Облыста биылғы 11 айда 309 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 90 адам қайтыс болып, 354 жолаушы түрлі жарақат алған. Жол-көлік оқиғалары былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға жиілеген. Бұл туралы дүйсенбі күні облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Жол апатының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысына Орал қаласы мен аудан әкімдері, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға жауапты мекеме-кәсіпорындардың басшылары қатысты.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында «Азаматтардың құқықтарын қорғау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау қызметінің негізгі басымдығына айналады. Сондай-ақ қылмысты тіркеуден гөрі, тиімді түрде оның алдын алуға баса назар аудару қажет» деген болатын. Алдын алуды талап ететін құқықбұзушылықтардың бірі – жол-көлік оқиғалары. Адам өмірі мен денсаулығына орасан зиян келтіретін жағдайлардың көбі жол апаты салдарынан болып жатыр. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 309 жол апаты тіркеліп, 90 адам жарық дүниемен беймезгіл қоштасқан. Бұл – өткен 11 айдың көрсеткіштері ғана. Желтоқсан айында да жол апаттарының орын алып жатырғанын ескерсек, жыл соңына дейін қайғылы деректердің әлі де арта түсері анық. Бұл мәліметтер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қолға алынған шаралардың мардымсыз екенін көрсетеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құқық қорғау құрылымдарының немесе полицияның міндеті ғана емес. Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарына барлық құрылым тартылуы қажет. Қыс басталды. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға жауапты мекеме-кәсіпорындар қысқы мезгілге сақадай сай болуы керек. Өйткені жол қауіпсіздігі сақталмаса, көлік апаты тіркеле береді. Бүгінгі отырыста жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қысқа дайындық мәселелерін пысықтайтын боламыз, – деді жиынның ашылуында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
180 көше жарықтандырылмаған
Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жанболат Жаншиннің айтуынша, биыл облыста қоғамдық резонанс тудырған екі жол апаты орын алған. Оның бірі қарашаның 19-ы күні Самара — Шымкент аутожолында тіркелген. «Тойота Альфард» аутокөлігінің жүргізушісі қозғалыс жылдамдығын шамадан тыс арттырып, соның салдарынан бағыттас келе жатқан көлікпен соқтығысады. Апат салдарынан қайтыс болғандар бар. Екіншісі биылғы жылдың 16 қарашасында тіркеліпті. Подстепный — Бортау аутожолында «DAF» маркалы екі ауыр жүк көлігі түйісіп, жүргізушінің біреуі мерт болған. Осы оқиғалар жүргізушілердің алдағы аутокөлікті басып озу үшін қатты айдау немесе қарсы бетке шығып кету сыңайлы жағдайлардың кесірінен орын алған. Сондай-ақ Орал қаласында тротуарлардың салынбауынан немесе сол маңның тиісті деңгейде жарықтандырылмауынан да жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын көрінеді. Нақтырақ айтсақ, өткен 11 айда шаһарда жаяу жүргіншілердің қатысуымен 84 ЖКО тіркеліп, оның салдарынан 7 адам ажал құшып, 81 жүргінші жарақат алған.
– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жол қауіпсіздігіне жауапты мекемелердің назарын көшелерді жарықтандыруға және тротуар төсеу мәселесіне аударғым келеді. Өйткені Орал қаласында жалпы 600 көше болса, оның 180-іне көше шамдары орнатылмаған. Балалардың жол бойында жарақат алуын болдырмау үшін қолға алынған іс-шараларға қарамастан, биыл 19 қыркүйекте Орал қаласындағы №30 мектептің жанында қайғылы жағдай орын алды. Сабақтан шыққан үш жасөспірімді «ГАЗ-53» (ассенизатор) аутокөлігі қағып кетті. Балалар ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға түсті. Оқиғаға «ГАЗ-53» аутокөлігінің жүргізушісі кінәлі. Ол есірткі шегіп алып, көлік айдаған. Содан аутобустың жанынан жолға жүгіріп шыққан балаларды қағып кеткен. Осыны ескере отырып, облыстық білім басқармасынан мектептерде жол қозғалысы ережелерін үйрету сабақтарын өткізіп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды қабылдауын сұраймын. Өйткені биыл кәмелетке толмағандардың қатысуымен 55 ЖКО тіркелсе, соның салдарынан 10 бала қайтыс болып, 59 жеткеншек әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алды, – деді Жанболат Жасқайратұлы.
85 арнайы техниканың 62-сі жарамды
Қыс мезгілінде тосын оқиғалардың жиі болатыны мәлім. Соған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті, облыстық полиция департаменті мен облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының мамандары өңірдегі республикалық, облыстық маңызы бар аутожолдардың қысқа дайындығын тексерген. Тексерістің нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталған. Бұл туралы жиында БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов баяндады.
Ернұр Сапарұлының айтуынша, өңірдегі республикалық және облыстық маңызы бар аутокөлік жолдарына комиссиялық байқау 10-20 қазан аралығында жүргізілген. Сол кезде жолға жауапты кәсіпорындардың өндірістік базалары, жол-пайдалану техникалары, көктайғаққа қарсы материалдармен қамтылуы, жылыту бекеттері және қардан қорғау қалқандары тексеріліпті. Анықталған кемшіліктерді жою қажеттігі туралы «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ БҚО филиалына хат жолданған. Алайда қабылданған іс-шараларға қарамастан, кейбір кемшіліктер бүгінгі күнге дейін түзелмеген.
– Теректі ауданының орталығындағы «Қазақавтожол» ЖШС-ға қарасты №38 жол-пайдалану учаскесінің ДЭП-2 ғимараты апатты жағдайда. Техниканы қосымша жалға алғанына қарамастан, республикалық аутожолдардағы жол техникасының жалпы саны нормативтік қажеттіліктерге сәйкес келмейді. Мәселен, облыс бойынша 1414 шақырымға нормативтің талабына орай 85 бірлік техника қажет. Ал өндірістік базадағы жарамды техниканың жалпы саны — 62 дана. Яғни базадағы техникалардың 40-ы жарамды болса, 22-сі жалға алынған. «Қазақавтожол» ЖШС берген мәліметке сүйенсек, тағы 11 бірлік техника сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Сондай-ақ қысқа дайындықты тексеру барысында көктайғаққа қарсы материалдар қорының тапшылығы байқалды. Мысалы, қысқы мезгілге 2000 тонна тұз қажет болса, қолда бары 1580 тонна ғана. Қысқы кезеңге арналған су өткізгіш 489 құбырдың тек 116-сы жабылған, бұл көктемгі су тасқыны кезінде тосын жағдайға соқтыруы мүмкін. Облыстық маңызы бар аутожолдарды күтіп ұстауды 8 мердігер мекеме қамтамасыз етеді. Аутожолдарды ұстауға арналған шарттар 2023 жылдың соңына дейін жасалған. Орал — Кирсанов аутожолының бойын ағаштар мен басқа да өсімдіктерден тазарту жұмыстары жүргізілмеген. Бұл қыста жүргізушілердің көру аумағын шектейді және жол-көлік оқиғаларына ұшыратуы ықтимал. Жалпы айтқанда, аутожолдарды күтіп ұстау бойынша негізгі мәселе – жол тазалауға арналған арнайы техниканың жетіспеуінде. Сол себепті қыста күре жолдардағы қар уақтылы тазаланбай, көктайғаққа қарсы материалдар дер кезінде шашылмайды, – деді Ернұр Өтегенов.
«Автожолдар тазаланбаса, тендер берілмейді!»
«ҚазАвтоЖол» АҚ директоры Қазбек Мәмбетовтың мәліметіне қарағанда, облыста республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 1414 шақырымды құрайды. Оның 1097 шақырымы Қазақавтожол» ЖШС БҚОФ-ның (245 шақырымы күрделі жөндеуде, 72 шақырымы қайта жасақталуда) қадағалауында. Кәсіпорында жалпы 92 бірлік арнайы техника бар. Оның кейбірі жарамсыз. Бүгінде қосымша 22 бірлік техниканы жалдау бойынша шартқа қол қойылып, оның 18-і өндірістік кешенге жеткізілген. Сондай-ақ жуырда көктайғаққа қарсы құмды-тұздар да нормативке сәйкес мөлшерде әкелінген.
– Қыс айларында аутожолдарды талапқа сай ұстау үшін норматив бойынша 85 арнайы техника болуы қажет десе, сондай көлік кез келген жағдайда сақадай-сай тұруы қажет. Өйткені өңірімізде республикалық маңызы бар бірнеше аутожол бар. Сіздер норматив бойынша 85 көліктің тең жартысы жарамсыз деп отырсыздар. Арнайы техникалар жетіспейтін болса, неге жалға алмайсыздар? Жалдайтын техникаларыңызды да тексеріп алыңыздар. Саны бар да, сапасы жоқ, жарамсыз болып жүрмесін! Ендігі жерде өзімізді алдап, қағаз жүзінде жұмыс атқарудың қажеті жоқ. Жолдың дұрыс тазаланбауынан жол-көлік оқиғалары орын алып, адамдар жан тәсілім қылатын болса, оған біз және осында отырған мекеме басшылары айыпты болады. Осы орайда «ҚазАвтоЖол» АҚ-ға, облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасына, Орал қаласы және аудан әкімдеріне барлық жолдың уақтылы тазаланып, көктайғақ кезде қажетті жұмыстардың жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Аудан әкімдері қысқы мезгілде елді мекендермен жол қатынасын үздіксіз қамтамасыз етіп отырсын. Бұған қоса жолды күтіп-баптау, қардан тазарту бойынша мемлекеттен қыруар қаржы алатын кәсіпорындардың жұмысын жіті қадағалау керек. Яғни аутожолдардың тазаланғанын сол маңдағы ауылдың әкімдері мен қоғам белсенділері қадағаласын. Егер жолдар уақтылы тазаланбаса, өз міндетіне атүсті қарайтын мекемеге мемлекеттің қаржысы неге бөлінуі керек? Демек, осы бағыттағы жұмыстарды ширатып, жауапкершілікті арттырыңыздар! – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz