Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне Мемлекеттік маңызы зор бірнеше міндет жүктелген. Соның ішінде өмірдің ағысынан ағат кетіп, заңға қайшы әрекеттерге барып өз жазаларын өтеп жатқан сотталғандарды да күзету міндеті бар. Бүгінгі әңгімеміз сындай түзету мекемелерін күзету үшін қарауыл жасағына түсетін әскери қызметшілер туралы болмақ.
Қарауылдық қызмет – Ұлттық ұлан сарбаздарына қойылатын басты міндеттердің бірі. Ол жеке кұрамнан жарғылық міндеттерін бұлжытпай орындауды, батыл шешімді, барынша қырағылық пен батылдықты талап етеді.
Солардың бірі – Орал қаласындағы түзету мекемесін күзету ісінде қалтқысыз қызмет атқарып жүрген капитан Диас Сембин басқаратын 1 - атқыштар ротасы өзіне тапсырылған жауапкершілігі мол міндетті абыроймен атқарып келеді.
Осы қиын да жауапты істі атқару барысында сақшылар төзімділік пен ерліктің, қайсарлықтың үлгісін танытып, бар күш-жігерін осы жолға жұмсауда. Қақаған аязы мен бораны қатар келетін қырауылы қатал қыс, аптапты жаз бен суық, нөсерлі күз де, жауынды, жайсыз көктем мезгілі де, қауіпті, мазасыз қызмет те біздің жауынгерлеріміздің жігерін мұқалтып, жауапкершіліктерін жоя алған жоқ.
Бұл ретте ротадағы қарауылдық қызметке шығар әрбір сарбаз күзетші міндетін жетік меңгерген. Сақшының құқығы, жеке бастарының заңмен ерекше қорғалатынын түсінген олар өздеріне бекітіліп берілген күзету орнын сенімді күзетеді. Бекітілген нысанды қорғау және күзету үшін жауынгерлік міндеттерін атқаруға тиісті күзетші сарбаздар өздеріне тапсырылған жауынгерлік қызметті мүлтіксіз атқарып келеді.
Рота командирі капитан Диас Сембин қарауыл жеке құрамын жасақтауға және олардың жауапкершілігіне аса мән береді. Жеке құрам қызметке кіріспей тұрып, тынығып, жарғымен танысып, қарауыл қалашығында жаттығады. Қызметке түсер алдын жауынгерлік қызметке түсетін барлық әскери қызметшілермен тәрбие жұмысы өткізіліп, қарауылдық қызметті жоғарғы деңгейде атқаруына бағыттайды. Қарауыл жеке құрамы нұсқаулық сабақтан кейін, қарауылға түсу туралы бұйрықтарын алып қарауыл бастығымен бірге қарауыл нысанына барып, сол жерде тәулік бойы жауынгерлік міндеттерін орындайды.
Сайдың тасындай іріктелген жігіттерді айтқанда қарауыл бастығы, 3 сынып сержанты Жумагалиев Арман Рамазанұлына тоқталмай кетпеуге болмайды. Осы қызметте келе жатқанына жиырма жылдан асқан Арман бұл бағыттағы қызметті жетік меңгерген. Өмірін осы саламен байланыстырғанына еш өкінбейді. Әр сарбаздың іскерлік, моральдық қасиеттерін жете біледі. Оның ойынша, қарауылға түсетін сарбаз, төзімді, сабырлы болуы шарт. Қазіргі құрам бұл талапқа толықтай сай. Қызмет барысында басында біраз қиындықтармен кездескен, қазір солардың бәрін жеңді. Арман өз міндетін жақсы атқарып қана қоймай, барлық қарауыл жеке құрамының талапқа сай қызмет етуіне жауап береді.
Арман жиырма жыл қызмет еткен уақыт ішінде міндетін абыроймен мінсіз атқарып келеді. Ал бұндай жауапты қызметті жоғарғы деңгейде атқару кез келген адамның қолынан келе бермиді.
Ал Түркістан облысы Арыс ауданы Ақдала ауылынан Орал өңіріне өз Отан алдындағы борышын атқаруға келген қатардағы жауынгер Нұрбет Білімжан Әділбекұлы бақылау мұнарасында күзетте тұрғанда, қоршауларын зерек қарап, қызметі туралы пост табелінде бекітілген мерзімде байланыс құралдары арқылы тиісті жерге баяндап тұрады. Қарауыл бастығынан, оның көмекшісінен және солардың жанында жүрген адамдардан басқа ешбір жанды тыйым салынған арақашықтықтан жақын жібермейді. Әскери қызметте тек жарғы талабымен ғана іс- әрекет ету керектігін бес саусақтай керемет біледі.
- Әскери қызмет нағыз ер азаматтардың орны деп айтар едім. Біз әрқайсымызға жүктелген жауынгерлік тапсырманы адал абыроймен атқаруымыз қажет. Өзімізге жүктелген істі дер уақытында және талапқа сай орындау – жауынгерлік парызымыз. Біздің бөлімде қызметімізді алаңсыз атқаруға барлық жағдай жасалған. Отан алдындағы азаматтық борышымды адал атқарып, әрмен қарай өз қызыметімді келісімшарт әскери қызметшісі ретінде Ұлттық ұлан қатарында жалғастырсам деймін деді,- жас жауынгер Білімжан Әділбекұлы.
Алматы облысынан шақыртылған қатардағы жауынгер Мухамедсадыков Айдос Еркінұлына да бұл қызмет қатты ұнайды. Әскерге дейін спортпен айналысқандығының нәтижесінде жас жауынгер курсынан еш қиналмастан өткен. Соған байланысты алдағы өмірін осы қызметпен байланыстыруды жоспарлауда. Бала кезден самбо күресімен айналысқан Айдос әскери қызметтегі жауапкершілікті жете түсініп, берілген тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындауға тырысып жүр. Ұлттық ұланның осындай қырағы, ер жүрек, қайсар жігіттері барда еліміз тыныш болары анық.
Бір тәулік бойына өз бөлімшелерінен жырақтап кететін жауынгерлер моральдық-психологиялық шиеленісті бастан кешіреді. Сарбаздардың әскери борышын қырағы атқаруы үшін барлық жағдай жасалады. Ол үшін қарауыл жеке құрамымен тәрбиелік жұмыстар, жеке және топтық әңгімелесу ұйымдастырылады. Жауынгерлік қызметін сағаттап қарауылда тұрып атқаратын Ұлттық ұлан сарбазы бейбіт өмірдің тыныштығын күзетеді. Сондықтан ол әркез барлық жағдайға дайын болуы қажет. Бұл уақытпен және құқықтық тәртіп әскери қызметкерлерінің күшімен дәлелденген ақиқат.
Әңгімемізді қортындылай келе айтарымыз, біздің Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының игілігі үшін атқарып жатқан Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне тек алғыс білдіре отырып, қызметтеріне жаңа табыстар тілейміз! Ұлттық ұлан-айбынды әскері жасай берсін!
Ертуған Әубакир,
капитан