26.01.2023, 9:00
Оқылды: 27

Мәңгі майдан

Осхильд Кюлос – норвег ғалымы, баспагер. Абайдың норвег тіліне аударылған кітабын редакциялаған және ақынның биографиясын жазған. Ол 1991 жылы Тронхейм университетін мемлекеттік саясат және басқару мамандығы бойынша тәмамдады. Ал 1994 жылы Осло университетінде әлеуметтік ғылымдар магистрі атанды. 2005 жылы осы ЖОО-да философия бойынша PhD дәрежесін алды. Қазір Норвегия астанасындағы бейбітшілікті зерттеу институтының (PRIO) профессоры.  

IMG-20230126-WA0001

– Осхильд ханым, 2021 жылы қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абайдың «Қара сөздері» норвег тіліне аударылып, Ослода кітаптың тұсаукесері де өткен еді. Сіз бұл еңбектің редакторы болдыңыз әрі Абай туралы өмірбаяндық тарау жаздыңыз. Ал аударған кім?

IMG-20230126-WA0000

– Тәржіма жұмыстары 2020 жылы басталды. Бір жыл ішінде толықтай аударып, 2021 жылы жарыққа шығардық. «Қара сөздерді» Лютфия Бобоёрова есімді тәжікстандық жазушы, әдебиеттанушы тәржімалады. Ол Тәжікстанда әдебиеттану бойынша PhD дәрежесін алып, университетте оқытушы да болған. Яғни Орта Азия әдебиетін жақсы біледі. Кейін Норвегияға қоныс аударған. Қазір біздің елімізде тұрады.

– Абай шығармашылығы сізге қалай әсер етті?

– Жоғарыда өзіңіз айтқандай, мен Абайдың қара сөздері норвег тіліне аударылған соң, редакциялап шықтым. Сондай-ақ оның биографиясын жаздым. Абай теңіздей терең ғой. Сондықтан мен үшін оңай шаруа болған жоқ. Дегенмен, жұмыс барысында бірте-бірте ойшылдың тұңғиығына бойлай түстім. Оның даналығын түсінген сайын өзім де көп нәрсе үйрендім. Бұл жобаға қолдау білдіргені үшін Қазақстанның Ослодағы елшісі Талғат мырзаға алғыс айтамын.

– Қазақтың бас ақынының шығармалары норвегшеден бөлек әлемнің көптеген тіліне аударылды. Сонда оның кереметтігі, ерекшелігі неде, қалай ойлайсыз?

– Иә, Абай – ұлы ақын, әлемдік әдебиет кеңістігінде елеулі орны бар тұлға. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен әлеуметтік мәселелерді көтерді. Сондай-ақ Абай – керемет философиялық сарапшы-аналитик әрі ұлы ойшыл. Абай қазақ даласындағы тыныс-тіршілікті жазғанымен, сөз өнерінде күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды қозғап, жер бетіндегі бүкіл халыққа тән сана-сезімді бейнеледі.

Оның айрықша қасиеті осы. Яғни ұлттық дәрежеде қалып қоймай, адамзаттық деңгейге көтерілді. Менің ойымша, бұған Фирдауси, Науаи, Физули секілді шығыс шайырлары мен Байрон, Гете, Лермонтов, Пушкин тәрізді батыс классиктерін қатар оқып, сіңіруі ықпал етті. Қазақтың бас ақыны ежелгі шығыс мәдениеті мен заманауи батыстың білім жүйесі тоғысқан  жерде өмір сүрді.

– Абай қаузаған тақырыптардың әлі күнге дейін өзектілігін қандай мысалдармен түсіндіріп, тарқатар едіңіз?

– Қазақ ойшылының табиғаттың сұлулығы жөніндегі жырлары, адамдардың жағымсыз мінез-құлқы туралы жазбалары, ұрылар мен алаяқтар немесе махаббат пен мейірім жайындағы шығармалары – бұлардың қай-қайсысы болмасын бүгін де өзекті мәселелер. Абай кез келген қоғамның, тіпті, кез келген отбасының басына түсетін жайттарды жазған. Сондай-ақ ойлы, есті адам болып ғұмыр кешудің қандай жауапты міндет, ауыр миссия екені жөнінде қалам тербеген. Абайдың өмір және адамдардың қарым-қатынасы жайлы көзқарасы қашанда өзекті. Ғұмырымызда қандай жағдай болмасын, яғни бақытты кезімізде де, қиын шақтарда да одан үйренеріміз көп. Әрине, біз өзгелердің жеке өміріне араласып, өз ұстанымдарымызды біреуге таңбауымыз керек. Бірақ әділетсіздік пен надандыққа көндігіп, көз жұмуға, азулының әлсізге қиянат жасауына қарсы тұрмай, қол қусырып қарап отыруға да болмайды. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар ешқашан толастамай, бола береді. Зұлымдық пен қараңғылыққа қарсы арпалысуымыз қажет. Арымыздың алдында да, өзгелердің алдында да таза болуға тиіспіз.

Мұндай тайталас ешқашан тоқтамайды. Яғни адамзат қоғамында, жақсылық пен жамандықтың, әділет пен қиянаттың, мейірім мен зұлымдықтың арпалысы – бітпейтін күрес, мәңгі майдан. Бұл жолда бізге терең білім керек. Сондықтан Абай:

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып,  білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, – деп жырлайды.

– Жақында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сізбен кездесу өтті...

– Иә, Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасының арнайы шақыруы мен үшін мәртебе. Жиында Абай шығармашылығын ондаған жыл бойы зерттеп келе жатқан ғалымдармен танысып, әңгімелестім. Бұл көшке мен енді ғана қосылғандықтан, мықты, білімді ғалым-зерттеушілермен сұхбаттасып, танымымды арттырып, білгенімді көбейттім.

– Қазақ әдебиетінен тағы кімдердің шығармаларымен таныссыз?

– Абайдан өзге қазақ қаламгерлерін оқымаппын. Айтпақшы, Абайдың туысқан інісі Шәкәрім жайлы оқыдым. Оның да терең ақын екенін білемін.

– Сүйікті ақын-жазушыларыңыз кімдер?

– Біраз кітап оқыдым. Басым бөлігін ағылшын тілінде. Солардың арасында ең ұнағаны – британиялық қаламгер Дэвид Митчелдің 2004 жылы жарық көрген «Бұлтты Атлас» («Cloud Atlas») романы. Ал өз ұлтымның ең танымал жазушыларының бірі деп Вигдис Хьортты айтар едім. Ол отбасы құндылықтары жөнінде қалам тербейді. Сонымен қатар норвегиялық сөз зергерлерінен Ларс Соби Кристенсенді сүйіп оқимын. Ол – 12 романның және көптеген әңгіме мен өлеңнің авторы.

– Әдебиет және ғылым төңірегінде ой-пікіріңізді ортаға салдыңыз. Жалпы, кітап оқудың маңызы қандай?

– Кітап оқу адамды интеллектуалдық тұрғыда дамытады. Кітап – тілсіз ұстаз. Сонымен бірге оқыған шығармамызды көпшілікпен талдап, талқылау өзімізге де, өзгелерге де пайдалы. Менің отандастарым кітапты көп оқиды деп сенімді түрде айта аламын. Норвегиялықтардың көбі детектив жанрындағы шығармаларды жақсы көреді.

– Сіз Ослодағы бейбітшілікті зерттеу институтының (PRIO) профессорысыз. Әлемде тыныштықты сақтау үшін не істеуіміз керек?

– Иә, этносаясат, конфликтология, егемендік, қауіпсіздік, басқару технологиясы мәселелерін біраз жылдан бері зерттеп келемін. Сұрағыңызға ең түсінікті әрі қарапайым жауап қатар едім. Елдер мен үкіметтер өзге мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау керек. Басқа жұрттарға орынсыз талап қойып, айыптай бергенше, өз еліндегі қордаланған мәселелерді шешуге көңіл бөлгені жөн. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді қалыптастыруға зор үлес қосатындай қауқары  бар. Бірақ, өкінішке қарай, халықаралық медия саласы билік пен саясаткерлердің ықпалынан шыға алмайды. Бұқаралық ақпарат құралдарына иланбай, сенімді әрі рас ақпаратты қайдан алатынымызды білмеуіміз – қауіпті жағдай. Бізге адалдық, әділдік керек.

– Сіздің ойыңызша, адамзаттың келешегі қандай болады?

– Байырғы аңыз-әңгімелерге мән беріп, онда қандай болжам айтылғанын зерттеуіміз керек. Өйткені ел аузындағы әфсаналарды халық жүздеген, бәлкім, мыңдаған буын алмасса да, ұмытпай, жадында сақтап келген. Демек, уақыт сынына төтеп берген фольклор үлгілерінде белгілі бір деңгейде ақиқат  болуы ықтимал. Көптеген ұлттың аңыз-жырындағыдай,норвег ауыз әдебиетінде де болашақта соғыстар, жауыздық, бейберекетсіздік (хаос) болатыны жөнінде жорамалдар көп. Адамзаттың үлкен қателігі де – осы. Әйтсе де, үміттің жарық сәулесі де бар. Себебі жер-дүние қирап қалғаннан кейін аз ғана адамдар тобы тірі қалады да, бұл жаңа дәуірдің бастауы болмақ.

– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?

– Норвегия мен Қазақстан арасындағы әдеби-мәдени байланыстар дами түссе екен. Қазақ еліндей әдемі, таңғажайып мемлекет жөнінде әлі де кеңірек біле түскім  келеді.

Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале