Кез-келген жетістікке жету үшін күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп қана қоймай ұжыммен де тіл табыса білу шарт. Сонда ғана еткен еңбек пен төккен тердің жемісін көре аласыз. Осындай еңбегімен елге танылған азамат – Жасталап Құрманқұлов десек, артық айтқандық емес.
Осыдан 10 жыл бұрын «Ақсайжылуқуат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас директоры болып тағайындалған Жасталап Исламбекұлы талай қиындықты еңсеріп, халықтың алғысына бөленді. Бір кездері жұрттың шағымы көп коммуналды салаға бүгінде көңілдері тоқ. Бірақ бұл жақсылыққа келу үшін талай тер төгілді, қыруар жұмыс атқарылды.
Жасталап Исламбекұлының он жылға жуық осы саладағы қалған қолының таңбасы, табанының айшықты ізі сайрап жатыр. «Ақсайжылуқуат» секілді 300 адамдық үлкен ұжымға басшылық жасау оңай шаруа емес. Әр адамның тамырын тап басып, ебі мен тілін тауып жұмыс істеу үшін асқан шыдам мен табандылық, кәсіби біліктілік керек екендігі рас.
Дегенмен, көпшілік кейіпкеріміздің осыдан он жыл бұрын ауданға уақытпен су беру түсінігін бұзып, халыққа үздіксіз, үзіліссіз су беруін қалыптастыра алған азамат ретінде жақсы біледі.
Жасталап Исламбекұлы, сегіз жылдық мектепті аяқтаған соң Орал ауылшаруашылық техникумына түсіп, агроном мамандығы бойынша білім алады. Отан алдындағы борышын өтей сала, елге келген бозбала еңбек жолын бастап, Ақсу ауылының №2 бригадасында тракторды жөндеу слесары қызметіне орналасады.
Кейін «Агрономия» мамандығы бойынша Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, жоғарғы білім де алады. Жасталап Исламбекұлы "Ақсай нан өнімдері комбинатына" жұмысшы болып қызметін бастап, директордың орынбасары қызметін атқарған.
Алдымен жәй жұмысшы болып, шебер, элеватор басшысы, өндіріс бастығы, кейін директордың орынбасары қызметіне тағайындалады. Мұның барлығы кейіпкеріміздің қабілетінің, жұмысына деген жауапкершілігінің арқасы деуге толық негіз бар.
– 1990 жылы аталған комбинат құрылысы бітіп, іске қосылды. Мен жұмысқа кіргенде құрылысы аяқталмаған еді. Сонда біз жас маман болып меңгердік. Мұндай деңгейдегі құрама жем зауыты Кеңес үкіметі кезінде үшеу болды. Бізде, екінші Ресей Федерациясына қарасты Саратов облысының Озинки ауылында, ал үшіншісі Харьков облысының Изюм қаласында болды. Біз сол қалаға жас мамандар ретінде бас-аяғымыз отыз жас маман оқуға, тәжірибе жинақтауға барып келдік. Біз үшін қаламызда ашылған құрама жем зауыты үлкен жаңалық болды, -дейді кейіпкеріміз.
Расында көшпелі ғұмыр кешіп, төрт түлігін төлежітіп, жан баққан қазақ үшін үлкен зауыттың іске қосылуы тосын жаңалық еді. Дегенмен, жігерлі қазақ жастарының жаңашылдыққа үйреніп, зауыттың алыс-жақын шет елдерге қызмет жасауы мақтаныш еді.
– Көбі ауылда өскен жігіттер, көргеніміз мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы. Сондықтан бізге үлкен жаңашылдық болды. Басында 5-6 түр құрама жем шығардық. Күніне жоспар берілетін. Тәулігіне 5-6 вагон құрама жем шығарып, оны тиеп жіберуіміз керек болды. Тапсырыс бойынша Якутиядаға бұғыларға да құрама жем жіберіп жүрдік. Вагондарға тиеп жібереміз, Лена өзені арқылы өтіп, кейін тікұшақпен құрама жем салынған қапшықтарды жоғарыдан лақтырады екен. Солай бұғылар қоректенетін болды. Одан бөлек, алыс және жақын шетелдердан тапсырыс келіп түсетін. Құрама жемді қантқа ауыстыратын кездерде болды. Өнімді Қызылордаға жіберіп, ол жақтан 12 түйе, күріш алдық. Өйткені, заводтың өзінің шаруашылығы болды. Жүгері таяқшаларында шығардық. Май шығардық, наубайханамыз болды. Ол уақытта мен сияқты 23 жасар жігіт үшін барлығы қызық болды. 30 жаста директордың орынбасары қызметіне дейін, барлық баспалдақтан өтіп көтерілдім. 1996 жылдары жекешелендіру басталғаннан кейін, зауыт тоқырап, барлығымыз жан-жаққа кеттік, - дейді Жасталап Исламбекұлы.
1997-2012 жылдары бірнеше мекемеде басшылық қызметте, кен орнында техникалық қауіпсіздік бойынша инжинер болып, кейін құрылыс саласында біраз жыл қызмет атқарды.
Білім қуған кейіпкеріміз, екінші мамандықтың артық етпейтінін түсініп, 2007-2010 жылдары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агро-техникалық университетінде оқып, инженер-құрылысшы мамандығы бойынша сырттай білім алады.
Ауыл шаруашылығынан да, құрылыс саласынан да хабары бар кейіпкерімізді 2013 жылы аудан әкімдігі жекешелендіру саясатынан кейінгі халі мүшкіл күйде тұрған коммуналдық салаға басшылық етуге шақырады. Жұмысқа кіріскен жаңа басшының алдында халықтың өмір сапасын жақсартумен қатар, 300-ге жуық мекеме қызметкердің 3 айлық жалақысын төлеу міндеті тұрды.
– Мен басшыққа келген уақытта қалаға су жетпейді деп ауыз суды шектеумен беріп тұрды. Көгілдір отынға, жарыққа бережақ миллондап жиналып қалған. Шағынаудандарда кәріз жүейесі жиі бітеліп қалады. Көлік жоқ. Оның ішінде біздің жұмыстарға қажетті экскаватор, кран деген техникалар атымен жоқ. Жұмысшылар күрекпен ғана жұмыс жасайды. Апат болғанда техниканың әркімнен бір сұрап жүретін едік. 15 жылдан аса уақыт өзіміздің кеңсемізде болмады. Осындай мәселелерді ақырындап қалпына келтіріп, шешімін таптық, - деді кейіпкеріміз.
Жасталап Исламбекұлының басшылық қызметімен соңғы он жылда аудандағы коммуналдық салаға көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. Ауыр техникаға қол жеткізуден бөлек, Ақсай қаласының №3 және №4 жылуқазандықтарын бірге қосып, құрылымын қайта құру арқылы №6 жаңа жылу қазандығы іске қосылды. Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін «Бестау су тоғаны» қайта құрылды. Ақсай қаласының 4 және 5 шағынауданындағы жылу трассаларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы шағынаудандарда жаңа жылу қазандығы іске қосылды. С.Датов, Халықтар Достығы көшелері бойындағы кәріз коллектрына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округтердегі жылу қазандықтарының 70 пайызы жаңғыртылды.
– Өмірде елге қызмет еткеннен артық мәртебе жоқ. Қысы-жазы жаныма жалау болып, кез келген жағдайда қолдау көрсете жүріп, өзара түсіністікпен, сыйластықпен жұмыс істеп жүрген әріптестерімнің әрқайсысына жеке-жеке риясыз алғысымды білдіремін. Ауызбірлігі жарасқан ұжымыма айтар алғысым зор. Жұмысшы мамандықтан жетіспеушілігі бұрыннан келе жатқан мәселе. Дегенмен қандай жағдайда болса да жұмысына адал, халыққа сапалы қызмет көрсетуді бірінші міндеті санайтын мекемемдегі әр жұмысшыға рахмет айтамын. Жұмысымыздың алға жүруі аудан әкімшілігінің, аудан басшысы мен орынбасарларының біздің салаға оң көзбен қарауының арқасы деп білемін. Көп жағдайда жергілікті кәсіпорындар да көмек қолын созды. Қанша қиындықтан өттік. Дегенмен жеке өзіме жұмыстың ауыртпашылығы, туындаған мәселені шешу қызықты болды. Есімде, 2014 жылы 1 қаңтар күні «Бестау су тоғанында» болдық. Ауа райының қолайсыздығынан тоғанда жарық өшіп қала береді. Ал, тоғанға жарық берілмесе, қала ауыз сусыз қалады. Сөйтіп, кезекші бригада, жергілікті басшылар екі күн бойы кезекшілікте тұрдық. Сонау 1970 жылы салынған бағандар әбден тозығы жеткеннен кейін осындай мәселе туындады. Көп ұзартпай қайта құру жұмыстарын жүргізіп, тозығы жеткен бағандарды ауыстырдық. Алға қойылған жоспарларымызда көп. Біртіндеп, атқаратын боламыз, - дейді білікті басшы.
Кейіпкеріміз, сонау 1991 жылы Ақсай нан өнідері комбинатында еңбек етіп жүргенде үйленген. Мекеме экономисті болып қызмет атқарған Мәншөк (Есениязова) Кұрманқұловамен көңіл жарастырып, отау құрғанынада 30 жылдан аса уақыт болды. Бүгінде Құрманкұловтар әулеті тамырын тереңге жайған саялы, алып бәйтерек секілді, өскен, өнген әулет. Ұлдан тараған немерелері ата-әжесінің етегіне оралып, алданышына айналып отыр.
Жасталап Исламбекұлының жұрт білетін тағы бір қыры көп кітап оқитындығы. Шаңырағындағы кішігірім кітапханасында түрлі жанрдағы кітаптар, оның ішінде тарихи, әскери кітаптар көптеп жиналған. Жақында ғана кейіпкеріміз, орыс жазушысы Александра Беканың Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Волоколамское шоссе» атты повестін оқып аяқтаған.
Ақыл-парасатымен, талант-талабымен, елге сіңірген еселі еңбегімен еленіп, құрметке бөленген жан, Жасталап Құрманқұлов облыстық, аудандық деңгейдегі түрлі медальдармен, алғысхаттармен марапатталған.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz