Қазақ халқында сахна өнері, оның ішінде би өнері бұрыннан ерекше қошеметке ие. Бұл өнер нәзіктіліктің көрінісі. Би халқымыздың мәдениетін қозғалыс арқылы жеткізеді. Тілмен жеткізе алмайтын дүниелерді бимен жеткізуге болады.
Қазіргі таңда би ансамбльдері өте көп. Жеке және өнер мектептерінде де құрылған би топтары бар. Солардың бірі – «Балалар өнер мектебі» МКҚК хореографиялық бөлімінің «Балауса» ансамблі. Ол 2018 жылы құрылды. «Балауса» би ансамблінің жетекшісі – Айдана Өтеген. Ансамбльге балалар алты жастан бастап қабылданады. Би сыныбы бұрын 7 жыл болса, қазір 5 жылдық оқуға көшкен. Бес жыл оқып, балалар сертификат алады. Бітірген түлектер өз қалаулары бойынша кәсіби сыныпқа да қала алады.
«Балаусаның» репертуары ұлттық және заманауи билерден құралған. Бірақ та негізгі бағыты – халық билері. Әр сыныппен жастарына қарай жұмыстанады. Мысалға 1-сынып оқушылары, яғни 6-8 жас аралығындағы оқушыларға жастарына байланысты ырғақты, балаларға арналған билер үйретіледі.
«Балаусаның» жеткен жетістіктері де аз емес. Мысалға алар болсақ, «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Дала сазы» атты байқауда «Хореография» номинациясында Бас жүлде, «LET'S DANCE» облыстық ашық фестивальде 7-8 жас аралығындағы балалар биі номинациясында ІІ орын, ХІ Халықаралық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Волшебный микрофон» өнер байқауында 7-9 жас аралығындағы балалар арасында «Көңілді қояндар» биімен ІІ орынғы ие болды. Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында өткен Халықаралық MEDIA - ЖОБА "ART Silk Way" өнер-мәдениеттер мұрасы атты байқауға барып, "Халық биі" номинациясында «Салтанат» қазақ биімен Бас жүлде, "Дебют" номинациясында «Хорезм» биімен І дәрежелі лауреат атанды. "ART Silk Way" халықаралық медиа-жобасының ұйымдастырушылары хореограф-педагог Айдана Азаматқызын өнерді дамытуға қосқан үлесі, педагогикалық таланты, мақсатқа ұмтылысы және көшбасшылық қасиеттері үшін алғысхатпен марапаттады.
Хореограф Айдана Азаматқызы 2009 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне оқуға түскен. Оқу бітіргеннен кейін Орал қаласындағы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясында «Назерке» халықтық би ансамблінің әртісі болып қызмет еткен. 2013 жылы Челябинск атындағы мемлекеттік университетінде хорография мамандығы бойынша жоғары білім алып шыққан.
– Мен кішкентай кезімнен билегенді ұнатамын. Содан өзімнің тұрған жерімдегі өнер мектебінің би сыныбына бардым. Жалпы өнерге жақын болып өстім. Хореограф болуды армандап, Маңғыстау облысынан Орал қаласына оқуға келдім. Қазір «Балалар өнер мектебінде» шәкірт тәрбиелеудемін. Менің ойымша, биді спорт деп есептеуге болады. Менің балаларды биге шақыратын бір себебім, қазіргі балаларда көп қозғалыс жоқ. Біз тек биді ғана үйретіп қоймаймыз, балаларды өнерге, тәртіпке, өзін-өзі ұстауға үйретеміз. Би тек әдемі билеу емес, жанның сұлулығы, ол өзін-өзі ұстауға үйретеді. Біз көптеген бидің түрлерімен танысамыз. Оның ішінде халықтық билер, заманауи билер және ырғаққа үйретеміз. Балалар көптеген концерттер мен конкурстарға қатысып тұрады. Басқа да жан-жақты балалармен араласып, өздерінің білмейтін қырларын ашады. Өзін-өзі дамытуда бидің көптеген пайдасы бар. Бізде пандемия кезінде көп тоқталыс болды. Ташкентке жолдама алған болатынбыз, бірақ елдегі карантиндік жағдайға байланысты көптеген конкурстарға бара алмадық. Облыстық ашық турнир, конкурс, фестивальдерге барып тұрамыз. «Балаусаның» өнерпаздары әлі де биіктерден көрінетініне сенемін, - дейді ансамбль жетекшісі Айдана Өтеген.
Би үнемі ізденісті талап етеді. Қимыл қозғалыс әуенмен қосылып, көрерменге бөлек әлем сияқты көрінеді. Алдағы уақытта «Балаусаның» мың бұралған бишілеріне бұдан да биік белестерді бағындыруға сәттілік тілйміз.
Айдана Абдрахманова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz