Өткен жылдың үшінші тоқсанында жұмыссыз халық саны 450,3 мың адамды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға аз. Қазақстанда жұмыссыздар саны екінші жыл қатарынан азайып келеді, бұл ретте 2019 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда көрсеткіш әлі де 1,9%-ға жоғары.
Energyprom деректеріне қарағанда Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі бір жыл ішінде айтарлықтай өзгерген жоқ. 2022 жылдың үшінші тоқсанында 4,9%-ды құрады, бұл ретте 2020 жылдың тиісті кезеңінде көрсеткіш 5%-ға жетті. Ал 2019 жылдың үшінші тоқсанында ол 4,8%-ды құрады.
Өңірлік бөліністе 2022 жылдың үшінші тоқсанында жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі, дәлірек айтқанда 5,3%-ы Түркістан және Маңғыстау облыстарында байқалды. Сондай-ақ Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында жұмыссыздық деңгейі 5%-дан асты.
Өңірлер арасында жұмыссыздықтың ең төмен деңгейі Ұлытау облысында байқалды: 4,1 %. Одан кейін Қарағанды облысы (4,3 %) және Астана (4,5%).
Айта кетерлігі, өткен жылы қалалардағы жұмыссыздық деңгейі ауылдарға қарағанда жоғары болды: 4,9% (қалалар), 4,8% (ауылдар). Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда биыл қалаларда жұмыссыздық деңгейі төмендеді, ал ауылдарда керісінше өсті.
Қалалық жерде жұмыссыз халық саны бір жыл ішінде 0,7%-ға, 271,2 мың адамға дейін қысқарды, ал ауылда 0,8%-ға, 179,1 мың адамға дейін өскен.
Гендерлік тұрғыдан алғанда, әйелдердің жұмыссыздық деңгейі (5,7%) ерлер деңгейінен (4,1%) едәуір жоғары, бұл 2012 жылдан бергі ең үлкен айырмашылық. Бір жыл бұрын әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 5,5%-ды, ал ерлер деңгейі 4,3%-ды құраған.
Қазақстанда жұмыссыз әйелдер саны бір жылда бірден 4,3%-ға өсіп, 2022 жылдың үшінші тоқсанында 257,4 мың адамға жетті, ал жұмыссыз ерлер саны 5,5%-ға, 192,9 мың адамға дейін қысқарды.
Дереккөз: Egemen.kz