27.01.2023, 13:01
Оқылды: 132

Жас ақындардың жан әлемі

Кеше Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мен Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының ұйымдастыруымен «Үш тілек. Үш жүрек. Үш үміт» атты поэзия сағаты өтті. Бұл кеште Меңдібек Лұқпанов, Әнуар Аманжолов және Нұршат Тұрсынхан секілді жас ақындар өлеңдерін оқып, идея-ойларымен бөлісті.

2

Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғайсағали Сейтақ сөз алып, жас ақындарға сәттілік тіледі.

- Үш ақынның да өлеңдерін оқып шықтым. Меңдібек Лұқпанов

«Жетім ойлар санамда жүр сандалып,

Жетім қыздың жанарындай жәудіреп» немесе

«Гүлдің тілін түсінгенмен жердегі,

Түннің тілін түсінбейсің сен деген» деп сүйгеніне наз айтады.

«Көктем неге Жайыққа кеш келеді?

Осы жұрт сол көктемнен сескенеді.

Сабағы көктем жетпей үзілген гүл,

Салады сені, сәулем, еске үнемі...» немесе

«Солай, солай... ...жоғалады ақындар.

...Өлең болып оралады ақындар!» деп толғанады. Әнуар Аманжолов болса, «Жасымызды ішке тартып,

Сезімдерді сыртқа теуіп.

Жүрекке мұң түскен артық,

Сағынышпен сырқат едік» немесе

«...Өңім – аяз, ішім – мола,

Құшағыңмен өртеп жібер.

Жоқ болайын мәңгілік...» деп ыстық махаббатты жырлайды. Нұршат Тұрсынхан «Түбінде бізді бұл тағдыр қоспайды ертең,

Түбінде бізден бір парақ өлең қалады...» дейді. Үш ақын да болашағынан зор үміт күттіреді. Жастарға үйренетін үлгі көп. Өлеңді түрлендіруге болады. Кейінгіге бір парақ қана өлең емес, том-том кітаптары қалсын, – деді Ғайсағали Сейтақ.

Кеш барысында жас қаламгерлер «Жұмыс пен шығармашылықты қатар алып жүру қиынға соқпай ма?», «Кімді оқып жүрсің?», «Сапалы әдеби орта қалыптастыру үшін не істеу керек?» секілді сауал-сұрақтарға кезекпен толыққанды жауап қатты. Сигватолла Ешкаев, Дамир Қайырлиев және Әділ Ахметов «Кетіп барамын...», «Таптым-ау сені», «Жан сырым» атты романтикалық әндерді нақышына келтіре орындады.

– Мен жастармен қашанда тығыз қарым-қатынастамын. Үшеуін де бұрыннан білемін. Меңдібек поэзияға тән теориялық құрылымдарды іздей білетін, оны өлеңмен байланыстыра алатын ақын. Әнуардың жырларында жалғандық жоқ. Ол көзбен көріп, жүрекке сіңіргенін сол күйінде жазады. Нұршаттың да аяқ алысы қуантады. Әркімнің талғамы әртүрлі. Әр оқырманның өзінің жанына жағатын поэзиясы болады. Әр қаламгердің өз оқырманы бар. Кей сәтте адам өмірден өзін іздейді. Өз-өзін поэзиядан тауып, рухани күш алуы мүмкін. Үшеуінің арасында бір үндестік бар. Бұдан бір-бірінің өлеңдерін оқитынын, бір-бірін құрметтейтінін аңғарамыз, – деді Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жиембет жырау атындағы сыйлықтың иегері, «Ақберен» ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы.

3

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Талғат Мықи поэзия сағатын қорытындылап, жастарға орталық директоры Бауыржан Халиолланың алғысхаттарын табыс етті.

Меңдібек Лұқпанов, Облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегер-жеңімпазы, Тасқала аудандық білім беру бөлімінің әдіскері, жас ақын:

Жұмыс пен шығармашылықты қатар алып жүру, әрине, қиын. Кейде кеудедегі бұлқынысты қағазға түсіруге үлгермей қаламыз. Жаныңа тыныштық қажет кезде қызу жұмыс басталып кетеді. Сондай сәттердің талай өлеңнің өмірге келуіне кедергі болғаны анық. Талай ақынды жұмысбастылық тұншықтырып, шығармашылықтан алыстатып әкетті. Өлең – бөлек сәт, бөлек әлем. Ол өзіне жанкешті, дүниені тәрк ете алатын батыл жүректі іздейді. Екеуін де қатар алып жүрген ақындар бар шығар, дегенмен ол – қиынның қиыны.

«Екі оттың ортасында жүрмін...

Жазмыш пен тағдырдың,

Өмір һәм өлеңмен.

Нөсер мен жаңбырдың,

Қиын ғой дегенмен...» деп басталатын өлеңімде сондай сәттер бейнеленді.

Әнуар Аманжолов, Тайпақ мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас ақын:

Әдебиет дегеніміз – шексіз қозғалыс. Үнемі өз-өзіңді жетілдіріп отыруың керек. Мен ешқашан эксперимент жасаудан қашқан емеспін. Керісінше әр салада өзімді сынауға тырыстым. Бұрын лирикалық бағытта көп жазатынмын. Бүгінде азаматтық және философиялық лириканы жазуға талпынып жүрмін. Француз ақыны, сюрреалистік бағыттың негізін қалаушылардың бірі Гийом Аполлинердің бір кітабын түгел аударып шықтым. Оған 7 ай уақытым кетті. Бір ай іштей дайындалдым. Алдағы уақытта аудармаларды оқырман назарына ұсынамын.

Кейінгі уақытта прозаға деген қызығушылығым оянды. Проза жазғым келді. Себебі, өлеңге сыйғыза алмайтын ойлар болады. Соны проза тілімен айтуға құлшындым. Сөйтіп, проза жазуға өзімді дайындай бастадым. Бірқатар жазушының шығармашалығын зерттедім. Кітап дүкенінен жапон жазушысы Харуки Муракамидің «Писатель как профессия» кітабын сатып алып, оқып шықтым. Содан кейін бойдағы сенімсіздік жойылып, алғашқы әңгімемді ойдағыдай аяқтадым. Бүгінге дейін жеті әңгіме жаздым. Бір-екі күн бұрын бір повестің соңғы нүктесін қойдым.

Нұршат Тұрсынхан, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті, жас ақын:

– Мен кітаппен жақсы доспын. Кейінгі уақытта поэзиялық туындыларға қоса, прозалық туындыларды да іздеп оқимын. Қатарластарымның шығармашылығын бақылап отырамын. Аға буын өкілдерінің де жыр жинақтарын парақтаудан жалықпаймын. Қазіргі уақытта жас ақын Роза Аспанқызының өлеңдерін оқып жүрмін. Бауыржан Қарағызұлы, Батырхан Сәрсенхан, Ақжол Түменбай, Нұрболат Жолдасбек, Бауыржан Мырзақұл, Әсел Кәрібай секілді ақындардың шығармашылығы жаныма жақын. Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Есенғали Раушанов секілді қабырғалы қаламгерлер – қайталап оқитын авторларым. Орыс әдебиетінен Анна Ахматова, Марина Цветаева, Владимир Маяковский және Сергей Есениннің өлеңдері ұнады.

Марлен Ғилымхан,

Қадыр Мырза Әлі атындағы

мәдениет және өнер орталығы

ақпарат бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале