Биылғы жыл Казталов ауданында мал өсірген ағайындар үшін қолайлы десек артық болмас. Қыстағы қардың суы сай-саланы толтырса, көктемде жауған жауын маусым айы басталғанша бір толастамады.
Ырысты жылды мүмкіндігінше толық пайдаланған казталовтық шаруалар мал азығын жинауда жаңа
технологияларды жүзеге асырды. Нақтырақ айтсақ, аз ғана жерге екпелі шөп егіп, мол өнім алуды көздеген. Жалпы аудан бойынша біраз шаруашылықтар суы мол өзен-көлдерді жағалап, екпелі, көпжылдық шөптерді егумен айналысты.
Аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мəліметіне сүйенсек, жалпы аудан бойынша 1200 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарын егу жоспарланса, биыл 15 гектарға картоп, 50 гектарға көкөністер, 1000 гектарға мал азығына қажетті дақылдар егу жұмыстары жүргізілген.
Егістікпен ауданымызда 17 шаруа қожалығы айналысып бастады. Жыл санап екпелі шөп егуге қызығушылық танытып отырған шаруашылықтар қатары көбеюде.
Атап көрсететін болсақ, Ақпəтер ауылдық округінің «Қамқор» шаруа қожалығы 120 гектар судан шөбі, «Асхат» шаруа қожалығы 30 гектар судан шөбі, «Ерқожа» шаруа қожалығы 50 гектарға судан шөбін ексе, бостандықтағы «Екпін» шаруа қожалығы 10 гектарға жоңышқа, «Мағжан» шаруа қожалығы 5 гектарға жоңышқа сеуіп, өнімін алды. Мұнымен қоса, аудандағы ірі инвестор «Ет индустриясы» ЖШС 300 гектар жерге суармалы судан шөбін жəне 300 гектарға суармайтын судан шөбін егіп тастады. Алғаш болып екпелі шөп егуді қолға алған Қарасу ауылындағы «Бақтияр» шаруашылығы 10 гектар жерге судан шөбін өсіруде.
Ауданда бау-бақша дақылдарын егу жұмыстары кенде қалған емес. Қайыңды ауылындағы «Нұр-Досхан» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі, Қараобадағы «Ғалым» шаруа қожалығы өзен жағасынан жер алып, көкөністер екті.
Нəтижелі іспен шұғылданған Бірік ауылдық округінің «Қайрат» шаруа қожалығы. Шаруашылық тізгінін ұстаған жаста болса жігерлі Əділхан Əділжанұлы Зайнушев. Осыдан екі жыл бұрын Əділхан əкесі Əділжан ағамыздың ақылымен 35 гектар жерге көпшылдық, екпелі еркек шөп (житняк) еккен болатын. Əліптің артын баққан шаруалар биылғы жауын-шашыны мол жылда мол өнімге кенелеміз деп күтті. Дегенмен, суармалы егістіктің нәтижесі шаруалар күткендей болған жоқ. Өнім тек жылдың жауынды, ылғалды болуына орай болды. Ал суармалы егістікте әзірлік жұмыстары деңгейінің төмен болуы, суаратын арнайы қондырғылардың жетіспеуі, шаруалардың несиелерді уақытында алмауы, суармалы жерді рәсімдей алмауы секілді біраз кедергілердің себебінен нәтиже төмен болды. Ендігі уақытта алдағы 2023 жылға осы кемшілектерді дер кезінде шешіп, көктемде шөп егу жұмыстарына кірісу қажет.
Жуырда аудан басшысы Рүстем Зұлқашевпен бірге суармалы егістікті қолға алып, шаруа бастаған азаматтардың тірлігін көріп қайттық. Біз ат басын тіреген Ақпәтер ауылдық округіндегі «Ерқожа» шаруа қожалығы. Далалық жұмыстарды ерте бастаған шаруашылық жетекшісі Самат Хасанов егістік басында жаңбырлатып суаратын техниканың монтаж (құрастыру) жұмыстарын бастатып жатыр. Шаруаның айтуынша, Түркия елінде жасалған «PIVOT» маркалы жаңбырлатып суару арнайы техникасы толық құралғаннан кейін көктемде іске қосылмақ. Мол өнім алуғамүмкіндік беретін бұл техниканың да қаражаты қомақты. 82 млн. теңгенің үстінде. Оның үстіне егілетін тұқым қаражаты тағы бар.
P. S. Міне, өзіміз куə болғандай, Казталов ауданының шаруалары жауын-шашынға тəуелді пəленбай мың гектар жерді шабудың тиімсіз екеніне көз жеткізіп, аз ғана жерде суармалы, көпжылдық шөп егіп, мол өнім алуға болатынын түсінгендей. Бір сөзбен айтқанда мұның бірі кезінде жүзеге асқан технологиялар. Бүгінде қайта жаңғырып жатыр.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz