29.12.2022, 10:30
Оқылды: 1158

Дәуіт Қара: «Қазақ тілін сақтасаңыздар, қыпшақ тілі де жойылмайды»

Дәуіт Шомпаи Қара – 1969 жылы Мажарстан астанасы Будапештте туған қыпшақтанушы, түркітанушы ғалым. Ол – венгриялық атақты түркітанушы Иштван Қоңыр Мандокидің шәкірті. Дәуіт Қара 30 жылдан бері түркі және қыпшақ тарихын зерттеп, көптеген еңбек жазған. Қазір Астанадағы Назарбаев университетінде түркітану саласы бойынша сабақ береді. Сондай-ақ ол – полиглот. Түркі тілдерінен (қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар, өзбек, ұйғыр, құмық, қарашай-балқар, тува, алтай телеңгіт, хакас, саха) басқа, ағылшын, орыс, моңғол, парсы және жапон тілдерін меңгерген.

1

– Дәуіт мырза, өзін қыпшақпын деп, қазақтан қыз алған, өзі өмірден өткен соң, Қазақстанда жерлеуді аманат еткен ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің шәкіртісіз. Түркітану мен қыпшақтануға сізді ұстазыңыз алып келді ме? Сізге қандай да бір өсиет айтты ма?

– Мажарстан жеріне, яғни Венгрияға ХІІІ ғасырда көшіп келген құман-қыпшақтардың мекені екі аймаққа бөлінеді: Ұлы Құман және Кіші Құман (Надькун және Кишкун). Мен бала кезімде жазғы демалыста үнемі нағашыларымның Кіші Құман өңіріндегі Кишкун-майша деген ауылына баратынмын.

Біздің нағашылар қыпшақтармен көршілес тұрып, олармен етене жақын араласты. Ондағы қыпшақтардың ауылы Көтен-ауылы (Арка-Көтөн) деп аталады. Аңыз бойынша қыпшақтардың биі Көтен батыр сол өлкеде жерленген екен.

Мен қыпшақтардың тарихына және жойылып кеткен тіліне сол уақыттан бастап қызықтым. Кейін тарихи кітаптардан Шығыс Еуропада (Тын/Дон және Қобан/Кубан) өзен бойын жайлаған құманқыпшақтар жөнінде оқыдым. Бату ханның шапқыншылығы кезінде (1236-1242) олардың кейбір тайпалары атажұртын амалсыз тастап, Мажарстанға көшіп кеткен. Біздің Бела патшамыз (1214-1270) құман-қыпшақтардың көсемі Көтен батырмен құда болып, баласын оның қызына үйлендірген.

Мажарстанда қыпшақтар жоғарыда аталған екі жерде қоныс теуіп, XVIII ғасырға дейін ана тілінде сөйлеп келген. Алайда кейін мажарлармен ассимиляцияға ұшырап, қыпшақ тілі жүйелі, яғни күнделікті қолданыстан ығыстырылған. Қазір олардың Құдайға сыйынатын бір ғана дұғасы сақталып қалған. Сол Жаратушыға жалбарынуды естіп, қыпшақ тіліне қатты құмар болдым. 22 жасымда түркітанушы Қоңыр ағамен (1944-1992) танысып, ол кісіден және оның үйіндегі жеңгеміз Айша апайдан түркі тілдерінің қыпшақ тармағына жататын қазақ тілін үйрене бастадым. Кейін Қоңыр ағаның жетекшілігімен Орта Азияға оқуға бармақ болдым. Алайда ол 1992 жылы кенеттен қайтыс болып кетті. Ұстазымның өсиеті бойынша мен студент алмасу жобасы негізінде Қазақстанға оқуға түстім де, 1993-1995 жылдар аралығында қазақшаны жетік меңгеріп алдым. Сөйтіп, Қазақ елінің біраз өңірін аралап шықтым. Сондай-ақ Мажарстанның Қазақстандағы тұңғыш елшісі, түркітанушы Йожеф Торма (1943-2000) ағама еріп жүріп, қазақ тілін ғана емес, салт-дәстүрін де зерттей бастадым (1994-1995 жылдары). Қоңыр ағаның қыпшақтану саласындағы жұмыстарын жалғастыруға тырысып келемін. Қазақшадан басқа, түркітектес қарақалпақ, ноғай, башқұрт тілдерін де үйреніп, соңғы 30 жылда ғылыми  зерттеулер жүргізудемін.

– Қазақ және мажар халықтары арасындағы тарихи және туысқандық байланыс туралы қандай тың  деректер айтар едіңіз?

– Мажар және құман-қыпшақ тайпалары Еділ мен Жайық арасында ежелден аралас-құралас өмір сүрген. Мажарлардың қабар тайпасы да қыпшақтардан шыққан сияқты. Мажарлар ІХ ғасырда Еділ жақтан Қарпат тауының қойнауына қоныс аударып, мемлекетін құрған. Қабар тайпасы қазір Мажарстанның солтүстігінде тұрады. Оларды біз «палоц» немесе «половец», яғни «далалықтар» дейміз. Жоғарыда айтылғандай, XIIІ ғасырда құман-қыпшақтары, керісінше, Мажарстанға көшіп келген. Осылай біте-қайнасып араласудың әсері болса керек, мажар халық музыкасын зерттеп, ноғай, қарақалпақ және Еділ-Жайық қазақтарының әуендеріне өте жақын  екеніне  көз  жеткіздік.

Мажар тілінде түркі тілдерінен, кыпшақ тілінен енген мыңға жуық кірме сөз бар. Мысалы, алма, балта, сақал, пышақ, арпа, бұқа, тоқты, кендір, және т.б. Моңғол шапқыншылығы заманында (1223-1242) Шығыс Еуропаға көшіп келген құман-қыпшақтар мажарлармен бірігіп, 1227 жылы одақ құрды. Ортақ билеуші Бела патша болды. Бірақ Бату ханның шабуыл жасауы салдарынан бұл одақ 1239 жылы ыдырап кетті.

– Дәуіт мырза, Мажарстанда сіз секілді қыпшақтардың тарихына, қазақтармен өзара байланысқа қызығатын азаматтар көп пе? Сіздің шәкірттеріңіз бар ма?

– Иә, біздің елімізде қыпшақ тарихына қызығушылық танытатын кісілер, әсіресе жастар баршылық. Бірақ оларды оқытатын арнайы орталық немесе оқу орны жоқ. Марқұм Иштван Қоңыр ағамыздың жұбайы Айша апа екеуміз қазақ тілі мен мәдениетінен сабақ береміз. Богларка есімді бір шәкіртіміз Қазақстанға келіп, қазақ тілімен қоса, қылқобыз тартуды да үйреніп кетті. Болашақта ата-бабаларымыз – қыпшақтардың тілін, тарихын оқытатын мектеп ашу жоспарда бар. Бірақ ойға алған ісімізді жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау, демеушілік қажет  болып  тұр.

– Еңбегіңіз бен зерттеп жүрген бағытыңыздан оқырмандар хабардар болды. Енді өмірбаяныңызды айтып берсеңіз, Дәуіт аға.

– 1969 жылы Мажарстан астанасы Будапештте, Дунай өзенінің батыс жағалауында өмір есігін ашыппын. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, жазғы демалысымды нағашыларымның ауылында, яғни қыпшақтар мекені Кіші Құман жерінде өткізетінмін. Ата-анам фотограф, журналист және кітап сатушы болып жұмыс істеді. Орта мектепті туған қаламда бітірдім. 1989 жылы Америкаға аттанып, IDAHO университетінде антропология мен музыкология бойынша білім алдым. 1993-1995 жылдарда Алматыда Абай атындағы университетте қазақ тілі мамандығы бойынша оқып әрі Мажарстанның Қазақстандағы тұңғыш елшісі Торма ағаның тілмәшы болып жұмыс істедім. 2000 жылы Будапешттегі ELTE университетінде түркітану және моңғолтану мамандығы бойынша магистр атандым. Ал 2006 жылы осы ЖОО-да лингвистика саласында докторлық дәрежемді қорғадым. 2003 жылдан бері Мажарстан этнография институтында ғылыми зерттеу жүргізіп келемін.

– Түркітану, қыпшақтану салаларында 30 жылдан бері ізденіп, жазып жүрсіз. Қандай еңбектеріңіз жарық көрді?

– Түркі тілдес халықтардың, соның ішінде қазақтардың да фольклоры, жыраулық өнері, дәстүрлі әндері жөнінде көптеген мақала мен кітаптар жаздым. Қазір мажарлар мен ноғайлар арасындағы тарихи және этно-графиялық байланыстарды зерттеу үстіндемін. Сонымен қатар Орта Азия мен Сібірді зерттеген мажар ғалымдары мен оларға көмектескен жергілікті азаматтардың өмірбаянын, ғылыми еңбектерін зерделеудемін.

– Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па?

– Қазақ тілін 1991 жылы Қытайға қарасты Шыңжаңға барып, Текес бойындағы қазақтардан үйрене бастадым. Ондағы қазақтар өзге тілдің сөздерін араластырмай, таза сөйлейді екен. Кейін 1993 жылы Алматыға барғанда, амалсыз орыс тілін де меңгеруге тура келді. Өйткені шаһарда өзге ұлт өкілдері түгілі, қазақтардың өздері орысша сөйлейді. Сондықтан шыдай алмай, қаладан қашып, Жетісу, Жамбыл және Түркі­стан облыстарындағы ауылдарға барып, қазақ тілін жетік меңгердім. Негізі, қазақ тілі санама бірден сіңген сияқты, қан тартады  ғой.

– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған конференцияларға құрметті қонақ ретінде қатысып, сөз сөйлеп жүрсіз. Ұлт ұстазының шығармашылығымен қашан таныстыңыз?

– Ахмет Байтұрсынұлының есімін алғаш рет Шыңжаң қазақтарынан естідім. Олар әлі күнге дейін Ахаң құрастырған төте жазумен жазады. Мен де осы әліпбиді кириллицадан артық көремін. Кейін Алаш орда тарихын оқығанда да Ұлт ұстазының ерен еңбегіне әбден қанықтым. Ахаң – ұлттық мәдениет үшін күресіп, тіпті өмірін де құрбан еткен ұлы тұлға.

– Өзге Алаш зиялылары немесе қазақтың басқа ақын-жазушылары туралы не білесіз?

– Мен қазақ көркем әдебиетін өте жақсы көремін. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» (бұл кітаптар мажар тілінде де жарық көрді), Тахауи Ахтановтың «Боран» романын қызығып оқыдым. Абай Құнанбайұлы мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқимын.

– Дәуіт мырза, сіз бүгіндері Астанада тұрасыз. Назарбаев университетінде түркітану саласында дәріс оқисыз. Біздің еліміз, қазақ халқы жайлы қандай пікірдесіз?

– Иә, Назарбаев университетінде, Юлай Шамилоғлы жетекшілік ететін Түркітану бөлімінде ағылшын тілінде сабақ беремін. Көп студентіміздің ата-баба тілін білмей, орысша сөйлейтіні мені қатты қынжылтады. Бірақ бәрібір де Қазақ елін, қазақ халқын қатты жақсы көремін. Қазақстан – мен үшін жат өлке, бөтен ел емес. Біздің құман-қыпшақтар, қазақтар, ноғайлар және  қарақалпақтар – бауыр халықтар. Қазақ­станның болашағы жарқын деп ойлаймын. Бірақ ұлттық намысты оятып, қазақы рухты көтеру керек. Бұл бағытта тіл мәселесі өте маңызды. Қазақ балаларының тілі қазақша шығып, қазақша білім алса, ой-санасы қазақы болса, қазақ мәдениеті ары қарай дами береді деп сенемін.

– Өмірлік мақсатыңыз қандай?

– Ғұмырлық мұратым –шашырап кеткен қыпшақ тектес жұрттардың салт-дәстүрін, тілін, тарихын зерттеу. Сол ғылыми жұмыстарым арқылы бауырлас қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, құман-мажар халықтары арасындағы байланысты нығайтып,  тереңдеткім  келеді.

– Неше тіл білесіз?

– Мен түркі тілдерінен (қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар, өзбек, ұйғыр, құмық, қарашай-балқар, тува, алтай-телеңгіт, хакас, саха) басқа, ағылшын, орыс, моңғол, парсы және жапон тілдерінде  сөйлей  аламын.

– Оқырмандарымызға қандай тілек айтар едіңіз?

– Егемен, Тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгі жасасын деп тілеймін. Өкінішке қарай, қыпшақ тектес халықтар (ноғай, қарақалпақ, құман-қыпшақ, сібір-татар және т.б.) тауыққа шашқан тарыдай бытырап, тілімізден, мәдениетімізден айырылып бара жатырмыз. Біздің үмітіміз – Қазақстанда. Егер сіздер қазақ тілін сақтасаңыздар, онда қыпшақ тілі де жойылмайды. Қазақтың рухы асқақ болғай, қазақ тілінің мәртебесі көтеріле бергей. Қазақша сөйлемейтін жастардың намысы, рухы оянып, ана тіліне, ата-баба дәстүріне қайтадан оралсын деп тілеймін. Құндылықтарымыздың қадірін білейік.

Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале