27.01.2023, 11:29
Оқылды: 62

87 борышкер алимент төлемей жүр

Бұл жөнінде облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Естай Рашқалиев хабарлады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Естай Елтайұлы былтырғы атқару өндірісінің қорытындысы туралы баяндады. Спикер алимент төлемдерін өндіру төңірегінде қордаланған мәселе бар екенін айтты. 

WhatsApp Image 2023-01-26 at 11.46.15

Рашқалиевтің мәліметі бойынша 2022 жылы облыстың сот орындаушыларының өндірісінде алимент төлемдерін өндіруге қатысты 12 116 атқару құжаты болды. Оның ішінде 1851 өндіріс аяқталып, 1265 атқарушылық іс жүргізу құжаты келесі есептік кезеңге, яғни 2023 жылға өтті. 7113 атқару өндірісі бойынша борышкерлердің жалақыларынан, зейнетақыларынан немесе өзге де табыс көздерінен берешек ұсталынуда. Алимент төлемдерінен жалтарған 87 борышкерге іздестіру жарияланған.

2692 борышкер алиментті өз еркімен төлесе, берешегін мүлдем төлемейтіндерге қатысты 460 құжат тіркелген. Сот орындаушылар жалпы 180 борышкерге, оның қатарында алимент төлемейтін 143 адамға ел аумағынан шығуға уақытша шектеу қойды. Естай Рашқалиевтің айтуынша, алимент өндіру бойынша арыз иелерінен де, борышкерлерден де өтінімдер түседі. Бұл бағытта біраз түйткіл бар. Алименттің уақытылы өндірілмеуі, қарыздың өсуі, борышкердің ресми түрде жұмыс істемеуі, табысын көрсетуден жалтаруы, оны іздеген кезде тұрғылықты мекенжайында болмауы – сот орындаушысына үлкен кедергі. Медиациялық келісімнің нәтижесінде кейбір істің шешімі табылып, өндірістен қысқарып жатады.

– ҚР Әділет министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен бұйрықтарына сәйкес алимент төлемдері бойынша үш айдан астам уақыт берешегін төлемеген борышкерлерді жұмыспен қамту шаралары қолға алынды. Былтыр алимент төлей алмаған 612 борышкер жұмыспен қамту орталығына жолдадық. Оның 308-і жұмыссыз ретінде тіркелді. 118 борышкер жұмысқа орналасты. Есепті кезеңде тоғыз бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Полиция құрылымдарымен бірлесіп «Борышкер» акцияларын тұрақты жүргіземіз, – деді Естай Рашқалиев.

Облыстық әділет департаментінде қызмет ететін 11 мемлекеттік сот орындаушысы алимент төлемдері мен жалақыны өндіру және мүліктерді тәркілеу, мемлекет пайдасына өндіру бойынша сот актілерін орындайды. Одан бөлек 81 жеке сот орындаушы есепте бар. 60 жеке сот орындаушы Орал қаласында қызмет етеді. Сот орындаушылар былтыр мемлекет пайдасына 718 613 928 теңге мәжбүрлеп өндірген. Әділет департаменті мен полиция құрылымдары сот актілерін орындамаған 249 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның 78-іне әкімшілік айыппұл салынса, 168-і қамаққа алынды. Борышкердің 3-еуіне ескерту түріндегі жаза қолданылды.

Брифингте әділет департаменті басшысының орынбасары Бақтыгүл Агилманова 2022 жылы «Неке және отбасы» туралы кодекске енген өзгерістер туралы баяндады. Өзгеріске сәйкес некеге тұруға өтініш беру мерзімі 1 айдан 15 күнге қысқарды. Былтыр облыс бойынша 4313 азамат неке туралы куәлік алған. Оған қоса әділет құрылымдары 12810 нәрестені тіркеген. Департамент дерегі бойынша өңірде 5583 адам дүниеден өткен.

– Аталған кодекске енгізілген өзгерістің бірі – басқа құрылымдар мен ұйымдарға тапсыру үшін туу туралы, неке туралы, некені бұзу және қайтыс болу туралы куәліктерді тіркеуші мекемеден қағазға басылған құжат ретінде алып келу талап етілмейді. Адамның қайтыс болғаны туралы куәлікті марқұмның кез келген туысы «Электронды үкімет» порталынан электронды хабарлама түрінде алады. Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық құрылымдар мен ұйымдар бұл электрондық хабарламаны қабылдауы тиіс. Сондай-ақ бала туған кезде медициналық мекемелер бір күн ішінде тіркеуші құрылымға хабарлауы керек, – деді Бақтыгүл Агилманова.

Нұрлан Ғаппар,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале