Жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 951 шетел азаматы еңбек етіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға рұқсаттың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 568 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 017 рұқсат (екінші санат).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 518 адам, Үндістан – 1 645 адам, Түркия – 1 577 адам, Ұлыбритания – 1 091 адам, Өзбекстан – 693 адам.
Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді және бөледі.
Биылғы қаңтар айында Еңбекмині ШЖК тарту квотасын бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 21 097 бірлікке дейін, яғни 7 255 бірлікке (25%) қысқартты.
Осы жылдың желтоқсанында квота қосымша 997 бірлікке қысқартылып, жалпы саны 20 100-ді құрады.