22.12.2022, 9:15
Оқылды: 50

Ауыл дамымай, қала жарымайды

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті он алтыншы сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудандардың әкімдері, құқық қорғау құрылымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.  

IMG_8131

Күн тәртібінде бірнеше өзекті мәселе қаралды. Атап айтсақ, облыстық қаржы басқармасының басшысы Тілепберген Қаюпов «20232025 жылдарға арналған облыстық бюджет және облыстық-аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) бюджеттер арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі  туралы баяндама жасады.

– 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет 2023-2027 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде дайындалды және басым сипаттағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. 2023 жылғы облыстық бюджет түсімдер мен шығыстар бойынша 368,3 млрд теңге, 2024 жылға 398,1 млрд теңге, 2025 жылға  422,9 млрд теңге көлемінде айқындалды. Облыстық бюджеттің негізгі бағыттары әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және білім беру, өмір сүру деңгейін  жақсарту болып табылады.

Инвестициялық жобаларды іске асыруды ескере отырып, әлеуметтік  салаға 223 млрд теңге немесе жалпы бюджеттің 60% бөлігі бағытталды. Оның ішінде білім беруге – 185,3 млрд теңге (соның ішінде «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 10 орта білім беру нысанының құрылысы қарастырылды), денсаулық сақтауға – 9 млрд теңге, әлеуметтік қамтамасыз етуге – 18,1 млрд теңге, мәдениет, спорт, туризм, мұрағат, жастар саясаты және ақпараттық  кеңістікке – 10,6 млрд теңге.

Ауыл және орман шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, ветеринария және жер қатынастарын дамытуға 30,7 млрд теңге қарастырылды. Және кәсіпкерлік қызметті қолдауға 2,1 млрд теңге қаражат бағытталды. Сонымен қатар 38,6 млрд теңге шамасында тұрғын үй құрылысына, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, сумен қамту және су бұру құрылысына, елді мекендерді газдандыруға қарастырылды. Бұған қоса, облысымызда жолдарды күтіп ұстау, күрделі, орташа жөндеу және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады. Бұл мақсаттарға 35,3 млрд теңге қаражат бағытталды, – деді басқарма басшысы  Тілепберген Ерсайұлы.

Одан әрі облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 22 қаңтардағы «2021-2025 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысының аумағын дамыту бағдарламасы туралы» шешіміне өзгеріс енгізу жөнінде облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Медет Айдынғалиев пен облыс әкімдігі-нің құрамын бекіту туралы облыс әкімінің аппарат басшысы Абат  Шыныбековтың қысқаша баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев облыс әкімдігінің 2012 жылғы 6 желтоқсандағы №227 және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2012 жылғы 7 желтоқсандағы №5-3 «Батыс Қазақстан облысында меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшерін белгілеу туралы» бірлескен қаулысына және шешіміне өзгеріс енгізу туралы баяндама жасады. Бұл мәселелерді депутаттар тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында толыққанды талқылағандықтан, бірауыздан қолдап, бекітті. Аталмыш алқалы жиында тұрғындарды толғандырған түйткілді һәм көптің көкейінде жүрген өзекті мәселелер қозғалды. Мәселен, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев мынадай ұсыныс-пікірін  ашық айтты:

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде жыл сайын Батыс Қазақстан облысына 7,8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген жағдайда әлеуметтік мәселелерді шешу үшін 25 жылдан астам уақыт қажет болады. Қазіргі кездегі геосаяси ахуалды ескере отырып, Ресеймен шекаралас жатқан ауылдық елді мекендерді қаржыландыру арқылы әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелерді тез арада шешуіміз қажет.

Егер «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының қаржы бөлу механизмі қайта қарастырылмаса, кері миграция үрдісі жылдан-жылға ұлғая түспек. Бұл өз кезегінде «Шекарамызды кім қорғайды?» деген сұрақты туындатады. Сондықтан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы қаржыландыруды адам санына қарай емес, ауылдық елді мекендер санына қарай бөлуді және қаражатты жоспарлағанда басымдықты шекараға жақын орналасқан ауылдық елді мекендерге беруді ұсынамыз. Сондай-ақ біздің өңірге ішкі миграцияны, яғни шекарадағы ауылдық елді мекен тұрғындарын тұрақтандыру үшін инфрақұрылым мәселесін тез арада шешуіміз керек. Ол үшін қазір бөлініп отырған қаражатты 5-6 есеге өсіріп, жыл сайын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінетін қаражатты 40 млрд теңгеге дейін көбейту қажет, – деді ол. Облыстық мәслихат депутаты Мұрат Жәкібаев та осы пікірді қолдады. Оның айтуынша, шағын ауылдарды жауып-таратпай, қайта қазақтың құтты мекені болған алтын бесік – ауылдардың жағдайын жақсартып, барынша дамуына көңіл бөлу  керек.

Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев:

– Қай мәселенің де оң шемімін табуы тікелей қаражатқа байланысты. Облысымыздың үш жылдық бюджетін бекітіп отырмыз. Осы қаржы аясында бірқатар мәселе шешімін табады деген үлкен сенімдеміз.  Ең алдымен, ауылдық елді мекендерді дамытуымыз қажет. Себебі Мемлекет басшысының өзі ауылдардың ахуалына алаңдаулы. Күні кеше ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті өңір басшыларына бірқатар тапсырма берген болатын. Сондықтан да біз ауылдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әлауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды әрқашан назарда ұстаймыз, – дей келе  депутаттарды алдағы уақытта да облыс көлеміндегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға, қосымша кіріс көздерін анықтауға, жол, тұрғын үй секілді мәселелерді бірлесе шешуге, тұрақты комиссиялар отырысында сала бойынша бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

Алтынбек Ермекқалиев,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале