. Ол жаңалықтардың ішінде неше бір сұмдық, сорақылық, жымысқы саясат, іштарлықпен жазылып отырған аяқтан шалу, бір-бірін «жеу» сияқты қоқыстардың көп екені тағы да белгілі. Соған жаны еніп, айтақтаған, «отқа май құйған», дәлдүңгір, даукес жазбалар авторының «қолтығына су бүріккен» үлкен тобырға айналып бара жатқанымызды да жоққа шығара алмаспыз. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген, ересектер осылай өзгеріп жатқанда, бізге қарап өсіп жатқан ұрпақ қандай күйде деңіз... Айналып келгенде, ұлт мінезіне, қоғамдық санаға кері әсер ете ме деген қорқыныш бар.
Еңбектеген емес, емшектегі баладан бастап телефонға жабысқан заман болды. Қарайтыны шетелдік ию-қию құбыжық мультфильмдер. Тілі шыққаннан тыңдайтын дүниелері тағы орыс тілінде.
Сыпайы мен анайының ара жігін айырмайтын халге жеттік. Бет қызылынан айырылып, бетпақтық сәнге айналды. Мұны жұтау демегенде, жұтаңдық демегенде, рухани жұт демегенде, не дейміз? Осыған тосқауыл қою міндеті, ең алдымен, мұғалімнің, тәрбиешінің мойнында. «Отан өз үйіңнің табалдырығынан басталады» десек, азаматтық көзқарас, қоғам өміріне сергектік мектеп қабырғасынан қалыптасады. Ұстаздың өзі деңгейі биік, ойы өрелі, жаны бай, қазыналы жан болмайынша, «соткаға» байланып өскен баланың бетін бері қаратып, әдебиетке, тілге, рухани байлыққа, адамгершілікке қалай баулуға болады?
Сондықтан да бүгінгі күн мұғалімнен бесаспап, жан-жақты болуды, өз деңгейінде қайраткер, шешен, көсем, парасат иесі болуды қажет етеді. Сонда ғана оқулықтағымен шектеліп қалмай, баланың ақыл-ой көкжиегін кеңейтуге қол жеткізеді мақсаты зор ұстаз. Сондай ұстаз ғана шәкірт құрметіне бөленіп, есімдері есте қалады.
...Көп нәрсені қозғадық. Естеліктер мен мысалдар лек-легімен ағытылды. Әр мектепте аудиторияның ауанына қарай әр түрлі әңгіме өрбіді.
Әрине, «Орал өңірі» газетінің облыстың рухани әлеміндегі атқарып отырған рөлі мен қызметі туралы да айтылмай қалған жоқ. Белді, беделді тілшілердің еңбектері, жазып жүрген мақалалары, оларды сабаққа қалай пайдалануға болатыны туралы сөз қозғадық, ой тастадық.
«Үзіліс» парақшасы жайлы оқырманның оң пікірін естіп, алдағы жоспарлармен бөлістік.
Бұқаралық ақпарат құралдарының бұқара халықтың басын біріктіру, ортақ мәселелерге пікір ұйыту, жарыққа ұмтылдыру, ойласу үшін шығарылатынын, бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау – өзіңнің елдігіңді қорғау екенін ашып айттық. Сауаттандыруға емес, сауатсыздандыруға алып баратын «жаңашылдықтан», «мәртебеліліктен» сақ болу керектігін де ойға түйіп шықты деп ойлаймын менің жас әріптестерім.
Газетке жазылуға зауықсыз керітартпа әңгіме болған жоқ.
«Жазылайық десек, газеттің бояуы сапасыз, ас жегенде қол сүртсек, ошаққа кіріп-шыққан мысықтай боламыз... Ешкімнің мәжбүрлеуге хақы жоқ, өз еркімізбен, таңдаған газетті ғана алдыруға мүмкіндік берілуге тиіс» деген бір ғана пікір иесінің сөзін редакцияға жеткізуге берген уәдем бойынша осы жерге салдым. Бірақ тап бүгінгі заманда салфетка тұрғанда, ас жеп болып (елестетіңізші!), қолдарын газет жыртындысымен сүртіп отырған адамдар (соның ішінде мұғалімдер!) бар дегенге сену қиын... Керітартпа, керіауыздықтан сақтағайды зиялылар мен игі жақсыларымызды!..
Дариға Мұштанова
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
«Парасат» ордені мен
Ы.Алтынсарин медалінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі