26.01.2023, 10:15
Оқылды: 121

Тоғыз ай емделген тиімді

Медициналық оңалту – адам ағзасының қызметі бұзылған жағдайда жартылай және толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызмет кешені. Оңалтудан өту үшін қай мекемеге жүгіну керек? Медициналық реабилитация неше кезеңнен тұрады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде сейсенбі күні «Арба» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен  «Медициналық оңалту: кезеңдері, әдістері және түрлері» атты семинар-тренинг өтті.

3f7bcc70-1829-4652-ba58-0ab0e2610b16

«Uniserv» медициналық клиникасында ұйымдастырылған жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың дені оңалтудан өту қажеттігін білмейді. «Олар оңалту курсы қай кезде тағайындалады? Ем-шара тиімді ме? Оңалтуға күрделі отадан өткеннен кейін бірден бару керек пе? Ол үшін қайда жүгінсем болады?» деген сұрақтарды жиі қояды. Бүгінгі жиынды сол сауалдардың жауабын білу үшін ұйымдастырып отырмыз, – деді «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Гүлмира  Батпақұлова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманованың айтуынша, медициналық оңалтуға жолдама аурухананың немесе емхананың, яғни медициналық мекеменің мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша реабилитологтың ұсынысымен беріледі. Облыстағы медициналық мекемелерде оңалтуға арналған 433 төсек-орын болса, оның 137-сі балаларға арналған. Медициналық оңалтудың бірінші кезеңі хирургиялық отадан кейін қарастырылған. Егер науқас инсульт алып, ауруханаға түссе, сол аурухананың стационарында реабилитацияның бірінші кезеңінен өтеді. Оңалтуға арналған стационарлық төсек-орындар облыстық, қалалық көпбейінді ауруханада және облыстық кардиологиялық орталық пен облыстық көпбейінді ауруханада бар. Науқасты отадан кейін емдеуге жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және диагноз бойынша негізгі ем-дом аяқталған соң оны оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жібереді. Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде, көпбейінді стационарлардың кешенінде өтеді. Курстың ұзақтығы және оның жиілігі науқастың жағдайының ауырлығына, диагнозына және басқа да факторларға байланысты. Реабилитацияның үшінші кезеңі амбулаториялық-емханалық мекемелерде, күндізгі және тәуліктік стационарларда, санаторий-курорттық ұйымдарда жүргізіледі. Былтыр өңіріміз бойынша 700 бала облыстық балалар ауруханасы кешеніндегі «Қамқорлық» оңалту орталығына барып, ем-шара қабылдаған. Оңалту курсы негізінен науқас инсульт пен жүрек талмасын басынан өткергенде немесе жол апаты кезінде жарақат алғанда, сондай-ақ коронавирустан сауыққанда тағайындалады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға да ем-шара қарастырылған. Облыста коронавирустан жазылған науқастардың 500-і оңалтудан өтіпті.

Облыстың штаттан тыс бас реабилитологы Маржан Жанбозованың айтуынша, медициналық көмектің кез келген түрін алу секілді оңалту қызметтерінен өту үшін тіркелген жері бойынша емханадағы учаскелік дәрігерге жүгіну қажет. Емдеуші дәрігер реабилитологқа немесе мамандардың мультидисциплинарлық тобына кеңес алуға жібереді. Олар науқастың жағдайын зерттейді, аурудың барысын ескере отырып, жоспарланған оңалтудың қажеттілігі мен тиімділігін бағалайды. Алғашқы оңалту диагнозын жазып, қалпына келтіру жоспарын, курстың ұзақтығын анықтайды. Амбулаториялық, стационарлық жағдайда немесе шипажайда оңалту курсынан өту ұсынылады. Содан соң науқас жоспарлы тәртіппен «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы құжатын рәсімдейді. Маржан  Қажымқызының мәліметінше, отадан өткеннен кейін тоғыз ай ішінде оңалту курсынан өту тиімді. Ал тоғыз айдан кейін реабилитацияның тиімділігі аз болмақ. Сондай-ақ жиында Орал қалалық №1 емхананың дәрігер-реабилитологы Саида Жұмағалиева өзі қызмет ететін емханадағы оңалту орталығы туралы айтты.

Онда былтыр 864 оралдық тұрғын амбулаторлық  деңгейде емделген. Оның 267-сі неврологиялық бағыт бойынша, 456-сы жарақат алған соң және 141-і жүрекке ота жасатқаннан кейін орталыққа жүгінген. Күндізгі стационарда 85 адам ем-дом қабылдапты. Оңалтудан өткендердің 130-ы – бала. Олардың 50-і церебральды сал ауруына, 11-і Дауна синдромына және 14-і аутизмге шалдыққандар.

Реабилитолог-дәрігерлер тұрғындардың арасында екі-үш апта оңалтудан өту үшін шетелге баратындарға кеңесін айтты. Яғни шетелдегі ауруханаларға барсаңыз да, 15-20 күнде нәтижелі ем қонбайтынын жеткізді. Сауығып шығу үшін алғашқы тоғыз айға дейін оңалтудан өтіп және науқастың өзі де бар күшжігерін жинап, жаттығу жасай беруі қажет. Әсіресе, инсульт алғандардың киімін өздері киіп, жиделерінің тиектерін салып, есікті құлыптаудан бастап күнделікті тұрмыс-тіршілік дағдыларына қайтадан бейімделуге тырысқандары абзал.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале